«КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!» АТТЫ БІЛІМ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

1 қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бүгінгі күн ұстаздар мен оқушылар және ата–аналар үшін ерекше күн. Бұл күн бірінші сынып оқушылары үшін мектеп табалдырығын аттаған күн.

Бүгін ауданымыздағы   барлық мектептер мен білім ордалары оқушылар мен білім алушыларға есігін айқара ашты.

 

 

Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде  болып, ұстаздар мен ата–аналарды, оқушыларды Білім күні мерекесімен құттықтады.

Еліміздің өсіп-өркендеуі білім жүйесінің деңгейіне, мектеп біліміне тікелей байланысты екенін ерекше атап өткен аудан басшысының орынбасары ұстаздар мен оқушыларға жаңа жетістіктер мен ізденістер, шығармашылық табыстар тіледі.

 

 

Аталмыш білім ордасында биыл 1 сыныпқа қабылданған 58 жас бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табысталды.  Болашақтарынан  көп үміт күткен ата-аналар да бұл салтанаттың  куәсі болды.

Мерекелік іс-шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, сап түзегін оқушыларға сыңғырлаған қоңырау үні соғылды.

 

 

Салтанатты шара соңынан 1 сынып оқушыларына «Кел, балалар, оқылық!», 2-11 сынып аралығындағы оқушыларға «Тәуелсіздік жетістіктері» атты тәрбие сағаттары өтті.

Көңілге білім шуағын шашқан кеште аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да ақ тілегін жеткізіп, жаңа оқу жылында толағай табыстарға жетіп, ұстаздар қауымына табандылық пен шығармашылық табыс тіледі. Осылайша бұл күні мектеп шәкірттері мен ұстаздардың кеудесін толқу мен қуаныш сезімі кернеді.

 

Жаңа 2021-2022 оқу жылы барша білім алушыларға құтты, жетістігі мол жыл болсын!