КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Түркістан облысының Келес ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен, сонымен бірге, меритократия қағидаты бойынша бұл қызметке Ақментай Есбаев кірісті.
Жаңа әкімді жаңадан құрылған аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.
«Міне, 21 жылдан кейін Келес ауданы құрылып отыр. Бұл — қуанышты жағдай. Енді ауданда жаңа бөлімдер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен түрлі мекемелер ашылады. Әлеуметтік нысандар салынады. Жұмыс орындары көбейеді. Жаңа ауданның әкіміне жүктелер міндет көп. Ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлікті өркендетуге күш салу керек. Алдағы бір ай ішінде Келес ауданының даму тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Білім, бала тәрбиесі мәселелеріне де баса мән берілсін. Ең бастысы, ел бірлігін сақтап, Елбасы саясатын жүзеге асырып, елдің әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істеуіңіз қажет. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Келес — шекара маңында орналасқан стратегиялық маңызы бар аудан. Сондықтан, ауданды көтеруге бәріміз үлес қосайық. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы құрылды. Осындай тарихи сәтте Келес ауданының енші алуы да айтулы оқиға деп білемін. Мемлекетіміз қуатты болу үшін әр ауыл, әр аудан, әр облыста жұмыстар атқарылып, бірлікпен алға қадам басуымыз керек», — деді Ж.Түймебаев.
Айта кетейік, Ақментай Үсенұлы Есбаев1972 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі экономист.
Еңбек жолын 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы В.Ленин атындағы мектепте өндірістік бригаданың жұмысшысы болып бастаған.
1989-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Ғ.Мұратбаев совхозының кәсіподақ комитетінде есепші, аудандық қаржы бөлімінің жергілікті бюджет бөлімінің басшысы, ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі, ауданның экономика және қаржы бөлімінің бюджеттік және мониторинг секторының меңгерушісі, ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.
2014 жылдың тамыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етіп келді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі