Қазығұртта бағбандар биыл 24 мың тонна жеміс жинады
Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазығұрттық шаруалар жемістің әр гектарынан 20 тонна өнім алды. Бұл туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында айтты.
Оның айтуынша, ауданда жалпы көп жылдық екпелер 2300-ден астам гектарды құрайды, оның ішінде 600 гектарға жуығы жүзім болып отыр. Ал биылғы жылы өнім берген 1200 гектар жеміс ағаштарынан орташа есеппен 24 мың тонна өнім алса, 413 гектар жүзімнен 6400 тонна өнім алған.
Осындай өнім көлемін арттыруға септігін тигізген кооперативтің бірі Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы «Аманкелді» ЖШС базасында шілде айында құрылған «Аман Агро Сервис» жемістерді сақтау және дайындау ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Ауқымы бес ауданды құрайтын кооперативтің 38 мүшесі бар. Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының шаруалары біреккен өндірістік кооперативтің 25 мың гектардан астам жері бар. Оның 11 мыңнан астам жері яғни, 30-40 пайызы осы «Аманкелді» шаруа қожалығына тиесілі.
Оның 500 гектары қарқынды бақ болса, олардан биыл 2 мың тоннадан астам жеміс жиналған. Ал олардан алынған өнімдердің жартысы Ресейге экспортталды.
Бүгінде кооперативке біріккен шаруалар серіктестіктің 2 мың тонналық жеміс-жидек тоңазытқышы бар қоймасын, кеңейтіп қайта жарақтандырып отыр. Мұнда сонымен қоса, Еуропадан, Италия, Түркия, Голландия мемлекеттерінен әкелінген жаңғақ пен 15 түрлі алма сорты және жүзім көшеттері өсіріледі. Сондай-ақ, кооператив мүшелері келешекте жемістерді өңдейтін цех ашуды да жоспарлап отыр.
Оңтүстік қазақстан облысы