Əке, аяғымнан сыз өтті білесіз бе?

Гүнай Текин

«Тағдырлар»

      Əке!… Лейлаңызды ұмытып кеттіңіз бе?  Ұмытпадыңыз, менің тағдыр ауыртпалығымды бірге көтеуге шамаңыз жетпеді. Бір тал лала гүліңізден шын бездіңіз бе?  Анамның көз жасы көл болып, екі көзі төрт болып сізді тосумен жүр. Сіз  мынау бір қоңыр есіктен шығып  кеткелі бақандай 9 жыл.  «Ат айналып қазығын табар, есікті қайта бір қағар «-деп, үміттенеміз. Үміттің де уақыт өткен сайын құны кемиді екен.  Біздің жанұямыз əлі де шайқалмайтын болар, өткен істің сіз оралсаңыз орны толар…

Мен өзімді анамның алдында ылғи  кінəлі сезінемін. Мен үшін анам екеуіңіздің араларыңыз суығандай көрем. Сезімдеріңізден мен  жаралдым. Жандарыңызды азапқа салдым. Сол үшін өзімді кінəлап келем. Мен анамның көз жасын көрген сайын өзімді жек көремін.

Əке! Мен  сал ауруымен өмір есігін аштым. Алғашқы екі жыл мені жазылар деген үмітпен өмір сүрген екенсіздер.  Үйде сіздің құшағыңызда түскен суреттер көп. Қабырғада да ілуі тұр. Əр кеште сол сурет менің сырласым болып келеді. Ішімдегі ашы мұң мен азапқа  толы жайымды сізге айтамын.

Биыл біз жақта қар қалың жауды. Шатырымыз тесілді. Үйдің ішіне су тамшылап, мазамыз қашты. Анамның да күн өткен сайын жүзінен əрі кетіп, жағы су алып барады. Мені бағам деп, жұрттың үйін тазалаумен айналысады. Мен көрші Əсия əпкенің қасында көп болам. Ол кісіні жұрт ақылы кем дейді. Менсінбейді. Жоқ. Ол ондай емес . Ол менің анам сияқты  маған қамқор. Қасынан қалдырмайды. Шатырдан су кеткенін де біздің шатырдың түнекесін өзі ауыстырды. Екі ай қыста жылуға көп қарыздар болып, жылуымызды қырқып тастады. Əкесіз қиын… Ер адамдар анамның сөзін тыңдамайды да. Анам жағдайды айтып  шырылдаған сайын менің жүрегім тілініп кетеді.

Əке!… Жансыз аяғымнан сыз өткендей сезінемін. Денем жиі тоңады. Əсия əпкенің тоқ пешін қосып отырмыз. Ол бөлмені жылытуға қауһарсыз. Менің жүрегім сияқты, сізсіз жылылық сезбейтін. Əке, лала гүлдер бүршік жарғанда келесіз бе? Қайдасыз? Сізді менің жайым алаңдатпай ма? Анамды аямайсыз ба? Мен  сізді бір көре алсам, сізді əкелер едім. Сіз кеткенде,  мен — тілсіз едім. Мұңсыз едім. Қоңыр есіктің тарс жабылғаны, анамның ебіл-дебіл жылағаны еміс -еміс есімде. Бес жаста едім. Тағы бір ұзақ тексерілуден келген кезіміз еді. Сол оқиғадан соң, алты  жасымда тілім шықты.

Бір келіңізші! Сосын сізді құшақтаған күйі сізден бір сəтке де ажырамас едім.  Көңілімдегі  сан  сұрақты қояр едім.  Лала гүлдер мезгіл мен сізді жылдағыдай тағы бір рет күтемін, əкешім!..

Түрік тілінен аударған  Мейірхан Мейрамбекұл