КЕЛІН БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ

Бүгінгі келін ертең ене болады. Мен ылғи айтам, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен.
Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса бөтен адам кірмеген. Тіпті, енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып келеді, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған. Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті, әрі-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жүк түсіреді. Қанша дегенмен, бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс. Менің Ержан деген бір тал балам бар.
Сол баламыз үйленген кезде жағдайымыз болып, кішкене отау жасадық. Көп адамдар түсінбеді. «Ойбуй, Зәке, жалғыз келінді қолға ұстамай мұныңыз не?» деген әңгіме болды. «Өзі жалғыз баланың келіні. Бұлар менен асып қайда барады?» – дедім сонда. Ең бастысы, мен кәдімгі қазақтың салтын жасадым. Ертеңгілік халатымның алды ашылып не түнгі көйлегіммен шығып келе жатқанымды көрмей-ақ қойсын. Бірақ, келініме 4 ай бойы жанында жүріп, бәрін үйреттім. «Балам, мен бұл үйде уақытша отырмын. Менен кейін түпкілікті осы үй – сенің үйің. Мұны сен өз келініңе табыстайсың. Бұл – иісі қазаққа ортақ, алты Алаштың ардақтысы болған адамның қарашаңырағы. Бұл үйдің өзге үйлерден ерекшелігі бар. Осы үйге таныған да, танымаған да келеді. «Кто ты такой?» деген сөзді естімейтін болайын. «Момышұлының үйі осы ма?» деп келсе, «апа, келіңіз» деп, үйге кірген адамды төрге шығар, бал-бауыр бермесең де, бір шыны шайыңды бер. Мен үйде болайын, болмайын, балам, осыған үйрен. Содан кейін әлгі «моё, твоё» деп бөлінеді ғой, ондай нәрсені естімейтін болайын. Осының бәрі – сенікі. Мынау – сенің үлкен үйің, кейін сен ие болатын шаңырақ. Ал, кішкентай ұяңда осы үлкен үйден үйренгеніңді істейсің. Кішкентай ұяңда не кисең де өзің біл, мен сені ештеңеден қыспаймын. Үлкен адамның келіні болғаннан кейін ашық-шашық жүрмейтініңді білемін. Бірақ, үлкен үйде басыңнан орамал, аяғыңнан шұлық тастама. Әр киімнің өзінің орны бар. Мен саған шалбар киме деп айтпаймын. Шалбардың да киетін орны бар. Мәселен, мешітке, өлімге, тойға барғанда шалбарды кие алмайсың. Ал базарға барғанда ол ыңғайлы болуы мүмкін. Асүйге кіргенде әр заттың орнын біл», – деп үйреттім. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді қазақ. Құдайға шүкір, келінімнің ата-анасы текті жандар, екеуі де педагог. Әйтпесе, орысша оқыған қыз. Бірақ, тәрбие дұрыс берілгендіктен шығар, үйреткеннің бәрін үйренді. «Анарға бекер үйреткен екенмін, үйде ештеңе тыға алмай қалдым», – деп әзілдеп қоямын кейде.
Бәкең қайтыс болған кезде кеудемді көтере алмай жатып қалдым. Сонда әр бейсенбі сайын бейсенбілік береміз, кем дегенде 20-30 адам келеді. Көмектесетін адамдар бар, бірақ, негізгісін келінім өзі жасайды. Сонда «тәрбием далаға кетпепті ғой» деп Аллаға шүкіршілік еттім.
Қазір мен сәлем жасайтын адамдардың қатары сиреді. Бірақ, алдымда аз болса да сәлем жасайтын адамдардың бар екеніне шүкіршілік етемін. Келініме сәлем жаса деген жоқпын. Ол менің сәлем жасағанымды көргеннен кейін Бәкеңнің жолдастарына, абысындарыма, алыстан келетін туған-туыстарға, барлығына сәлем жасайтын болды.
Көп енелердің қателігі«келін келді, енді бәрін сол істеуі керек» деп ойлайды. Олай болмайды! Алдымен оған үйрету керек. Мысалы, ағаш екеш ағаштың өзі бір жерден екінші жерге көшірерде жері құнарлы, сулы болса, тамыр тартып, өсіп, жапырағын жаяды. Сол секілді «сен ананы істе» деп, құр қарап отырсаң, ештеңе өнбейді. Әрбір үйдің өзінің дәстүрі, әдептері бар. Тіпті, заттың орналасуына дейін бөлек. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ, сен солай болуға тырыс. Өйткені, ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. «От бар жерде – өмір бар» дейді. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам». Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек. Әрине, үлкен адамдар психологиялық жағынан жасына сай келмеуі мүмкін. Үлкендерге ұнаған нәрсе жастарға ұнамауы мүмкін, соған түсіністікпен қарауға болады ғой. Біз келін түсірген күннен бастап, Бәкең «балам, еркелеп жүр» деді. Содан болар, ойын ашық айтады, ештеңені жасырмайды, қандай мәселе болса да, бірге талқылап шешуге тырысады. Бірақ, өздерінің ішкі жағдайын, өзара мәселелерін екеуі шешеді, біз оған араласпаймыз. Шындап келгенде, қазақ халқының әрбір тыйымы, салт-дәстүрінде үлкен мән-мағына, тәрбие жатыр. Амал қанша, біз көп нәрседен айырылып отырмыз. Шүкір, қазіргі таңда салт-дәстүрді білгісі келетін жастар көбейіп жатыр.
Өкінішке қарай, соны білетін жері жоқ………………..
QAZAQ ELI

ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА