Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл
МАРАТ ТӨРЕБЕКОВ
Ауған жеріндегі соғысқа қатысып, ерлігімен танылған жауынгерлердің бірі тоғызкенттік — Марат Төребеков
Төребеков Марат 1961 жылы 12 наурызда Тоғызкент ауылында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті тәмәмдаған соң, 1979-1981 жылдары Ауған жерінде интернационалдық әскери борышын атқарды. Ауған жеріне алғаш кірген жауынгердің бірі.
1981-1986 жылдары Шымкент қаласында ауыл шаруашылық институтын бітіріп шықты. Еңбек жолын 1986 жылы Тоғызкент ауылында кадр бөлімінен бастап әр салада абыройлы еңбек етті. Тәуелсіздік жылдары нарықтық жүйе енген кезде кәсіпкерлікті қолға алып, шағын бизнеспен айналысты.
Марат ағамыздың соғыстағы ерлігі туралы жазушы, ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше мәрте депутаты болған Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» атты кітабында былай деп баяндалады:
«Ауғанстандағы соғыс əділетті болды ма, əділетсіз болды ма? Ол — басқа əңгіменің тақырыбы. Имандай шыным, Ауғанстанда менімен бірге соғысқан қарулас, майдандас қазақ жігіттерінің бəрі де «Біз Отанымызды қорғап соғысып жүрміз» деп ойлады. Сол үшін қан төкті, жанын берді. Менің аса бір мақтаныш ететінім, Ауған соғысына қатысқан қазақ жігіттері өз халқының атына қылаудай кір келтірген жоқ. Бұғып қалған жоқ, жаудан қорқып қашқан жоқ. Ерлікпен шайқасып, ерлерше жан тапсырды… Өлі-тірі деп бөле-жармай-ақ, солардың біразының атын атап кетуді дəл қазір өзіме парыз санап отырмын. (Марат Төребековтен бастап біраз майдангер қаруластардың аты аталады). Осы аты аталған азаматтардың қай-қайсысы да ерлікпен соғысты. Сынаптай сырғыған жоқ. Сабындай бұзылған жоқ. Орнықты, байсалды, өз орындарын білетін азаматтар болды. Марат Төребеков ешуақытта аспайтын. Саспайтын. Өте сабырлы еді. Сабырлылық — соғыс кезінде аса керекті қасиет. Асығам деп жүріп, сасқалақтап, ажалынан бұрын өлгендер де болды. Ал Марат өзін əманда бірқалыпты ұстайтын. Осы орнықтылығынан шығар, лақтырған гранатасы да межеге дəл тиетін. Атқан оғы да далаға босқа кетпейтін, — делінген естелік кітапта.
Туған жердің мақтанышына айналған ардагер аға 2008 жылдың 25 — қаңтарында ауыр науқастан қайтыс болды.
Батыр ағаның құрметіне 2009 жылы Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің, облыстық және аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының ұйымдастыруымен ауылындағы Түгіскен орта мектебінде арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Ас беріліп, батыр рухына Құран бағышталды.
Бүгінгі ұрпақ ардагер ағаның ерлігін әркез мақтаныш қылып айтып жүреді. Ел үшін туған ердің жарқын бейнесі елінің есінде сақталып, рухы мәңгілік сөнбейді.