“Кең дала” бағдарламасы бойынша диқандарға 140 млрд теңге несие беріледі — Бектенов

«Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
“Биылғы астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуге байланысты. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды науқан. Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді”,-дейді Бектенов.

Оның айтуынша, бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд. теңге жеңілдікті кредит бағыттауға мүмкіндік береді.

“Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Форвардтық сатып алуға 40 млрд. теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд. теңге қаралды.
Естеріңізде шығар, өткен жылғы қолайсыз ауа-райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізген болатын.   Көптеген зардаптардың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болатын еді. Құрғақшылыққа төзімді сорттар бар.
Суармалы алқаптарды кеңейту қажет.
Егіс алқаптарының құрылымынан дәнді-дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін байқауға болады. Әкімдіктердің тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс көрінбейді”,-деді әкімдердің жұмысын сынға алған ол.

Премьер-министр атап өткендей, диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі.

“Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді. Жалпы, егіс алқаптары мен статистиканың нақтылығына қатысты мәселелер бар. Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді  жаңарту индикаторлары әр өңірге жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралады”,-деді ол.

JAMBYLINFO.KZ