Кентауға газ келетін болды

Бүгінде елімізде газ бармаған ауылдар мен қалалар көп. Оларды газдендіріп, тұрғындарды қуанышқа бөлену жұмыстары жыл сайын жалғасын табуда. Жуырда Кентау қаласының тұрғындары да осындай қуанышқа кенелуге жақын.

Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан Кентау қаласына дейін таратушы газ құбырын салу» нысанының жобалық сметалық құжаты дайындалды. Оның жалпы сметалық құны 4 049,845 миллион теңге. 26.02.2014 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, Кентау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан және мердігер арасында келісім шарт түзіліп құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді.

Жұмыстарды жүргізетін мердігер «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» серіктестігі, жұмыс сапасын қадағалайтын мекеме «ServiceProCo» серіктестігі. 2015 жылы аталған құрылыс нысанына жалпы бір миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджет есебінен жүз миллион теңге, облыстық бюджет есебінен тоғыз жүз миллион теңге қаржы қаралған. 2016 жылға аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 2 609 734 мың теңге қаржы қарастырылған. Үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 42,8 миллион теңге игерілген.

Ұстіміздегі жылдың қазан айына дейін 53,751 шақырым магистральдық газ құбырлары салынған. Құбырлар Ресейдің Челябинск қаласында өндірілген. Сонымен қатар, техникалық жабдықтар, контейнерлер, газды ыдыстар, операторлық блок, жылыту торабы, автоматтық одоризация блогы, төрт технологиялық ыдыстар толығымен орнатылды. Келер жылдан бастап бөлінген қаржыға қарай қаланың ішкі жүйелеріне газ жіберуге дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Демек алдағы жылдары Кентау қаласы газбен толықтай қамтамасыз етіледі деген сенім мол.

М. ҰЛЫҚБЕК.