Қазір Қаратау қаласында 100 — ден аса көше бар. Ол кімнің атымен немесе қалай аталады?
Сіз тұрған көше атауы
Қазір Қаратау қаласында 100 — ден аса
көше бар.
Ол кімнің атымен немесе қалай аталады?
Соған аз-кем тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, өзіміз тұрған көшенің атауын білгенімізбен, сол көшеге есімі берілген тұлғаның кім екенінен бейхабар болуымыз да мүмкін ғой.
Мұны да туған өлке тарихының бір парасы деп қабылдаған жөн шығар.
Төле би атындағы көше
Мир көшесі Қаратау қаласы әкімінің 1992 жылғы №73 шешімімен Төле би көшесі болып ауыстырылды.
Төле би Әлібекұлы-қазақтың аса ірі қоғам қайраткері, Ұлы жүздің атақты биі және күллі қазақтың беделді «Орда биі». Қазақтың әдет-ғұрып заңдарының тәртібі мен ережелерінің далалық кодексі-«Жеті жарғы» заңдар жинағы авторларының бірі, біртұтас қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған идеологтардың бірі. «Ақтабан шұбырынды» болған сұрапыл жылдары жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті басқарушылардың қатарында болып, өзінің сұңғыла елшілік қабілетін танытты.
Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Жайсаң деген жерде дүниеге келген. Ұлы жүздегі ең ірі тайпалардың бірі үйсін атауымен Төле би Үйсін Төле би деген атпен әйгілі болған. Үйсіндердің өздері Жаныс Төле би деп те атаған. Ол Ұлы жүз ханы Жолбарыс қайтыс болған соң Ташкентті алты жыл бойы басқарады.
Көптеген айғақтар бойынша ол 1756 жылы қазіргі Түркістан облысы Ленгір ауданы Ақбұрхан ордасында қайтыс болды. Сүйегі Ташкент қаласына қойылған.
Қазыбек би атындағы көше
Қаратау қаласы әкімінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен Советская көшесі Қазыбек би көшесі болып өзгертілді.
Қазыбек Келдібекұлы 1667 жылы Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келген. Балалық шағын Қаратау мен Ұлытауда өткізді.
14 жасында қазақ елшілерімен бірге Жоңғар ханы-Сыбан Раптанмен келіссөз жүргізуге аттанды. Өзінің батылдығының және шешендігінің арқасында халықтан ұрланған мүлікті елге қайтарып, тұтқындарды босатты. Оның шешендігіне таң қалған Сыбан Раптан болашақ биді «қаз дауыс» деп атады. Бұл ат Қазыбек бидің өмірінің соңына дейін сақталып қалды. Бұдан кейін де дипломатиялық сапармен Жоңғар хандығына бірнеше рет барған. Осындай сапарының бірінде тұтқынға алынған Абылай ханды босатады. Сондай-ақ, келіссөз нәтижесінде Түркістан қаласы мен қазақтың 32 елді мекенін жаудан азат етті. Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің бас биі етіп тағайындаған.
Атақты би 1764 жылдың желтоқсанында Семізбұға тауының етегінде қайтыс болады. Оның баласы киіз үй салып, әкесінің денесін төрт ай бойы осында ұстаған. Қыс кеткен соң мәйітті Түркістанға жеткізіп, А.Яссауи кесенесіне жерлейді.
Әйтеке би атындағы көше
Қаратау қаласы әкімінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен Маяковский көшесі Әйтеке би көшесі болып ауыстырылды.
Әйтеке Байбекұлы-кіші жүзден шыққан қазақтың атақты би-шешені. 1644 жылы Өзбекстанның Қазбибі тауында, Қызылша ауылында дүниеге келген. Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртын бір орталыққа бірігуіне, біртұтас ел болуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан тұлға.
Қазақ даласына көз тіккен көрші мемлекеттерден қауіптенген Әйтеке би Түркістанда өткен іргелі жиынның бірінде, шекара аймақтарында: «Әскери соғыс әдісіне үйренген жасақтар ұстайық, шекараға таяу ауылдарды ішке көшірейік»,-деген ұсыныс тастайды. Ол 30 жасында Кіші жүздің бас биі болып, Тәуке хан құрған Хан кеңесінің мүшелігіне қабылданды.
Әйтеке би өмірінің соңғы жылдары Хан Кеңесін тастап, Нұрата маңындағы өзінің туған жеріне жетеді. 1700 жылы 56 жасында қайтыс болады.