Кедей қыздың дұғасы (хикая)
Өз заманында атақты болған ғалым Мансур мынадай оқиғаны баяндаған:
Бір күні бір кісілерден пәлен деген жерде қызған темірді ұстайтын бір кісі бар, ыстық темірді қанша ұстаса да қолы күймейді екен деген әңгімені естіп таң қалдым. Ол кісіні көруге асықтым. Сөйтіп аталған жерге іздеп барып тауып алдым. Қызған темірді ұстағанын көріп таңданып себебін сұрап едім ол: Бұл сырымды ешкімге айтпаушы едім. Сіз үлкен ғалым болған соң сізге ғана айтпақпын деп әңгімесін былай бастады: Жас кезімде бір қызға ғашық болдым. Бірақ қыздың әке шешесі қарсы болды. Арада бірнеше жыл өтті. Мен еңбектеніп жағдайымды жақсартып алдым. Сол жылдары ашаршылық болды. Ашыққандардың ішінде қыздың әке шешесі де бар еді. Бір күні әлгі қыз менің үйіме келіп: Бір үзім нан беріңізші, қарным қатты ашып тұр деді. Мен нәпсіге беріліп, айуандық сезімге беріліп өзімнің ойымды айттым. Егер менің сөзіме разы болсаңыз барлық нәрсе бар дедім. Қыз: «Құдайдан қорқамын» деді де кетті. Ертесіне тағы да нан сұрап келді. Мен алдыңғы тілегімді қайта айттым. Алладан қорқамын деген ол тағы да амалсыз кетті. Бұл жағдай үшінші рет қайталанды.
Он төрт он бес жасар қыздың Алладан қорқып, аштықтан өлейін деп жатқанын көріп: «Қарындасым, міне тамақ, міне нан» дедім. Сонда қыз жылап тұрып: «Иә, Аллам мені күнәға былғамастан маған Өзіңнің көмегіңмен тамақ берген адамды бұл дүниеде де, ақыретте де от азабын берме! Бұл кісіні бұл дүниеде де, ақыретте де отта күйдірме» деп дұға жасады. Мен сол уақытта тамақты ысытып жатқан едім, қолыма бір шоқ тиді, бірақ қолым күймеді. Дұғаның қабыл болғанына таң қалған мен асығып үйге кірсем, қыз жан тәсілім етіпті. Бірақ дұғасын Алла қабыл етті. Міне сол дұғадан соң қанша жылдан бері маған от әсер етпейді, қолымды қандай отқа салсам да күймейді» деп аяқтады.