«КЕЛ, КЕЛІНІМ» ҚАЗАҚТЫ ҚОРЛАУДЫҢ ЖЫМЫСҚЫ ЖОЛЫ
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің назарына!
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тіршілік кешіп жатқан телеарналардың ұлттық ар-намыс пен менталитеттен рейтингті жоғары қоюы — балғын ұрпақтың санасын, таным-түсінігін бұза бастады. Мемлекеттен тендер алып, қаржылық мәселені тиянақты шешіп отырған арна басшылары рухани жаңғыруды емес, «рухани қаңғыруды» бастап кеткендей әсерге бөлейді. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйық, көзі қарақты оқырман бәрін біліп, сезіп отыр. Аттандап жазып жатқандар да баршылық. Бірақ олармен санасып отырған кім бар? Аузын айға білеген телеарна басшылары, «болашақты бағдарлап» іс етудің орнына, «болашақты масқаралап» көрсетуге ойысқандай кейіпте. Мысал ма керегі? Онда қараңыз?
Телеарналарды ашып қалсаңыз болды бейәдеп сөзімен, жартылай жалаңаш киімімен ыржалақтаған қыздар, мәдениеттен жұрдай шоулар, таусылмайтын әзіл-оспақ, әйел кейпіндегі сайқымазақтар, әншілер жарнамасы т.б. алдыңнан кесе көлденеңдеп шыға келеді. Шетелдік ащы ішектей шұбатылған телесериалдар бөлек әңгіме.
Жұрт «Қалаулымнан» құтыла алмай жүргенде, «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты»-ның кебі келді. «Келіндер бәйгесінің» жалғасындай болып (Оның да тәрбиелік мәні жоқ еді) «Кел, келінім» көрсетіле бастады (Батыстың қаңсығы, бізге таңсық қой ежелден) Бұл бағдарламада қыздар жігіттер үшін таласқа түсіп, төбелесуге дейін барады. Бірімен бірі ұрысу, боқтасу үйреншікті нәрсеге айналған. Мұндайды кім көрген? Дәстүрге берік бабалар көрсе бетімізге түкіріп, қамшының астына алар еді шықпыртып. «Болғанда ақыр заман су тартылар, Жігітке қарап тұрған қыз артылар» деген нағыз осы.
Қарап тұрсаң бәрі қазақтың қыздары. Тілдері де жатық. Бірақ ұлттық болмыстан жұрдай. Қарап отырып болашақ жайлы ойлауға қорқасың. Қыздардың бәрі еліктеп, тап осындай жолға түссе кімге кінә артамыз? «Кел, келінім» деген атының өзі біртүрлі! Ұлттық танымға қайшы. Тіпті қазақ ұлтының салт-дәстүрін мазақ етіп жатқандай елестейді. Қазақ жақсы жермен құда болуға тырысады. «Анасына қарап қызын ал» дейді баласына. Бағдарлама барысында кей аналар «ерке тотай» қыздарды келін қылу үшін түрлі сұрақтар қойып сынайтыны бар… Қарауға жүзің шыдамайды… Оларды келін қылмақ түгілі, үйіңе кіргізу қауіпті. Ашық-шашық киініп, қалай болса солай отыруларының өзі — анайылық! Бірақ көрсетілімнің рейтингі жоғары. Демек халық көреді деген сөз! Олай болса, тамашалайтын қазақтардың сана биігінің жеткен жері осы болғаны ма?
Эфир барысында небір анайы, былапыт тіркестерге толы сөздер өріп жүреді. Олардың ата-аналары, аға-інілері тым құрығанда туысқандары бар екені даусыз. Олар жігіт іздеп жүрген қыздарының бейәдеп қылығын теледидар алдында шынымен қызықтап қарап отыратын болса, онда шыңырау түбіне батқанымыз батқан. Ар-ұят, намыс пен қыжыл жоғалған жерде бәрі бітті дей бер. Болашақта ұлт болып ұюымыз да күмәнді! «Қызға қырық үйден тыйым» сала алмаған қоғамнан да қайыр аз. Билікке де сенім жоқ. Өйткені өзгенің қызына өз қызындай қарамау, жаны жылап аямау, қызғаныш сезімінің жоғалуы, ашу-ызаның бой көтермеуі, мұның бәрі қазақ баласының табан тірер соңғы қорғанысынан айырылғанымен пара-пар. Ендеше намысы бар әр қазақ — жақсы мен жаманның аражігін ашып алуы керек. «Өзгенің қызы жүре берсін, менің қызым тәрбиелі» деген түсінік бұл жерде жүрмейді. «Балық басынан шіритінін» ұмытпаған абзал.
Таяуда әлеуметтік желі бір шу етіп басылды. Оған себеп: «Кел, келінім» бағдарламасында қып-қызыл төбелес болды. Айызы қанып көргендер де, азу тісі шықырлап көнгендер де көп тәрізді. Бұл масқараны миллиондардың алдына шығарып көрсету — көрермендерді қорлаумен тең қылмыс негізі. Бірақ құзырлы органдардан селт еткен жан көрмедік.
Сонымен «Кел, келінім» бағдарламасы жүріп жатқан эфир уақытында сөзге кеп қалған қыздардың бірі екіншісіне «Бір ұрып құлатамын сені. Тыныштал деймін саған» деп жекіп, жанына жетіп барды. Қарап қалғысы келмеген екіншісі де онымен ұстаса кетіп, шаш жұлысып, төбелесе кетті…
Жұртқа қызық керек, әйтпесе тап осы екеуін солардың біреуі үйіне келін қылып кіргізбесі анық. Алайда атамыз қазақтың «Жамандыққа күле берме, басыңа келеді» деген нақылы барын ұмытпайық.
Айтпақшы, бұл тікелей эфирдегі алғашқы төбелес емес. Жалпы бұл бағдарламада ұрыс-керіс, төбелес жиі болып тұрады. Біздің айтқымыз келгені: бағдарламаларды сүзгіден өткізуді қолға алатын уақыт жетті билік тарапынан. Бұлай жалғаса берсе, арзан атақ қуған телеарналар ойына келген нәрсесін жасай бермек. Идеологиясы ақсап тұрған мемлекеттің келешегі де бұлыңғыр. Тұтас ұлттың салт-дәстүрін қорлайтын, оны «жаңа заманға бейімдеуге» талаптанып жатқандарға бір тоқтам керек-ақ!
Ата-бабамыз қалдырған мақал-мәтел қандай, шіркін! «Келін жақсы болса үйіңе көп кісі келеді». «Келiнi жақсының — керегесi алтын». «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан». Көп қой тізе берсек. Қазақ келінді осылай бағалаған, құрмет тұтқан. Қастерле-ген. Ал біздің ұлттық арна Үндінің «Келінін» алты жыл тапжылмай көрсетіп, ол біте сала екінші бір арна үндінің «Абысындарын» жарнамалап әлек. Осы бізде ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатқан жоқ па өзі?….
Нағашыбай Қабылбек