Кері кеткен Тойымыздың қадірін қашырған кім?

«Той — қазақтың қазынасы» дейді. Десе де, бүгінде тойдан да тойғандар аз емес. Әрине, жетісіне жеті күн той болса да қуаныштан қашқан қазақ жоқ. Алайда,  мәні жоқ, мәдениетсіз тойлардан мезі болған ел көп. Әсіресе күлдіремін деп бүлдіріп жататын асабалар мен бейәдеп киінген бишілер, жасанды дауыспен  ән шырқаған әртістерге халықтың өкпесі қара қазандай. Міне, бүгін осы қазақы тойдың қасиетін қашырған келеңсіз жайттарға  бір тоқталып өтсек.

       Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, ең бірінші тойға қонақты  шақырудан мәдениет қашты. Олай дейтініміз, бұрнағы кезі бесік той, тілашар, тұсаукесер, үйлену тойы сынды қуаныштардың шақыру қағаздары қарапайым әрі әдемі үлгіде жасалатын. Қазір қыз ұзату тойының шақыру қағазына жас келіннің шашын жайып  немесе болашақ күйеу баламен құшақтасып суретке түсуі  әдетке айналды. Ол аз десеңіз, бейне бір кітап секілді бірнеше беттен тұратын шақыру қағаздарына бүкіл өмірбаянын тізіп шығатындар аз емес.  Кейінгі кездері той иелері, тіпті, шақыру қағазын  үйіңе жеткізбей, «WhatsApp», «В контакте» немесе «Фейзбук» әлеуметтік желісі арқылы жібере салатынды шығарды. Бұл, әрине, той иелерінің сізді менсінбеушілігі емес. Бұл — той өткізу мәдениетінің ә дегеннен  мәні кеткені немесе әбден жетілгені. 

       Қош, шақыру билетін қалай алса да, әйтеуір, сол күні қонақтар тойдан табылады. Алайда шақыру қағазына тойдың басталу уақытын 19.00 деп көрсетсең, қонақтар міндетті түрде кемі 1-2 сағат кешігіп келеді. Тіпті, «Біздің тойға олар да кешігіп келген» деп, жайбасарлыққа салып, той ортасында келетіндер де аз емес. Ондай сәтте кешігіп келген қонаққа той иелері лайықты орын таппай, тағы қысылады. Соңында  ағайынмен емес, ауылдаспен, жекжат емес, жора-жолдаспен отырып қалған әлгі қонақтың той соңына дейін шеке-басы тырысып, қабағы бір ашылмай үйіне қайтады. Бұдан ешкім ұтып, ешкім ұтылып отырған жоқ. Тек, тойдың берекесі қашады.

Той мәдениеті туралы сөз қозғағанда көпшіліктің пікірі екіге жарылып жатады. Солардың қатарында  сағаттап тілек айтуды ұнатпайтындар да аз емес. Тараз қаласының тұрғыны Бәкір Серікбаев, міне, осындай жандардың бірі. Оның пікірінше, тойға келіп тілекті сағызша созу таза мәдениетсіздік екен.

— Шындығы керек, бүгінгі тойда екі жасқа тілек айтыларда «Бақытты болыңдар» деген сөзді бес жүз рет, «Алып қойыңыздар» деген сөзді алты жүз рет, «Не деймін» деген сөзді жеті жүз рет еститініміз жасырын емес.Тіпті, тойда ата-баба тарихын ақтарып, өз лауызымы мен атақ-даңқын түгендеп, кімнің тойына не үшін келіп отырғанын ұмытып қалатындар да жетерлік. Асабаның қолынан үн таяқты жұлып  алып, жүргізушіге жөн сілтеп, балағат сөз айтып кететіндер де баршылық. Мұнда сонда қандай той мәдениеті мен қадір-қасиет жатыр?

       Тағы бір қызығы, қазір тойда біреуге тілек айта қал десең, араққа лықа тойып алып, түсініксіз тілде сөйлеп, мазаққа қалуға арланбайды. Жарайды, ол бір тойдағы жастар немесе  жора-жолдас болса мақұл-ақ, кейінгі кездері сақалы аузына түскен қариялар мен жеңгейлер де тілін шайнап,  тілек айтып тұратынына  не дерсің?  Осы ма бүгінгі тойдың мәдениеті? — дейді Б.Серікбаев.

       Ендігі кезекте тойда қызмет көрсететін әртістерге келсек. Рас, көп жағдайда қарапайым халық той қадірі қашқанына асабаларды кінәлап жатады. Әрине, топырақты көпке шашуға болмас. Бірақ бүгінгі тойдың асабаларының дені жаттанды нәрсені жатқа соғып, күлдіремін деп бүлдіріп жататыны бар. Енді осы тұста бір нәрсеге назар аударайық. Қазір бір ғана Тараз қаласында тойда жүрген асабалардың саны жүзден асып жығылады. Олардың ішінде байырдан келе жатқан сөз қадірін, той қадірін білетіндер баршылық. Алайда соңғы жылдары асабалар қатарын бір кездегі әншілер, операторлар, музыканттар, тіпті «офицанттарға» дейін толтырып, бұл қызметтің құнын түсіріп жіберді. «Әйтеуір сөйлесе болды» деп, 5-10 мың теңгенің әлгіндей арзанқол асабасын  жалдайтын той иелері, соңында бармағын тістеп жатады.

— Камера арқалап немесе музыкалық аппараттың тетігін басып отырған, қонақтарға шай тасып жүрген даяшы, әнші, музыканттан қайдан сауатты асаба шықсын? Әйтеуір, құлағы шалып қалған бір-екі тақпағын жатқа соғып, одан кейін ойына келгенін оттай береді. Содан барып «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері келеді.

Тағы бір асабалар бар. Той қонақтарына қисынсыз қалжың айтып, одан қалса ойынға шығарып, шешіндіріп-киіндіріп, жүгіртіп-сүрінтіп, билетіп жерге илетіп, елді де, өзін де мезі қылады. Ал жын-ойнақ іздеген жеңгейлер  әлгіндей ойындарға белсене атсалысып, «әй, мұнда үлкендер,  ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар отыр-ау» демей  бөксесін бұлтыңдатып, талтайып, тоңқайып  жерге аунап билегенін көргенде, еріксіз бас шайқайсың. Кейбір кездері би алаңында алпысты алқымдап, сексеннің сеңгіріне шыққан қариялардың да жастармен жарыса би билеп жүргенін көзің шалғанда, тіпті түңілесің. Сонда олар ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне қандай үлгі-өнеге көрсетіп жатыр? Аталарының аунап, апаларының ақ жаулығын жалбыратып билеп жүргенін  ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жататындардың да не ойлайтынын түсіну қиын. Қазір ғаламтор бетін ашсаңыз, әлгіндей видеолардан  көз сүрінеді. Міне, бұл ұлттың озғанын емес, тозғанын көрсетіп тұрғаны ақиқат, — дейді Қордай ауданының тұрғыны, көп балалы ана Жамал Еділова.

Бүгінгі тойларда тек асабалар ғана емес, бишілерден де ұят қашып барады. Бәлендей ақшаға жалдап, тойымыздың шымылдығын түріп берсін деп шақырған бишілеріміз кей кезде қалай болса солай  киініп, ашық-шашық, кіндігі мен төсін көрсетіп тағы зығырданыңды қайнатады. Бір ғана мысал, әлеуметтік желіде жүрген бір видеода тойда би билеп жатқан екі қыздың бірінің көйлегі сыпырылып түсіп, іш киіммен ғана қалғанын көріп, көзіміз шарадай болған. Мұндай оқиғалар бүгінгі тойда  аз емес. Сонда тегін емес, теңгесіне келісіп келген бишілер ең болмаса бес минуттық биін дұрыстап билеп берсе болмай ма?

       Бұл мәселе әншілерге де қатысты. «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңірековтың пікірінше, бүгінгі әншілер шоу жасаймын деп, ұлттық өнердің берекесін қашырып жіберіпті.

— Қазіргі тойлар  шоуға құрылған. Дәстүрлі әндер айтатын әншілерге  сұраныс аз. Өйткені тойға билейтін, билететін әндер керек. Мәселен, Заттыбекті, Төреғали мен Қайрат Нұртасты көп шақырады. Себебі олардың әндері бидің ырғағына келіп жатады. Яғни, қазір ешкім әннің сөзіне, мағынасына, мәніне қарамайды. Әйтеуір, билеуге келсе болғаны, — дейді әнші.

          Шынында, қазір қарапайым әншілерді айтпағанда, кейбір жұлдыздардың өзі тойға қалай болса солай келіп, ішімдік ішіп алып, жасанды дауыспен ән шырқаудың шебері болып алған. Тіпті, тойда асабамен төбелесіп, ерте ән айтқызбағаны үшін ерегіс шығарған белгілі өнер иелерін де көріп, өз көзімізге өзіміз сенбей қалғанбыз. Алайда бұл ақиқат. Бүгінгі тойдың қадірі қашқаны соншалық, ел алдында жүрген белгілі талант иелерінің өзі ойларына келгенін істеуде. Бұған, әрине, ең бірінші  бір кеште бірнеше той алып алған әншілердің тойымсыз құлқыны кінәлі. Егер бір тойға жауапкершілікпен қараса, мұндай «бетті бастым, тұра қаштым» деген  жайттар  орын алмас еді.

Той мәдениеті туралы сөз қозғағанда бүгінгі қазақ әр ұлтқа  еліктеп, қазаққа жат рәсімдерді тойға тықпыштап жатқанын да айтпай өтуге болмайды. Мәселен, шырақтар қоршаған тортты асату, жанып тұрған отты өшірту, бірінің үстіне бірі қойылған шыныға шампан құйып ішу, белсене билеген жеңгейлердің омырауына  ақша қыстыру, тойханаға лимузинмен кіру, той бастарды да лимузинмен тарату, «гулянкаға» қымбат көліктерді қойып, тікұшақпен шығу сынды әрі ысырап, әрі қазаққа жат тірліктер аз емес. Тікұшақ демекші, күні кеше ғана Шымкент қаласының тұрғыны үйлену тойына 540 мың теңгеге тікұшақ жалдап, тойға дейін жас жұбайлар сонымен серуен құрып, көптің жағасын ұстатты. Жарайды, «байдың асын байқұс қызғаныпты» демеңіздер. «Бар болса батып ішсін, қолдан келсе жасасын» дейтін боларсыздар. Алайда енді ғана шаңырақ көтеріп жатқан жастардың тікұшақ жалдайтындай шамасы жоқ екені айдан анық. Осы жерде тағы да баласының көңілін қимаған ата-ана шығынға батып отыр. Мұндай ысырап пен дәмі жоқ даңғойлықтың қажеті қанша?

Ысыраптың бір ұшы той алдындағы «гулянкада» ғана емес, тойда да көрініс табуда. Оған дәлел, бүгінгі тойда қазақ той бітпей жатып бейне бір ашаршылықтан келгендей дастархандағы тамақты қапқа толтырып салып алады. Ал ет келгенде пысықай жеңгелеріміз бір бөлігін ғана туратып, қалғанын өзара бөліп алуға арланбайды. Сонда оларға не көрінді дейсің да? Той тамағын өзгеден қызғанып, үйіне апарып тығып жегеннен не пайда? Әлде бұл әдет емес, дерт па? Құдай-ай, сол асты той дастарханында отырып жесең болмай ма? Біреу «әй, сен мұнда жеме, үйіңе апарып тығып же» дейді ма? Міне, біздің той мәдениетін қашырып отырған тағы бір  тұсымыз осы.

Осы жерде бір айта кетерлігі, кейінгі кездері той иелері екі жастың немесе мерейтой беріп жатқан адамның суретін ішімдік сыртына жапсырып, үстелге қоюды әдетке айналдырып барады. Бұл да мәдениеттілікке жатпайды. Қай заманда қазақ араққа атын жазып, суретін жапсырып ішкен немесе қонағына ұсынған? Тойда ішілген әлгі арақтың бос шынысы тойдан кейін жерде домалап, екі жастың суреті жыртылып аяқ астында жатады. Сонда қуаныш иелеріне деген құрметің сол болғаны ма? Міне, біздің қуыс кеуде мақтаншақтығымыздың кесірінен  өз-өзімізге істеп жатқан кемшілігіміздің  осы.

Р.S

        Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда бүгінгі қадірі қашқан қазақы тойдың келбеті осы.

       Сіз бұған не дейсіз, көзі ашық, көкірегі ояу  оқырман қауым?

 

Саятхан Сатылғанов

Жамбыл облысы