Кентаудың ахуалымен танысты
Қылышын сүйретіп қыстың жақындап қалғаны мәлім. Қыс келсе суығымен келеді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында орталықтандырылған жылу орталықтары мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйесінің дайын екендігі бірнеше рет хабарланған. Әлбетте, оның барлығы облыстық әкімшіліктегі мәжілістерде берілген есеп қана. Шын мәнісіндегі жағдай қалай? Жуырда аталған мәселеге қатысты ахуалды көзбен көріп, шынайы жағдайды білу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев Кентау шаһарына барды. Оның бұл іс-сапары облыс әкімінің кестесіне сәйкес келді.
Ол аталмыш өңірде ең бірінші 15 мың тұрғыны бар Қарнақ ауылына барып, Кентау қаласы мен оның аумағындағы ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз етіп отырған №14 АГТС құрылысымен танысты. Бұл құрылыс жұмыс кестесіне сай жүргізіліп жатыр екен. Өңір басшысының орынбасары АГТС толыққанды іске қосылса аймақта көгілдір отынды тарату аумағы кеңейетінін әрі газдан тапшылық туындамайтынын жеткізді. Т.Сәрсембаев сонымен бірге, қаланы толықтай жылумен қамтып отырған №5 жылу орталығында болды. Онда облыс әкімінің орынбасары жылу беру қазандықтарын аралап көріп, жұмыс істеу жүйесімен танысты. Сонымен бірге, қала әкіміне жылыту маусымын өз бақылауына алуды тапсырды.
Айта кетейік, 23 қазаннан бастап барлық бюджеттік мекемелер мен жеке тұрғын үйлер және көпқабатты тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Облыс әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев су құбырлары жүйесінің жағдайымен танысты. Кентау қаласындағы су құбырлары жүйесін қайта құру жұмыстары жүріп жатыр екен. Т.Сәрсембаев мердігер компанияларға қайта құру жұмыстарын кестеден кешікпей бітіруі керектігін ескертті. Қала берді, «Кентау трансформатор» зауытын аралап көріп, жергілікті мамандардың қыс мезгілінде жұмыссыз қалмайтынына көз жеткізді.
Т.БОРАЛДАЙ.