КЕШІРІМ

Ұстаз шәкірттеріне бірлесіп тәжірибе жасауды ұсынады.

Әлбетте мұндай ұсыныстар өмірге құштар жасөспірімдердің  пейілдерін ерекше тартатындықтан шәкірттер қуана келісті. Сонда ұстаз әр балаға ертең келегенде әрқайсың  5 кг картоп және сонша картоп сиятын таза пакет әкеліңдер деп тапсырғанда шәкірттер  ештеме түсінбесе де ертеңінеде әр баланың  үстелінің үстінде айтқан дүниелер дайын тұрыпты.

Мұғалім сыныпқа кіріп келіп өзіне сұраулы жүзбен қараған шәкірттеріне:

«Ал енді сендер бүгінгі күнге дейін өздерің жек көретін, сендерді ренжіткен адамдардың әрбірінің атын бір-бір картопқа жазып, ол картоптарды бір-бірлеп пакетке салыңдар»,-депті. Мұғалім біраздан кейін байқаса балалардың кейбірің пакетінде 4-5 картоп, ал кейбірінің пакеті  тіпті толып та қалған екен.

Барлық балалар  картопқа өздерін ренжіткен  адамдарының атын жазып пакеттеріне  салып болған соң ұстаз:

«Енді сендер  картоп салынған пакеттеріңді қайда жүрсеңдер де тастамай алып жүріңдер. Ұйықтағанда төсектеріңнің жанына қоясыңдар, басқа уақыттарда автобусқа отырсаңдар да, дүкенге барсаңдар да, оқуға келсеңдер де тастамай бір апта бойы алып жүресіңдер, содан кейін не болатынын  айтамын», деген екен.

Бір апта өтеді. Келіскен уақытта ұстаз сыныпқа кіріп келе бергенде балалар шуылдап: «Ұстаз, мұндай ауыр жүкті үнемі көтеріп жүру қиын екен, картоптар шіри бастады, тіпті жағымсыз иіс те шыға бастады, біз жалығып кеттік, пакетті үнемі көтеріп жүру өте қиын екен»,-деп  шағымдана бастайды. Сонда ұстаз күлімсіреп:

«Ендеше, байқамай болымсыз кемшілік жасағанына   бола адамдарды кешірмеу оларды емес өздеріңді жазалаумен бірдей екенін сендер түсінді деп ойлаймын. Адамдарды кешірмеу арқылы біз өзімізге ауыр жүк  артып аламыз. Олар туралы жаман ойларымыз сасып-шіріген картоп тәрізді біздің ой санамызға жаман әсер ете бастайды. Қорыта айтқанда, басқаларға кешіріммен қарау сенің өзіңнің өзіңе жасаған жақсылығың болмақ»,-депті.

 

Кешірім сұрау

 

Бір әңгіме бойынша Сүлеймен пайғамбар бір күні демалып отырған кезде кеудесінде жорғалап бара жатқан құмырсқаны алып лақтырып жібереді. Жәбірленген қүмырсқа ашуланып: «Әй, Алланың пайғамбары, сен маған аяушылық етпестен неге лақтырасың? Қиямет күні жер мен көктердің Иесі, жәбірленушінің ақысын зұлымдық етушіден алып беретін, әділдік иесі Алла Тағаланың алдында жауап беретіндігіңді ұмыттың ба?» — дейді. Құмырсқаның бұл сөзін естіген Сүлеймен пайғамбар есінен танып қалады. Сәлден соң есін жинап, қүмырсқадан кешірім сұрайды.

Сонда құмырсқа: «Менің үш шартымды орындамайынша, сенің жәбіріңді кешірмеймін»,- дейді. Сүлеймен оның қандай шарт екенін сұрайды. Құмырсқа оған: «Бірішіден, бірдеңе сұрап келген адамды бос қайтарма, өйткені сенен қайыр сұраушы шын мәнінде Алланың саған берген кеңшілігінен сұрап келеді. Олай болса, оларды Алланың кеңшілігінен қалайша тыясың? Екіншіден, осы дүниеде өзіңе берілген артықшылықтарға алданып, дандайсыма, жүрегің қатаяды. Саған бүкіл патшалықты берген Алла Тағала екенін есіңде түт. Үшіншіден, көмек сұрап келген адамнан қолыңнан келгенді аяма!» — дейді. Сүлеймен оған: «Алла қаласа, бұл айтқан шарттарыңды орындаймын», — деп уәде береді.