Кеңейтілген отырыс
Партияның “Халықпен бірге” Сайлауалды бағдарламасының 2024 жылғы алғашқы қорытындылары талқыланды.
Бүгін «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты.
Сайлауалды бағдарламаның 5 бағыты аясында 103 көрсеткішке қол жеткізу карастырылып, үстіміздегі жылы 98-ін орындау жоспарланған. Жыл басынан бері оның 67-і толық орындалса, 27-і орындалу үстінде.
Өңірде біз уәде еткендей, ауыл шаруашылығы саласына 24,6 млрд. теңге субсидия бөлініп 14,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде, Салада 454,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, егістік алқабы 626,7 мың га құрады. Шағын және орта бизнес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, өңір инфрақұрылым жүйеcін жақсарту, автомобиль жолдары, ауыз сумен қамту, білім беру, мәдениет, спорт салаларында да ілкімді істер жүзеге асырылуда. Әрине, мұның барлығы тұрғындардың тұрмыстық сапасын жақсарту мақсатындағы әрі халықтың сұранысын қанағаттандыру аясындағы бастамалар. Бұл қатарда, әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау, денсаулық сақтау, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту жұмыстары бар екенін де айта кеткен жөн.
Күн тәртібінде көп ұзатпай шешілуі тиіс, орындалмау қаупі бар мәселелер көтерілді. Фракция отырысында ол туралы әріптестерім тиісті жауаптыларға сұрау салып, тұшымды жауаптар алды. Атап айтқанда, облыс орталығынан қоқыс өңдейтін зауытты жеделдетіп іске қосу, зағип жандарға арналған кітапханаға жеке ғимарат бөліп беру, шалғай ауылдардағы білім мен денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, өңір елді мекендерін жылдам талшықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.
Басқосуда Ербол Шырақпайұлы Жол картасының орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізіп, фракция мүшелерінің көтерген мәселелері бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз етуге негізделген. Сондай-ақ, өңір тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Оның нәтижелі әрі сапалы жүзеге асырылуына депутаттық фракция алдағы уақытта да жұмыс жасайтын болады.