Керемет көңіл-күй сыйлаған кеш
Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының өнерпаздары аудан тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің моноқалаларын дамытуды көздейтін тың бастамалары қоғамның барлық салаларын осы бағыттағы игі істерге жұмылуды көздейді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі де моноқалалардың тұрғындары үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осы орайда «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы аясында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының өнерпаздары өсиетпен өніп, төл өнерді төрге оздырған аймаққа гастрольдік сапармен келіп, «Сыр тұнған өлке — Сарысу» атты гала концертін өткізді.
Гала концерттің шымылдығын Сарысу ауданның әкімі Марат Сұлтанғалиевтің құттықтау сөзімен ашып, 60 жылдан астам уақыт бойы еліміздің түкпір-түкпіріне өз өнерлерімен танылған Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының өнерпаздарына алғысын білдірді.
Әрі қарай аудан тұрғындарының көңіл-күйін көтеру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Махан «Кездесу мен қоштасу», «Аңсарым», халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлнар Көшенова, Дидар Әбдухалық, Салтанат Меңдіғалиева, «Азия» тобының орындауында халық әні «Ахау, керім», «Бақыт құшағында», «Мен деп ойла», «Сүгірдің термесі», «Қандайсын, қандай», «Опмай» «Таныдың ба», «Қайран кездері-ай» әндерін шырқады.
Қазақтың қара домбырасын қасиет тұтқан өнер иелері «Алтын қобыз» иегері, алыс-жақын шет мемлекеттерде қазақ өнерін насихаттаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Оразбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамасұлы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият, Толқын Ахан «T&Y» дуэтінің орындауындағы Ықыластың «Тоғыз толғау», Тұрмағамбеттің «Тәлім», Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», Біржан салдың «Он саусақ», Н.Тілендиевтің «Аққу», А.Вивальдидің «Времена года», «Күй тартыс», «Қазақша» атты күйлерін күмбірлеп, көптің көңілінен шықты.
Ұлт руханиятын ұлықтап, мәрмәрдай мәдениетті мәуелеткен «Қазақконцерт» ұжымының өнерін тамашалап, әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдаған тұрғындар керемет серпіліспен тарқасты.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі