КЕЛЕР ЖЫЛДАН БАСТАП МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ БАЛДЫҚ ШКАЛА БОЙЫНША ТӨЛЕНЕДІ

 

Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР мемлекеттік қызмет істері департаментінің МО бойынша басшысы Нұргүл Жаннаназарова мәлім етті.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен мотивациясы нығайтылмақ. Екі жылдан бері Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келе жатқан осындай жүйе өз тиімділігін көрсетті. Факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы мемлекеттік қызметкердің жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленеді. Дәстүрлі жалақы төлеуден артықшылығы осында.

«Факторлық балдық шкаланың енгізілуі әсіресе орталық атқарушы органдар мен жергілікті әкімдіктегі қызметшілер арасындағы жалақы айырмашылығын 70 проценттен 20 процентке дейін қысқартты. Осы факторлық-балдық шкала енгізілгелі бері Маңғыстау өңірінде мемлекеттік қызметтің имиджі артты деп айтуға болады. Оған нақты дәлелдеріміз де бар. Бұрын бір орынға өте аз үміткер болатын, қазіргі күні орташа алғанда 2,5-3 адамдай болып тұр»,-деді Нұргүл Жанназарова.

Өңірде мемлекеттік қызметтен кетушілердің саны 4 есеге азайған. Бұрынғы уақытта жергілікті әкімдіктерден өз еркімен кетушілер саны 7,5 процент болса, бүгінде бұл қызметке деген қызығушылық артқан. Ауыл әкімдіктерінде де маман тапшылығы жойылды. Мәселен, 2017 жылы 28 бос орын болған, ал биыл 2-ақ орын бос тұр. Сонымен қатар жеке сектордан мемлекеттік қызметке ауысушылар да көбейген. 2 жыл ішінде 1200 қызметкер жаңа жүйемен жалақы алған. Ал келер жылы 1 шілдеден бастап олардың қатары 1500-ге артпақ.

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ