Қазығұртта 15 түрлі көшет өсіріледі
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылы барлық аудан шаруаларына: «Сіздерді өңірдегі барлық мүмкіндікті пайдалануға шақырамын», – деген болатын. Аймақ басшысының бастамасын облыстағы шаруалар ұзаққа созбастан қолға алған екен. Мысалы, өңірдегі Қазығұрт ауданы таулы өңір. Сондықтан болса керек, аталмыш аймақ өзге өңірлерге қарағанда салқын. Сөйте тұра, қазығұрттық шаруалар Еуропадан, Италия, Түркия, Голландия мемлекеттерінен жаңғақ пен 15 түрлі алма сорты және жүзім көшеттерін әкеліп егіпті. Есесіне, оның оңды нәтижесін көріп, облыс әкімінің мол өнім алу жөніндегі тапсырмасы да орындалып отыр.
Мысалы, бұған дейін ауданда жалпы көп жылдық екпелер 2300-ден астам гектарды құрайды, оның ішінде 600 гектарға жуығы жүзім болып отыр. Ал биылғы жылы өнім берген егінжай аумағы – 1200 гектар. Яғни бақшаның бұрынғы көлемінен екі еседей аз. Әйтсе де, ағаштардан орташа есеппен 24 мың тонна жеміс жинаған. Ал 413 гектар жүзімнен 6400 тонна өнім алған. Мұның бәрі де сапалы көшет егудің пайдасы.
Көп өнім алған кооперативтің бірі Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы «Аманкелді» ЖШС базасында шілде айында құрылған «Аман Агро Сервис» жемістерді сақтау және дайындау ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Қанатын бес ауданға жайған кооперативтің 38 мүшесі бар. Сол біріккен шаруалардың 25 мыңнан астам жері бар. Олар Сарыағаш, Сайрам, Қазығұрт аудандары мен Арыс, Шымкент қалаларында. Алқаптың 30-40 пайызы осы «Аманкелді» шаруа қожалығының меншігі. Алдағы уақытта аталмыш кооператив жеміс-жидектердің өзге де сапалы сұрыптарын алып егуді көздеп отыр. Иә, сапа бар жерде, өнім бар.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.