КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ 3 КЕЗЕҢМЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Кентау қаласы әкімінің бастамасымен қаланың Даму жоспары әзірленді. Жоспар 3 кезеңнен тұрады. Қысқа мерзімді межелерде — әлеуметтік мәселелерді шешу жоспарланған. Яғни, жұмыссыздық, жарықтандыру, санитария, жол. Ал орта мерзімді межелерге — коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылымды дамыту салаларының өзекті мәселелерін шешу және одан әрі қарай дамыту қамтылды. Ұзақ мерзімді межелерге — қаланың түзетілген Бас жоспарына сәйкес өңірді дамыту жоспарланып отыр. Көзделген межелер 3 кезеңде де іске асырылады. Бұл туралы бүгін Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов мәлімдеді.
Даму кезеңінде қалада темір-бетон, кірпіш зауыттары, асфальт-бетон өнімдерін шығару жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындар іске қосылады. Ал суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, жылыжайлар салу, мал бордақылау алаңдары және шағын сүт, құс фермерларын ашу жұмыстары жалғасады.
Брифингке қатысқан Кентау қалалық әкімдігінің қаржы және экономика бөлімінің басшысы Ильхам Азизбаев шағын және орта бизнес нысандарын ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтты. Ал Ащысай, Хантағы және Қарнақ ауылдарындағы туристік нысандар іске қосылып, эко және этнотуризмді дамыту кеңінен насихатталмақ.
Сондай-ақ, қала және өңірге қарасты ауылдар толығымен табиғи газбен қамтылып, су, кәріз жүйелері қайта қалпына келтіріледі. Жаңа мөлтек аудандарда инженерлік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер салынады. Көпқабатты тұрғын үйлер де күрделі жөндеуден өткізілмек. Осы ретте, 5 жалпы орта мектеп, өнер және ІТ мектептері, 6 бала-бақша, 2 мәдениет үйі мен 1 кітапхана, 2 спорт кешені, 2 емхана және 1 аурухана құрылысы жоспарланған. Даму жоспарын әзірлеу барысында қала халқы тарапынан айтылған сын ескертпелер мен ұсыныстар ескеріліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі