КЕЛІН ІЗДЕП, ҚЫЗ СЫНАУ
Шолтыр деген баласына көңілі толмайды екен.
— Балам жасықтау, көрегендігі, көргендігі сезілмейді, нағашыларына тартып кетті-ау деймін, бұл баламнан дұрыс тұқым, мұрасына ие болар ұл тумай қала ма деп қауіптенемін. «Алып анадан туады» деген қателігі жоқ, балама келінді өзім іздеп, құда түсіп алып беремін, — досы Құткелдімен бірге ел аралап шығады. …
Жиделі жайлауында отырған руы —Қызылқұрт, атақты Құрманғазымен туыстас Сәрет деген кісінің үйіне келеді. Сәрет бидің қызы сегіз қаүат ақ боз үйдің іші толы қонақтарға қысылмай шәй құяды. Бепембет би қыздың жүріс-тұрысын, болмысын, қимылын мүлт жібермей сынай, барлай қарап отырады.
Ертеіне қайтып келе жатып, досы Құткелдіге:
— Сәрет бидің қызы маған ұнады, Құдай қаласа іздеген келінім табылған сияқты, алдағы сәрсенбі бұл ауылға құда түсуге өзің қайта келесің, соған дайындал, — дейді. Құткелді:
—Мұныңыз тым асығыс емес пе!? —дейді. Бекпембет:
— Тегінде асыққанымыз жөн болар. Бойжеткен көрікті қыздың саудасы тез жүреді, ел ішінде қолқалаушылар да бар шығар, қапы қалармыз, —дейді. Құткелді:
— Бұл балаға қалайша тоқталдыңыз, сырын айтыңыз, —дейді. Бекпеибет би:
—Оу, Құткелді! Қызды өзің де көрдің емес пе? Байқаған шығарсың, болашақ келінімді былай сынадым: біріншіден, қыздың шашы ұзын, бұрымы толық екен, нағыз қарақат көз, қолаң шаштың өзі. Мұндай арудың махаббаты мөлдір келеді, ер-азаматын сыйлағыш келеді. Оның алдына түсіп билік жарыстырмайды.
Екінші байқағаным: қыздың бөксесі шеңберлі, мықыны кең екен, ондай адамның құрсағы жайлы келеді, бойға біткен бала құрсақта еркін өседі және мұндай әйелдің толғағы жеңіл соғады, бала тез түседі.
Үшінші: бір жақсы ырым еткенім — жүрісі сәнді екен, аяқ басқан дыбысын сездірмей, өкшесін жерге тигізбей, жұмсақ жүреді екен, ондай жанның ұяңдығы, инабаттылығы басым болады. Тарпаң мінезді тасыраңдаған әйелдердің жүрісі тайдың тұяғындай жерді дүрсілдетіп басар болар, долы қатындарды жүріп келе жатқан түрінен танисың.
Төртінші: Қыздың тағы бір қасиеті — бөгде адамның бетіне тура қарамайды екен, демек иманжүзді, ұяты мол, аса сабырлы, ақылы терең болса керек, байсалды жан бет-әлпетінен, реңінен білініп тұрмай ма? Құдайым несіп қылса, балам мен екеуінен бір лайықты ұрпақ артымызда қалар»— деген екен.
Сонымен Құткелді барып құда түседі. Құда болып, қыз алатын болады.
Уағдалы күнде той өтеді, қыз ауылынан аттанарда жеңгелеріне:
—Атағым шықпайтын елге бара жатырмын, мұны кейін білерсіздер, — сыңсып қоштасады.
Мұны Құткелді есітіп қалып, ашуланады, бірақ сөз қозғамайды. «Бекпембет бидің келіні болып атағы шықпай жатса, қайда барып дәуірлемек екен, — деп іштей ойлайды.
Келін түсіп, той өткеннен кейін Құткелдіні шақырып,
—Құдалыққа барғандағы әңгімеңді түгел айтпаған сияқтысың, әке босағасынан аттанарда тума-туыстарына сыр ашып ештеңе демегені ме, құлағыңның не шалғаны бар? — деп сұрапты. Құткелді таңданып, аңырап қалады. Оны айтсам келін есітіп қалып ренжімес пе екен деп тағы ойланады, бірақ өтірік айтуға бара алмайды.
— Бөке, көңіліңізге келмесін, сіз мақтағанмен бұл келін менің ойымнан шықпай тұрғаны. Әке босағасынан аттанарда: » Атағым шықпайтын жерге бара жатырмын, оны кейін өздерің білерсіздер», — дее сыңсыды жеңгелеріне, ұялағаннан менің екі бетім дуылдап кетті, —дейді.
Би рақаттана күледі де:
— Аллаға шүкір! Тіл-аузым тасқа, бұл келін асқан ақылды, білімді, би келін болады. Бірақ, атағы шықпайды. Бекпембет би, Бекпембет ауылы деген өзгермейді. Егер мен бұл өмірден өтер болсам да, келіннің аты шықпайды ел «Бекпембет бидің келіні» деп айта салады, көрдің бе ол кезде де келіннің алдында мен тұрамын. Ақылды қыз зеректікпен алдын болжаған. Ол қанша ақылды, дана, би келін болса да «Бекпембет бидің келіні» дегеннен асып атағы шықпайды, келіннің айтуы дұрыс, сен оған шаршама. Егер бұл келін басқа ауылға келін болып түссе, «пәленше деген би, бәйбіше айтқан екен» деген сөз тарап, атағы шығатыны сөзсіз, — дейді.
Бекпембет бидің айтқаны дәл келеді. Келіннің азан шақырып қойған аты аталмай, «Бекпембет би ауылындағы бәйбіше» деп аталып кетеді. Бидің болжағанындай бұл келіннен ел ауызында Мақаш правитель атанған атақты би болған ұл өмірге келген.
—————————————————————————————
Бепембет би баласы Шолтыр үйленуге барып, қайынатасының үйінде отырғанда қалыңдығына:
— Бөкеңдей атаң бар, мендей күйеуің бар, сенің де бұл дүниеде арманың бар ма? —дейді.
Сонда қалыңдық:
—Арманым бар. Арманым не десең, Бекеңдей би атасы бар, сендей күйеуі бар әйелдің аты шықпайды. Егер басқа кісіге тұрмысқа шықсам, менің де атағым шығар еді, — деген екен.
; Бізден де бір сөз
Міне, қазақтың даналығы. Ұрпағын өмірге келген соң, жетілдірем, тәрбиелеймін, ақылды, дана, текті етемін деп ойламай, тегін дұрыстаған, өзі текті болған соң, балаларын да текті жердің қызына үйлендіріп, қызын текті жерге берген. Қазақтың: «Үйдің жақсысы — нағашыдан, жігіттің жақсысы — нағашыдан» дейтіні сондықтан. Жігіттің жан-жағы тектілерден болған соң, текті туары анық. оо
«Қаһарман батырлар мен ғұламалар» кітабынан.
Авторы: Берік Қорқытов.