Кентаудың кәсіпкерлік саласында жаңаша серпін бар
Кентаудың кәсіпкерлік саласында жаңаша
серпін бар
Бұл нәтижелі жұмыспен қамтудың да көрігін қыздырмақ
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысында бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту деп көрсетілген. Бағдарлама мақсаты бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі және бірегейі екені талас тудырмайды. Ел азаматтары үшін бірінші кезекте тұрақты жұмыспен қамтылу маңызды саналады. Ал жеке кәсібін ашып, өзін және ағайын-туыстарын жұмыспен қамтып жатса нұр үстіне нұр. Бүгінде мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлкен үлес қосып отырған сала да осы кәсіпкерлік екені анық.
Жалпы, жұмыспен қамту және оның маңыздылығы жайында аталған Үкімет қаулысында былай делінген: «Қазақстан Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, табысы ортадан жоғары деңгейдегі елге айналды. Дүниежүзілік Банктің деректеріне сәйкес 2000 жылдан бастап мемлекетіміз жан басына шаққанда тұрғындардың табысының 7 пайызға жуық нақты өсуіне қол жеткізіп, әлем экономикасындағы ең тез дамушы 10 елдің тобына кірді.
Мұндай тұрақты өсу кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, тұрғындардың біршама бөлігін неғұрлым нәтижелі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатының жақсаруына, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздардың және нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың, әсіресе, ауылды жерлердегі санын азайтуға мүмкіндік берді.
Осы проблемаларды шешу үшін “Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдан бастап жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және аз қамтылған тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту жөніндегі шаралар белсенді түрде іске асырылды. “Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Үкіметтің іс-қимыл жоспарының (“2009 және 2010 жылдардағы жол карталары”) логикалық жалғасы болып табылды әрі дағдарысқа қарсы ден қою тетіктерін қамтиды.
Жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу, адами капитал сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету “Қазақстан — 2050” Стратегиясына және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес даму басымдықтары ретінде айқындалған.
Осыған байланысты “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті және дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған».
Иә, бағдарлама жан-жақты құрылған. Оның аудан-қалалардағы орындалу барысы қандай? Осыған тереңірек үңілу үшін біз Түркістан облысы Кентау қаласында бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарға зер салып көрдік.
— Кентау қаласының 2018 жылға арналған халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес, жыл ағымында 3382 адам «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына тарту арқылы жұмыспен қамту көзделген, — дейді Кентау қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Алиманов. Азаматтардың санаттары бойынша 1271 жұмыссыздарды, 1407 нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды және 704 жұмыс іздеушілер ретінде тіркелгендерді жұмыспен қамту жоспарланған болса, қыркүйек айына дейін 1760 адам бағдарламаға тартылды. Олар тұрақты және уақытша жұмыстармен қамтылып, жылдық жоспар 52,04 пайызға орындалды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының I-бағыты немесе бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қам-тамасыз ету бойынша 240 адамды оқыту жоспарланған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 33703,0 мың теңге қаржы нақтыланған. Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтардың түрлі санаттарын, соның ішінде мектеп түлектерін, жұмыссыздарды, жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды және қыс-қартылған жұмыскерлерді жаппай оқытуды көздейді. Есепті мерзімде өңірлік комиссияның шешіміне сәй-кес, еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптерге 10 мамандық бойынша 225 адам жолданды. Оқуға жолданған азаматтар өңірлік комиссия отырысында бекітілген оқу ұйымдарында оқытылуда. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау жоспары 93,7 пайызға орындалды.
Бағдарламаның II-бағыты аясында өз кәсіпкерліктерін дамытуға ниет білдірген азаматтарды «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 150 адам жоспарланған. Кәсіпкерлік палатасының Кентау қалалық филиалымен бірлесе 24 азамат аталған жоба аясында оқытылып, сертификат алды. Есептік мерзімде 15 адам шағын несиемен қамтылды.
Бағдарламаның III-ші бағыты немесе халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту аясында 1991 адамды тұрақты жұмыспен және 730 адамды уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарланған. Есепті мерзімде 936 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 47,1 пайызға орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адам тартылып, 12936,0 мың теңге қаржы игерілді. Әлеуметтік жұмыс орындарымен қамту жоспары 128 пайызға орындалды.
Кәсіби, орта арнайы және жоғары оқу орындарының түлектеріне «Жастар практикасын» ұйымдастыру бойынша 57720,0 мың теңге қаржы нақтыланып, 160 адамды жастар практикасына жолдау көзделіп, бірінші қыркүйекке дейін 239 адам жастар практикасына жолданды. Игерілген қаржы көлемі — 47218,0 мың теңге.
Жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмыстарға жалпы 41565,0 мың теңге қаржы бөлінсе, жұмыссыз 231 азамат елді мекендерді көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына тарту арқылы оның 33297,0 мың теңгесі игерілді. 126 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспарланып, алғашқы сегіз айда 84 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 66,6 пайызға орындалды. Атап айтсақ, 15 мүгедек әлеуметтік жұмыс орындарына, 8-і жастар практикасына, тағы осыншасы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, 3-уі «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілсе, 16-сы ақылы қоғамдық уақытша жұмыспен, ал 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылды».
Иә, Түркістан қаласы облыс орталығына айналғасын Кентау қаласының ауқымы да, халық саны да еселеп ұлғайды. Демек, атқарылар шаруалар да еселенді деген сөз. Сол себепті Әбдібақыт Мақұлбаев тізгінін ұстаған қалада жергілікті атқарушы билік өкілдеріне нәтижелі жұмыспен қамту мәселесіне өте тиянақты қарау талап етіледі. Бір қуаныштысы, мүмкіндіктер алаңы кеңейген Кентаудың кәсіпкерлік саласында күрт өзгеріс байқалады. Әрине, жақсы жағынан. Бұл облыс орталығына ең жақын орналасқан кенді қала үшін әрі мүмкіндік, әрі сынақ екені айтпаса да түсінікті. Кентаулықтардың бұл сынақтан сүрінбей өтіп, алға қарай қарыштап дамиды деген сенім мол. Себебі Кентауда қазірдің өзінде қарбалас тірлік көбейіп, кәсіпкерлік саласында жаңа серпіліс, елдің санасында сілкініс пайда болды. Жаңа облыс орталығының гүлденуіне, көріктенуіне, дамуына кентаулықтардың да қосар үлесі көп болғалы тұр.
Шадияр МОЛДАБЕК