Кең көлемдегі фестиваль өтті
Оңтүстік Қазақстан облысында тағы да фестиваль өтті. Бұл бұрынғы «Алтын күз» іс-шарасының кеңейтілген түрі. Оны жаңа форматта өткізу облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асты. Аталмыш фестивальде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өз әлеуетін көрсетті.
Берекенің бейнесін көрсеткен іс-шарада ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден үздік аудандар марапатталды. Мысалы, тамшылатып суарудан – Түркістан, көкөніс жинаудан – Сарыағаш, мақта бойынша – Шардара, астық өндіруден Қазығұрт ауданы үздік танылды. Ал мақсары жинаудан Төлеби төрге озып, жеміс-жидек өндіруден Түлкібас алға шықты. Сайрам өңірі сүт өнімдерін өрге шығарса, «Сыбаға» мен «Алтын Асық» бағдарламасын орындауда Отырар ауданы биіктен көрінді.
Ал жаз бойы тұт ағашын өндіруден көзге түскен Бәйдібек аймағы озық инвестициясымен назарға ілікті. Сөйтіп бұл аудандардың бәрі марапатталып, арнайы сертификаттарға ие болды. Жалпы биыл аймақ шаруалары 376, 5 миллиард теңгені құрайтын ауыл шаруашылығының өнімдерін өндірді.
Дихандар 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс, 295 мың тонна картоп жинады. Ал қамбаға 400 мың тонна астық құйылды. Қысқасы, үстіміздегі жылы Оңтүстік шаруалары ерледі.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ