КЕЛЕСТЕ «АЛТЫН КҮЗ — 2024» МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ
Келес ауданы, Абай ауылында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Алтын күз — 2024» мерекесі атап өтілді. Жәрмеңкеде шаруалар, саланың үздік кәсіпкерлері өздерінің азық-түлік өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, ауыл округ әкімдіктері мен үздік шаруаларды марапаттады. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 46 млрд 925,3 млн.тг құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 30 758,3 млн.тг құраса, мал шаруашылығының үлесі 15 687,8 млн.тг болды. Сондай-ақ, биыл Келес ауданы бойынша жалпы 22 871,5 га егіс егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі