Адамды тән сұлулығы үшін ғана емес, үлкен жүрегі, жан сұлулығы үшін сүйеді

-Әке, — деді Гүлбаршын сұлу.
-Мен бүгіннен бастап гүл бағымда боламын. Сіз айттыра келгендерге: «Жақында үлкен қайғыға тап болдық. Қызым қазір мүгедек. Қызымның аяғы жоқ, көзі соқыр, құлағы керең. Кіріптар жанды алам десеңдер өздерің білесіңдер» — дерсіз.

Гүлбаршынның даңқын естіп, батырмен құда болғысы келген талай бекзада, бай-шонжарлар қаптап келіп жатты. Ерден батыр қызының тапсырмасын мүлтіксіз орындап, әлгі сөзді айтудан танбады.
-Ондай кеспекті қайтеміз ? — десіп құда түсе келгендер өз жайларына кетіп жатты.

Осылайша адам аяғы сирей бастады. Бүйте берсе қызы жалғызілік отырып қалуынан қауіптенген Ерден батыр, өз күдігін Гүлбаршынға айтқан еді, ол күлді де қойды.
-Әке, бұйыртқан — қашса да құтылмайды, бұйыртпаған — қусаң да жеткізбейді. Бір бұйыртқаны болады да, — дейді.

Қызының сөзі шынында расқа айналды. Жау қашырған ерлігімен көзге түсе бастаған жас арыстан Байсал батыр бір күні Ерденге келіп:
-Батыр, еңіреген ер еді деп, жалғыз қызыңды қиятын болсаң, кіремін үйіңе. Әйтпесе, осы жерден ат басын бұрамын, — дейді.
-Балам, үлкен қайғыға ұшырадық. Қызымның көзі соқыр, аяғы ақсақ, қолы шолақ, құлағы керең.
-Жүрегінің дүрсілі бар ма?- дейді Байсал батыр.
— Жүрек дүрсілінен не пайда, мүгедек болғасын, ұлым?
— Адамды тән сұлулығы үшін ғана емес, үлкен жүрегі, жан сұлулығы үшін сүйеді, әке. Қызыңызды маған қиыңыз.

Ерден батыр жас жігітті үйіне шақырып, қонақ етеді. Гүлбаршын сұлу оларға ас дайындап, шай құяды. Астан кейін:
— Бақыттарың ашылсын, балаларым. Мынау сенің қалыңдығың, — дейді жігітке. Байсал батыр Гүлбаршынның сау екеніне аң-таң болады. Жас жігітке Гүлбаршын сұлу:

-Таңданбаңыз, көзім жоқ соқыр дегенім — әлі күнге бір жігітке көз салмауым, құлағым керең дегенім — әлі де бір жігіттің махаббат жайлы айтқан сырын естімегенім, қолым шолақ дегенім — әлі де бір жігітпен қол ұстаспағаным, аяғым ақсақ дегенім — әлі де үйден ұзап қыдырмағаным. Ал, бұл шартты қойғаным — жігіт жүрегінің ұлылығын тексеруім еді, — депті.

Райхан Матаева фб паракшасынан