КЕЛІН ТҮСКЕН КЕЗДЕ …

(Біздің елде келін түскенде жасайтын жол-жоралғылар мен ырымдар)

Келін түскенде; Келінді көлікпен келсе, үйден алыстау жерге түсіреді, жаяу келсе де үйден алыстау таза жерге тұрғызып қояды.( бұрындары ауылдан екі-үш қырқа астында тұрған, бұл келіннің ауылға деген, аруақтарға деген құрметі) Келін түскен үйдің жақын әйелдері шарқат ( ШАРҚАТ – жаңа түскен келіннің басына салынатын торлы, шашақты үлкен ақ орамал) алып шығып, жаң түскен келіннің басына жабады. Екі жағынан жақсы қасиетке ие,көп бала тапқан екі абысыны қолтықтап үйге қарай алып жүреді. Үйге жақындағанда үшеуі де иіліп сәлем салып келуі керек. Үйге кірместен алдын отқа май ерітіп, шарқаттың төмен жағын сәл көтеріп, Биссимилла, деп үш рет айтып, иіскетеді. Үйге кірерде Биссимиллаһи рахманр-рахим, деп оң аяқпен табалдырықтан аттайды.
ЕСКЕРТУ
Жаңа түскен келіннің басына шарқат салынан соң, бетінен сүйемін деп, тт сылтаумен шарқатты өзгенің ашуына болмайды.(өте қажет болмаса, ауырып қалып тб жағдайда болмаса)
Жаңа түскен келінді енесі, жақындары бетінен сүю үшін шарқатты ашпай, сыртынан тек маңдайынан иіскеуі керек. Өзге кісілер де құшақтауға да болмайды. Себебі, жаңа туған бала, жаңа түскен келін сүйкімді болады. Жаңа өмірге қадам басып, өзге үйге келін болып түсіп жатқан жас уайымдап, қамығып, денесі дірілдеп, жүрегі алып-ұшып, жүрексініп, бойы балқып, әлсіз күйде болады. Сондықтан, қазақ жамандықтан сақтау үшін, келінге шарқат жабатын болған, тіл-сұқ, көз тиеді және «сүр» (қояншық, есірік, туберкулез тб ауру) ауруы бар кісілердің ауруы өтеді деп. Үйге кірген соң, үстіндегі қыз күнгі киімдерін шешіп, енесі келініне арнап сақтаған кең, қазақы киімдер кигізеді. Үйдің оң жағына құрылған шымылдыққа енесінің келініне арнап, сырған таза көрпешені төсеп, отырғызады. Шымылдықта келін отырғанда өзге кісілер, ер азаматтар кіруіне мүлдем ұлықсат жоқ. Шымылдықта тек жанашыр қыздар; қайынсіңілдер, құдашалар ғана отырады. Шымылдықта отырғандардың ішіндегі естияры келінге қарауыл қарап, өзге кісінің шымылдыққа кірмеуін және әлдебір арам ойлы кісінің қастық үшін дуа, тб заттарды қалдырып кетпеу үшін қарайлап отырады. Беташар жыры айтылып болған соң ғана келіннің шарқаты түріліп, жарым-жартылай ғана көрінетіндей етіп, бетін ашып қояды.

Қосымша ескерту; Жаңа түскен келінге әдейі қастық жасалатын жағдайлар болады, бала көтермей жүрген әйелдер, көптен сүр ауруы бар кісілер ырымдап, дуа, түрлі заттарды тастап, өз басындағы ауырлықты жаңа түскен келінге аударады. Мұндай жағдайларды өмірде көрдік, есіттік сондықтан білмейтін, есітпеген кісілерге ескертіп отырмыз.
Кейінгі уақытта келін түсіру дегенді ойынға, сақналық көрніске айналдырып, беті ашылмаған келінмен фотоға түсіп, айдай әлемге жариялап жатқандарды, жаңа түсіп жатқан келіннің шарқатын ашып, сүйіп жатқандарды және еш жақындығы жоқ жандардың құшақтап жатқанын көріп, бұрыннан келе жатқан ұлтымыздың әдебі мен салтын, кезінде өзіміз көрген, білген үрдістер мен ырымдарды,тиымдарды жазып отырмыз.
Әп әдемі, сүйкімді, тап таза, Құдайдың жеткерген келінініңізді, болашақ ұрпағыңыздың анасын өзгенің тіл-сұғынан, көзінен, айығуы қиын дертінен, басында жүрген түрлі қиыншылығынан сақтаңыздар.
ҰРПАҒЫМЫЗ – сақтансақ, сақ болсақ, сақтасақ сау-саламат болады.
(Еске түскенде жазайын, біздің бала кезімізде келін түсіп, үйге жақындағанда екі-үш бала ұзын бақанды (талдың жуандау бұтағынан кесілген, ұзындығы 4-5-6 м ағаш)
екі жағынан көлденең ұстап, келінді, жанындағы кісілерді өткізбей тоқтатын ырымы бар еді. Бақан ұстаған балаларға тәттілер не аз ақша беретін, сонан соң келіннің жолын ашып, үйге қарай жіберетін.
Бұл кейінгі уақытта ұмытылып кетті.

Оңдасын Оразов.

Оқырманнан қосымша
Нұрзипа Бербиева
Өте құнды пікір. Тамаша жазылған. Осыған қосымша мен де өз білгенімді қоса кетсем деймін. Қазақта «сәлем салу» дәстүрі бар. Бұл да келінді сұқ көзден, жаман пиғылдан қорғау үшін жасалады. Әдетте жаңа түскен жас келінге кез-келген адам сұқтана қарайды. Олардың ішінде неше түрлі адамдар болады жоғарыда айтылып кеткендей. Өз бойларынан жағымды, жағымсыз энергиялар бөлетін адамдар да болады. Келін иіліп, қолын алдына айқастырып сәлем салған кезде өзіне бағытталған әртүрлі энергияны немесе көзқарастарды бойына дарытпай кері итереді. Бұл дәстүр өзін-өзі қорғайды дегенді білдіреді. Бұл қазіргі заманғы психологияда да бар. Адам қолын алдына айқастыру арқылы кез-келген жаман нәрселерден сақтана алады дейді. Міне, біздің ата-бабаларымыздың қандай білімді болғанын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Сол сияқты ер адамдар аяқтарын айқастырып, малдас құрып отыру арқылы да өздерін мақтандырып отырған.