Келінім саған айтамын…
Оқыңыз, Сіз үшін өте пайдалы
Бұл дәріс беруші бір діни хикая. Ақылды қыздар мен келіндер үшін ғибратты бір оқиға. Оқиға бір дәулетті адамның қызы турасында. Оның әкесі тайпа бастығы. Тайпадағы барлық адамдар оның әміріне бағынады. Ол атақты, бастық адамның қызы, ал анасы болса өте ақылды, өмірді жақсы түсінген ислам анасы еді. Жалпы оларда, байлық, атақ, абырой бәрі болды. Құрметті ана, әпке, қарындастарымыз!! Сіз мұнда қызына анасы тарапынан берілетін он үгіттің хикаясын оқисыз. Жазу бізден, оқып ғибрат, дәріс алу сізден, халыққа әсер ету Хақтан яғни Аллаһ Тағаладан. Дегенмен сіздің әрі біздің де ниетіміз болу керек қой. Риуаятқа қарағанда, Харистің қызы Асма келін болып күйеуінің үйіне кететін күні анасы Умама оған мынандай насихат берген: Балапаным, сүйікті қызым, мені жақсылап тыңда. Насихат әркімге лазым, үгіт бәріне зәру. Насихат — білмегенге үйретеді, білгеннің есіне салады. Дін насихатпен аяқта тік тұрады, амалға асырылады. Насихат тыңдағандар дінді өте жақсы үйренеді. Насихат тыңдап жүргендер егер амалға асыратын болса дүниеде бақытты болады. Сүйікті қызым! Егер бір қыз ата — анасының кембағалдығы үшін ғана күйеуге берілетін болса, онда сен ешқашан ұзатылмас, едің. Себебі әкең өте бай, атақ, абырой иесі. Сен сондай бір адамның қызысың!… Бірақ өмір басқаша. Біздерді жаратқан Аллаһ біз үшін өмір заңдарын берген. Әрбір жастағы адам, Аллаһ Тағала берген заңның аясында өмірін өткізеді. Аллаһ Тағала берген заңға қарап, өмірге қадам қояр уақыт келгенде, әрбір қыз бір жігітке, әрбір жігіт әйел үшін жаратылғандығы белгілі болады. Және бір әйел басқа бір ер кісіге мұқтаж болады. Еркектер де әйелдермен достасып махаббат құруға өте мұқтаж. Бұл Аллаһ Тағаланың заңы. Бұл заңды ешкім бұза алмайды, бұл қиямет — қайымға дейін жалғаса береді. Сол себепті қызым, туылып өсіп, бой жеткен үйіңнен жадырап күліп, кіндік қаның тамған жерді тастап өзің білмейтін бейтаныс үйге барасың. Ей, менің бауыр етім, сүйікті қызым, көзімнің нұры, балажаным! Саған бұларды айтамын. Сен күйеуіңе сондай қызмет қыл, ол да саған қызмет қылсын! Сен оған жер бол, ол саған аспан болсын! Сен күйеуіңе бір үй бол, ол саған тіреу болсын!. Сүйікті қызым. Енді сен мені көңіл бөліп тыңда! Саған кейбір оқиғаларды айтып өтейін. Оларды еш жадыңнан шығарма, оларды уақыты келгенде пайдаланарсың. Бұл айтқандарыма амал қылсаң, күйеуіңмен жақсы өмір кешіресің, бақытты да көңілді тұрмыс көресің. Біздер де екі жақ жанұялары тату — тәтті өмір сүреміз. Егер бұларға амал қылмасаң, екі жақта да (яғни құда-құдағилар арасы) ауызбіршілігіміз болмайды. Сен өзіңді бір жаһаннамда жүргендей сезінесің. Қызым! Енді саған айтатын он үгітіме құлақ сал! Бұларды әрдайым жадыңда тұт: 1. Қанағат егесі бол. Өз халіңе шүкір қыл. Күйеуің не нәрсе алып келсе де, ол жейтін немесе киетін нәрсе болсын, кішіпейілділік көрсет. Бақытты өмір кешірудің өзі, өз халіне шүкір қылумен келеді. Өз халіне шүкір етпеген, өз нәпсісін тимаған кісіде көңіл рахаты болмайды. 2. Күйеуіңе әрдайым мойынұсын. Істе деген істерін істе, істеме деген істерін істеме!! Яғни күйеуіңмен сұхбаттасқанда оның сөздерін әдеппен тыңда, сенің сөйлесіп құлақ салғаныңнан түсініп алатын болсын. Сонда ғана Аллаһ Тағала сенің бұл қылығыңа қуанады. 3. Күйеуіңнің көзі түсетін жерлерге жақсылап көңіл бөл. Және үйіңнің іші сыртын неғұрлым таза ұста. Әр дайым сондай болсын, жұбайыңның көзіне жаман, лас жер көрінбесін. 4. Үсті басыңды таза ұста. Күйеуің әр дайым әдемі иіс қана сезсін, мұрнына жаман иіс бармасын. Себебі жаман иіс сенің абыройыңды түсіреді. Сенен жиіркенуіне себеп болады. Соны жақсы біліп ал, тазалық ең жақсы нәрселерден. Күйеуіңнің сені жақсы көруіне де осылар дәнекер болады. 5. Тағамды уақытылы дайында. Яғни тамақтанатын уақытын ешқашан кешіктірме. Күйеуің келісіменен дереу дастархан жай, себебі, аш адамның ашуы тез келеді. 6. Ұйықтайтын және оянатын уақытын біліп ал! Төсегін де уақытылы дайында. Ұйқсыздық та адамның қапа болуына апарады әрі саған деген махаббаты біртіндеп сөнеді. 7. Қожайыныңның мал — дүниесі сенің мал-мүлкің оны ысырап етпей қадіріне жете біл. 8. Күйеуіңнің туған — туыстарына, жақындарына құрмет көрсет! Оларды құрметтегенің, күйеуіңді құрметтегенмен бірдей. 9. Күйеуіңнің сырын басқаларға әсіресе ата-анаңа, туыстарыңа айтпа! Себебі олар күйеуіңнің кейбір мінездерін теріс түсініп қалуы мүмкін. Ал шайтан болса осындай уақыттарды іздеп жүреді. Лажы болса сендерді ажыратуға тырысады. Ал сен болсаң оған жол берме. Сонымен бірге кейбір сырларын сезген уақытыңда да оны сақтай біл. Өзгелерге айтып жүрме. Егер айтып қойсаң, оның ашуын келтіресің және өзіңе деген сенімін жоғалтасың, бұның ақыры жаңа құрған отауыңның күйреуіне апарып соқтырады. 10. Күйеуіңнің дінге қарсы келмейтін барлық бұйрықтарын орында. Ешқашан оған мойынұсынбайтындай теріс қылық көрсетпе. Егер булай етпесең, ол саған кек сақтап, ақыры дұшпаныңа айналады. Сосын сен көп зиян шегесің, қолыңнан ешнәрсе келмейді. Сонымен бірге күйеуің ашуланғанда сен қуанудан, ол қуанғанда сен тұнжыраудан өте қатты сақтан. Бұл нәрселер ортаға бір кесір алып келеді. Әрі бұл нәрсе тәрбие көрмеген ақымақ адамдардың тірлігі. Балажаным! Күйеуіңді қаншалық құрметтеп сүйсең, өзің де соншалық құрметке, махаббатқа еге боласың. Перзентім! Осы айттылғандарды жақсы ұғып ал! Бұл үгіттерімді орын-орынымен орында. Әр қайсысын өз уақыты келгенде пайдалана біл. Сонда ғана үгіттеріме амал қылған боласың!
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің маманы Ұ.Қайырбеков(Aлиакбарұлы)