Кешірім сұрай алу — үлкен қасиет
Өмірде ешбір жақсылық далаға кетпейді. Ешбір жамандық бекер қалмайды. Біреуге жасаған қиянатың күн айналмай алдыңнан шығады. Жақсылық жасасаң, Құдай өз әділдігімен міндетті түрде алдыңыздан шығарады.
⠀ Абай атамыздың керемет бір сөзі бар.
«Бір жерде бірге жүрсең, басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле, сөзің тосып.
Біріңді-бірің ғиззәт, құрмет тұтқын,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып».
⠀ Араласқанда біріңді бірің құрмет тұт дейді. Кісінің көңіліне қарағаннан жан баласы ұтылмаған. Кісі көңілін бағып, кешірім сұрай алу — үлкен қасиет.
Рамазан сәттерін пайдаланып, бір-бірімізге алғыс айтудан арланбайық. Кешірім сұраудан ыңғайсызданбайық. Кешірім сұрағаннан кішірейіп қалмаймыз. Бәлкім Алла дәрежемізді одан сайын арттырар.