ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Қазақ халқының айтулы кемеңгер билерінің бірі — Қаз дауысты Қазыбек би Сырдария жағалауында дүниеге келіп, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Қазыбектің әкесі Келдібек те кезінде елді аузына қаратқан би болыпты.
Қазыбек есімі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары екі елдің арасын бірістіруші батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде әйгілі болған. Қалмақ ханына елшілікке барғанда жасқанбай өз ойын жалынды сөздермен бұршақтай жаудырып, мірдің оғындай өткір сөздерімен жоңғар ханының аузын аштырмай тұтқындағы ұл-қыздарды босатып алады. Қалмақ ханы Қазыбектің саңқылдағын даусына орай «Қаз дауысты Қазыбек» деген ат береді.
Қаз дауысты Қазыбек бидің толғаулары, нақыл сөздері, өмірдегі сыйластық, татулық, қадір-қасиет, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға арналған. Мысалы, «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген сұраққа Қазыбек би аса тапқырлықпен былай жауап берген екен:
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Алдыңа тартқан адал асын —
Қимас жақын қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын,
Адал болса досың жақын.
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын.
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың — әкең қымбат.
Мейірімді — апаң қымбат,
Туып өскен өлім қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын
Шанышқылаған сөз қиын,
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.