КЕШІГІП ЖЕТКЕН МАРАПАТ

Менің бұл жазбам тарихи дерек емес, көркем шығарма да емес, балалық шақтан естелік қана. Не көрдім, не сездім соны ғана қағазға түсіріп отырмын. Әсірелеп, әспеттеуге де құмартып отырғаным жоқ…
9 мамыр мерекесіне елімізде дайындық басталғанда есіме бірден осы оқиға түсетіні рас. 80 — ші жылдардың ортасында мен туған ауылда Шармақ атты қария тіршілік кешті. Ел-жұрт оны алжыған шал десе-тін. Өйткені қолына «қару алып» «фашисттермен» «соғысатыны» бар еді оның. Балаларға соғыс жайлы түрлі әңгімелер айтып зәрелерін ұшыратын.
Ел естімеген, газет-журнал баспаған сұмдықтарды тізіп шығатын. Әңгімеге беріліп кеткен кезде жер бауырлап еңбектеп, қолындағы су толтырылған шөлмекті жау «дзотына», қабырға-танкілерге лақтыратын. Жан — тәнімен беріліп кететіні сондай, кейде қолы, бет-ауызы жырым-жырым болып, киімі дал-дұлы шығып жыртылатын. Сонда да алған бетінен қайтпай бала қиялдарға соғыстың қасіретін көрсетуге тырысып бағатын.
Әлдекімдерге кектеніп, жұдырығын түйіп, тісін қышырлатып кіжінетіні есімде. Оны кім түсінсін, жындының бірі қылығы дейтінде қоятын. Қыршынынан қиылған боздақтар есіне түсіп кете ме, басын шайқап еңіреп жылап алатын ара — арасында.
Шулаған балалар да ол кісіге үйірсек еді. Сұрақтары да таусылмайтын. Ал Шармақ шал жауап беруге ерінбейтін. Кейде қолындағы ағаш винтовкасын көкке көтеріп, балаларды соңынан ертіп «шабуылға» бастайтын. Бір ғажабы қолына пулемет, автомат, граната ұстаған балаларды үнемі фашисттердің жағына шығаратын. Қарусыз келген балалар «қызыл армия солдаттарының» оққа ұшуын күтіп, бастарын жерден көтермей жатып алатын. Қолында мылтығы жоқ баланың дәрменсіздігін көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Ойын баласы оған өлсе шыдар ма? Шыдамсызданып, күйгелектеніп орнынан атып тұрған кейбірі «нысанаға» ілігіп «құлап жататын».
Ақыр аяғында жеңілетіні белгілі «соғыста» «мұздай қаруланған» жеңімпаз кеңес үкіметінің балалары, фашист болғылары келмей «қаруларынан бас тартып», жаумен жалаң қол айқаса кетуге дайын тұратын. Ол ол ма, «майдан даласы сәл тыныш тапқанда» балаларды ұйытып, ұлы отан соғысының елге беймәлім тұстарын қаузайтын қария. Сонысымен де коммунисттерге жақпайтын.
Әкім-қаралар маңына мүлде жоламайтын. Күйесі жұғады деп қорықты-ау шамасы. Алжыған қақпас деп оны бәрі шеттететін. Себебі әңгімесі біртүрлі еді.
Шыбындай қырылған кеңес солдаттарының, қазақ жасақтарының шарасыздығын, олардың өлімдерінің себеп-салдарын көз алдынан өткізіп ах ұрып отыратын байғұс шал. Бала біткен ауыздарынан суы ағып тыңдағанымен, үлкендер жағы қолын бір сілтеп қасынан өте шығатын. Көздерін ашқалы қашқан неміс пен қуған кеңес әскерін көріп келе жатқан балақайлар, бейне бір ертегі тыңдағандай күйге түсетінбіз.
Қоршау, штрафбат, қару –жарақ аздығы жайлы әңгімеге еліткен балалар, ашқұрсақ солдаттар туралы хиқая басталғанда қарындары шұрылдап үйлеріне қарай безетін. 9 мамыр мерекесі күні Шармақ шал үйінен шырттай киініп шығып көшені ерсіл-қарсыл кезіп жүретіні бар-тын.
Баламыз ғой соңына еретінбіз. Омырауындағы екі –үш ордені мен бір — екі медальі «әлсіз» сыңғырлап қоятын. Кездескендердің бәріне «Мен совет одағының батырына ұсынылғанмын. Әттең, ала алмай қалдым. Ол құжат түптің түбінде шығады. Сонда көресіңдер менің кім екенімді. Мен Белоруссияны азат етуге қатысқанмын. Брест қамалын қорғауда біздің рота ерен ерлік жасады. Бәрі қырылды. Мен жараланып госпиталға түстім» деп, өмір тарихынан сыр шертпек болғанымен ешкім оған назар аудармайтын. Алжыған шалдың сөзі кімге дәрі. Ауылдастары күле қарап, мысқылдап өте шығатын қасынан. Кеңес үкіметі дүркіретіп тойлайтын мерекеден шеттетілген оны кей адамдар аяп, мүсіркеп отыратын. Әйтсе де «Әй, осы батыр болса батыр шығар» деген біреуі жоқ. Керісінше, «Бұл пленде болған, сатқын» деп жиренетіндер қарасы көп еді.
Ұмытпасам, 1985 жылы он жасымда тайдан құлап аяғым сынып, аудандық ауруханаға түстім. Қарашаның кезі еді. Сынықтың орны бітіп бүгін-ертең үйге қайтамын деп, көңілденіп кітап оқып жатыр едім, палатадағы көрші ағайым: — Сенің ауылыңнан Шармақ деген алжыған шалды түнде алып келіпті. Көрші палатада жатыр. Дәрінің күшімен әрең ұйықтатыпты байғұсты.
Өзі соғысқа қатысқан кантужый көрінеді. Ауызына не келсе соны айтыпты кездескендерге. Кеңес үкіметі соғыста қарумен емес, адамды қойдай қырған қасаптығымен жеңіске жетті. Соғыстың болатынын біле – тұра, бейқамдық танытқандарын кешіруге болмайды. Қарусыз адамдарды жауған оққа қарсы жұмсады. Қашқандарын кеңестің мергендері атып құлатты. Солдаттар екі оттың ортасында жүрді. Қайда барса да өлім еді оларға. Соның салдарынан миллиондаған адамдардың обалына қалды депті. Оттаған шалды енді психбольницаға жөнелтуге құжат дайындап жатыр аурухана дәрігерлері» деп «гүлденген социализмнің түлегі» өкпе — ренішін айтып қалды. Менде қызыл галстуктің иегері емеспін бе, Шармақ шалды тұңғыш рет жек көріп кеттім сол жолы. Ауруханадан әне шығам, міне шығаммен бірнеше күн өтіп кетті. Ойын баласы емеспін бе, әбден зерігіп кеткендіктен, «соғыс ойынының туын тігетін» шалды бір көргім келді. Палатасына келсем, кроваттың астында еңбектеп жүр. Бірнеше сырқат қызықтап тамашалап отыр. Сөйтсем, кәнтожный шал, соғыс жайлы әңгімелеп отырып, ескі әдетіне басып образға кіріп кетіпті. Сол жолы Шармақ шал өзінің қалай тұтқынға түскенін әңгімеледі. Зеріккендерге әңгіме керек, құлықсыз тыңдап отыр. Бала болсамда ардагер сөзі зердемде сақталып қалды.
— «Қазақтардың жанкештілігі мен батырлығын Беларусь халқы есінде мәңгі сақтайтын болар» деп әңгімесін Бармақ шал әп-әдемі бастады. — Белорустық әскери округтің шекара бөлімдері мен бірге біздің қазақ жауынгерлері де қолдарына қару ұстап, сонау 1941 жылғы немістердің соққысына қарсы тұрды. Брест қамалын қорғауда қазақтардың өлшесіз үлесі бар. Осы қырғын соғыста мен басымнан ауыр жараландым. Кейін госпиталда жатып, кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанымды естідім. Мен сол шайқаста жаудың төрт танкасын жанармай құйылған бөтелкемен өртеп жібердім. Есімде қалғаны өршелене ұмтылған жау танкісіне еңбектеп келе жатқанымда дәл қасымнан снаряд жарылды. Ес-түссіз жатқан мені санитарлар тауып алыпты.
Менің тірі қалуыма себепкер аяғымдағы етігім. Қап — қара болып сол шығып жатыпты мен мұндалап. Қазып алғанда тек жүрегім ғана әлсіз соғып тірі екенімнен хабар беріпті. Госпиталда 15 күн тілсіз жатыппын. Мені өледіге санағандар да болыпты.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас-ау. Мен тірі қалдым. Жарақатымнан жартылай жазылған мені ұрысқа қайта салды.
Өйткені, жаралылар күндіз-түні толастамай құйылып жататын дала госпиталына. Бізге орын босатуға тура келді. 1942 жылы Ржев түбіндегі қанды айқаста біздің штрафбатальон жау қолына түсті. Жасырмаймын небәрі 15 күн ғана соғыстық. Қару-жарақ өте аз болды. Қарнымыз аш. Киіміміз жұқа. Екі-үш солдатқа бір мылтық тигенін де көзім көрді. Соның кесірі ғой бәрі, жеңіліске ұшырадық.
Немістер болса мұздай қаруланған, тамақтары тоқ, киімдері көк. Сендер кинодан көріп жүргендей олар аңқау, қорқақ емес. Керісінше мығым, тәртіптері қатал. Әр солдаттың өмірі үшін жауапты. Көзсіздікке бармайды. Асыра сілтеу атымен жоқ. Пиғылдары нашар еді бірақ та…
Қаншама жанымызды салып соғысып жүрсек те артымызда қырағы көздердің тесіліп қарап тұрғанын сезетінбіз. Сөйтсек артымызда мергендер жасағы еріп отырыпты» деген қария маңайына шошына бір қарап алды. Отырғандар сілтідей тынып қалған. Өйткені мұндай әңгіме айту жындыларға ғана тән еді ол заманда. Кейбіреуі төсегіне жантая кетіпті. Бәзбірінің көзі шарасынан шығып үлгеріпті.
«Мен Концлагерге түспедім. Шенді немістің фермасында мал бақтым» деген ол, сол кезеңнің тұңғиығына шомып кеткендей болды. Тұтқындағы өмірі туралы айтқандары есімде сақталмапты. Тек, соғыстан кейін елге оралғанда НКВД-нің қатты тексеруге алғаны, одан өзінің есте сақтау қабілетінің арқасында, картадан өзі жұмыс істеген жерлерді дәл көрсетіп бергіні үшін ғана аман құтылғаны жадымда қалыпты.
Шармақ қария 90 жылдардың басында көз жұмды. Аласұрып, әділетсіздікке жаны күйген, шындықты айқайлап айтқан ардагер ауыл іргесіндегі көп қорымның ішінде жатыр.
Соғыстың ақиқатын айтып, бала-шағаның ермегі болған «батыр» ел жадынан мүлде шығып кетер ме еді бұл күнде. «Аққа құдай жақ» деген рас болып шықты.
Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинап болғасын, елбасының өзі араласып Қазақстандық жауынгерлердің мұрағаттарын Ресей архивтерінен қотартқанда ақиқаттың ақ таңы атты. 1941 жылы Брест қамалы үшін болған шайқаста Шармақ атамыз кеңес одағының батыры атағына ұсынылыпты. Алайда қиян — кескі соғыс уақытында толтырылған құжат белгісіз себептермен жоғалған. Кейін қазақстандық жауынгерлердің жорық жолдары қайта тексерілгенде мұрағаттан жарқ етіп шыға келіпті. 1996 жылы Еуразия телеарнасынан қылшылдаған жас батырдың суреті мен оған тиесілі алтын жұлдыз медалы милиондаған көрермендерге көрсетілді.
Бұл кешегі 9 мамыр мерекесінен шеттетілген, батыр атағына ұсынылғанымен оған қолы жетпей арманда кеткен Найманбаев Шармақ атамыз болатын.

Нағашыбай Қабылбектің фб парақшасынан