ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯЛАР
Ұлттық мереке — Республика күнінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауданымыздағы бірқатар көнекөз қарияларымыздың шаңырағына арнайы барып, ұлық мерекемен құттықтады. Әуелі ауданымыздың Құрметті азаматы, ардагер журналист, ауданның әдеби-мәдени өміріне елеулі еңбек сіңірген Ахметжан Қосақовтың әулетінде болып, ақ бастасын алды. Ұзақ жылдар бойы аудандық басылымды басқарған ақсақалды Республика күнімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Сонымен бірге, аудан орталығында тұратын Болатбек Өксікбаев ақсақалдың сәлемін алып, мерекеге орай қуанышын бөлісіп қайтты. Бар ғұмырын мемлекеттік қызметке, ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған Болатбек атаға “Шу ауданының Құрметті азаматы” атағын арнайы табыс етіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. 1972 жылдан бастап 2011 жылға дейін Шу өңірінде қызмет еткен атамыз мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткенін де айта кету керек. Үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған ақсақал да мерекеге орай өзінің ризашылығын білдіріп, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы тұрақты болсын деген тілегін жеткізді.