Кедей болсаң, көшіп көр!

Бүгінгі күннің басты мәселесі – баспана. Өмір бойы жалға беретін пәтерлерді жағалап жүрген азаматтар жетерлік. Күні-түні еңбек етсе де, баспанаға жете алмай жүргендер күн сайын көбеюде. Соңғы жылдары   баспана мәселесі елімізде ең өзекті және өткір мәселе болып тұр. Үйсіз жүрген азаматтар санының артуы, әсіресе жастар мен әлеуметтік әлсіз топтар арасында айқын байқалады. Адамдар күнделікті жұмыс істеп, табыс тауып жатса да, баспаналы болу үшін қажетті қаржыны жинау мүмкіндігі әркімге бірдей бола бермейді. Үй бағасының қымбаттауы, инфляция мен экономикалық қиындықтар тұрғын үй алу мүмкіндігін одан әрі қиындатып барады. Жалдамалы пәтер жағалап жүрген азаматтар қалай баспаналы болады? Соңғы жаңалықтарға сәйкес үй бағасы өсу қаупі бар. Құрылыс материалдарының бағасы да арзан емес.  Халық қалай үйлі болады?

   2024 жылдың қаңтар айы мен 2025 жылғы қаңтар айының бағаларын салыстырсақ, айтарлықтай өскен. Пәтерлерді қайта сату бағасы 6,1 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату-4,1 пайызға өскен. Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, 2025 жылдың қаңтарында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 41,3 пайызға азайған.

Елімізде баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелеу механизмдері бар болғанымен, олар барлық азаматтар үшін қолжетімді емес. Тұрғын үйдің жоғары құны мен пайыздық мөлшерлемелер көптеген адамдардың баспана алу армандарын орындауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, көптеген отбасылар немесе жеке тұлғалар ұзақ жылдар бойы үй алуды армандап, қолайлы жағдайды күтіп жүр.

«Өз үйің – өлең төсегің» деп бекер айтпаған. Кез келген азамат өз шаңырағын құрып, баспаналы болуды армандайды. Алайда, баспаналы болу оңай жол емес. Жеткілікті қаржы жинауға бірнеше жылдар немесе бар ғұмырың кетеді. Қымбатшылықтың әсерінен халықтың қаражаты күнделікті азық-түлік, коммуналды төлемдерден артылмайды. Азық-түлікке ақшасын зорға жеткізіп жүрген қазақстандықтар не істейді? Сұрақ көп, жауап табу қиын.

Отбасындағы кикілжіңдер мен қиындықтардың басты себептерінің бірі – қаржылық жағдай мен тұрақты баспананың болмауы. «Кедей болсаң, көшіп көр» деп ұрандатып ай сайын үй ауыстырып жүргендер жетерлік.  Көшіп-қону, тұрақты үйдің болмауы, әсіресе бірнеше баласы бар отбасылар үшін үлкен мәселе болып табылады. Әр ай сайын жаңа жерге көшу, жаңа үй табу – бұл тек физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да ауыр жүк. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар үшін жиі мектеп ауыстыру, жаңа ортаға бейімделу, оқуға қажетті тұрақты жағдайдың болмауы білім сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Олар жаңа мектепке бейімделу кезінде сабаққа толықтай көңіл бөлмей, үй тапсырмаларын орындауда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар балалардың психологиялық денсаулығына да әсер етіп, оқу процесін бұзады.

   Жалға берілетін пәтерлердің де бағасы аспандап тұр. 2025 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша пәтерді жалға беру бір жылда 10%-ға өсіп, шаршы метріне 4,5 мың теңгені құрады.  Қазақстанда ең  жоғарғы жалға алу баға индексі  Алматы мен Астанада қалаларында тіркелген, шаршы метрі 5,4 мың және 5,1 мың теңгені құрайды. Ал ең төмен баға  Таразда қаласында тіркелді, шаршы метрі 2,2 мың теңгеден басталады.

   Астана қаласында жалға берілетін 3 бөлмелі пәтер  орта есеппен 300 000-330 000 тг, 1 бөлмелі пәтер 130 000-150 000 тг құрайды.  Шымкент қаласында 1 бөлмелі пәтердің жалға алу бағасы орта есеппен 150 000 тг.   Павлодар қаласында 1 бөлмелі пәтер жалдау 100 000 тг құраса, 2 бөлмелі пәтердің бағасы 130 000-150 000 тг шамасында жалға беріледі. Ең жоғары баға индексі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген.

Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып жатса да, баспанасыз жүргендер азаяр емес.  Іске асып жатқан бағдарламалар бәріне бірдей қолайлы емес.  Ипотека алуға кейбір азаматтардың бастапқы төлемге де қаражаты  жетпейді.Қазақстан халқының саны шамамен 20 миллиондай, оның 6,9 млн адамның жеке тұрғын үйі жоқ. Бұл жалпы халықтың үштен бір бөлігін құрайды.  Өз еліңде баспанасыз жүру – үлкен қасірет. Ал үйсіз жүргендердің жолын байлап тұрған сол баяғы қымбатшылық. Баға аспандап барады. Қымбатшылықтың кесірінен халықтың жалақысынан қалған ақша мен жинақталған қорлары бұрынғыдай жеткілікті болмай отыр. Осылайша, ұзақ уақыт бойы пәтер алу үшін ақша жинаған азаматтар, ақыры өз мақсаттарына жете алмай зардап шегеді. Өз үйіңде шалқып жүргенге не жетсін?! Мемлекет тарапынан қара халыққа қолайлы бағдарламалар ұсынылса, мәселе біртіндеп шешілер ме еді?  Халықтың жағдайы қашан түзеледі?

 

Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ