Кешірім сұрау – кісіліктің белгісі
Керуен уақыт көшінде зымыраған күндеріңе ілесіп, алдағы арманыңа асығып, мақсат-мұраттарыңа талпынатын шақтарыңа жететіні жоқ. Қым-қуыт жалғасқан өмірдің сан алуан додасында шыңдалатын, бәйгеге түсіп бойдағы қажыр-қайратың мен ақыл-парасатыңды сынға салатын кездерің аз болмайды. Бұл сынақтарда сүрініп кетпей, талай қиындықты бұзып-жарып, топтан озып, мерей өсіретін де, кейде қателесіп немесе ағат сөйлеп біреуді ренжітіп, жүрегін жаралап, көңіл құлазитын сәттердің болатыны да хақ. Осындай мезгілде жіберген кемшілігің мен қателігіңді мойындап, тәубаға келудің, адам алдында болмаса, Алланың алдында кешірім сұраудың айырықша маңызды екендігін әр мұсылман баласына түсіндірудің қажеті де жоқ шығар.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл атындағы ауылда еліне еңбегі сіңген абзал аналарға арналған еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Сол ауылда туып-өскен, кейін облыс орталығында ірі кәсіпорынды басқарған досым мені осы жиынға шақырды. Ауылдан түлеп ұшқан бес-алты азамат бірігіп, соғысқа кеткен ерлерінің орнын жоғалтпай, жанқиярлықпен еңбек етіп, еңсесі түспей отбасының түтінін түтетіп, ошақтарының отын маздатқан барша аналарға құрмет көрсету мақсатында ескерткіш тұрғызуды мұрат етсе керек. Бүкіл ауыл жұртшылығы Жеңіс күні қарсаңында осы салтанатқа жиналды.
Бұл жиын таңғы сағат 10:00-де басталуы тиіс болатын. Алайда, ауыл басшылары жиынды уақытында бастамай соза берді. Жарты сағат өтті, бір сағат өтті, тым-тырыс. Ауыл әкімі мазасызданып, ары-бері зыр жүгіріп жүр. Халықтың мазасы кетіп, шыдамы таусылды. Сөйтсек, аудан әкімі бұл хабарды естіп: «Өзім келіп ашамын, мен келмей ашпаңдар», деп кесіп айтыпты. Күтуден шаршаған адамдар дауыс көтеріп: «Аудан әкімінің қажеті жоқ, өзіміз аша береміз», деп наразылықтарын білдірді. Ауыл әкімі болса, оларды тыныштандырумен әлек болды. Төзімі таусылған бір майдангер ауыр сөздер айтып, кетіп қалды. Көктемнің көкөзек шағында қарт кісілер тоңып, әбігерге түсті. Мүгедек адамдар да жайсыздық сезінді. Ал, әкімнің қарасы көрінбеді.
Бір жарым сағат өткенде ғана аудан басшысы төбе көрсетті. Халықтан именбеді, неге кешігіп келгенін айтпады. Халықты иіріп қойғанына пысқырып та қарамады. Шалқайып келіп, кеудесін керіп, маңғаздана мінбеге көтерілді. Жазып келген баяндамасын тапжылмай оқып шықты. Сарғайып күткен халықты ешкімге қажеті жоқ бос сөзімен тағы сарғайтты. Соғыстың зардабы мен зұлматын айтып, фактілер мен цифрларды тізбеледі. Баяндамасын әрең дегенде аяқтап, қағазы біткенде ғана жиналған жұртқа қарады. Тоңған халықтың қол соғуға зауқы болмады. Ал ескерткішті кім тұрғызды, қанша қаржы жұмсалды? Ол туралы айтқан да жоқ.
Аналарға арналып тұрғызылған ескерткіш көпшіліктің көңілінен шықты. Жұрт әлгі ескерткіш орнатқан бес-алты азаматқа алғыстарын айтты. Ауыл ақсақалы ақ батасын берді. Осыдан кейін ауыл адамдары ашық алаңда жайылған дастарханға қарай беттеді. Олар енді отыра бергенде нөсерлетіп жаңбыр құйып жіберді. Тоқтамай ұзақ жауды. Нөсер жауын дастархан үстіндегі тамақты рәсуа етті. Сырттан келгендер көліктеріне мініп, ауылдарына аттанып кетті. Басталуы қалай қиын болса, жиынның соңы да солай аяқталды. Ас ішілмей аяқсыз қалған бұл жиын үшін аудан басшысы үндемеді. Әрекеті үшін халықтан кешірім сұрамады.
Облыстағы бір мекемеге сырттан жаңа басшы келді. Сол бастықтың қылығы мен жүріс-тұрысы алғашқы күннен ерсі көрінді. Мәдениет пен этикадан алшақтап қалған, жиналыс өткізуге жаны құмар таяздау пайымы мен өресінің төмендігі ұжымдағыларға ұнаған жоқ. Кеудемсоқтық пен тәкаппарлығы да жетіп артылатын.
Сол басшы ең алдымен жасы үлкен бір кісіні нысанаға алды. Дұшпан адамындай жауласты. Алуан тапсырма беріп, сол кісіні тұқыртқысы келді. Бірақ онысынан түк шықпады. Одан мін таба алмай әбден қиналды.
«Жыртық үйдің де Құдайы бар» деген. Құдайдың көзі оң болды. Қудаланған сол кісінің жарқырап күні туды. Күндердің күнінде әлгі бастық тағынан тайды. Біреуді кетіремін деп жүргенде өзі кетіп тынды. Кеткенде де абыройсыз кетті. Қызметін қимай кетіп бара жатып, сол азаматтың алдына барып, кешірім сұрауға батылы да, тіпті ақылы да жетпеді.
«Жамандық қайдан туар, тілден туар.
Әркімде ақыл болса, тілін буар.
Шығарсаң бір жаман сөз сен ауызыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сені қуар»,– дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Артыңнан айдаҺар болып қумас үшін сөзді абайлап сөйлеу керектігін ұғынатын бүгінде қай пендеңіз бар?
«Алдараспан» әзіл-сықақ театрының Талдықорған қаласындағы концерті тура бір жарым сағат кеш басталды. Иін тірескен халық ақшаларын төлеген соң амалсыздан күтті. Театр басшылары мен өнерпаздары кешіккендерін қаперге алмай, сарғайып күткен көрерменнің көңілін табуға тырысып, өздерінің айыбын жуып шаюға барынша әрекеттенді. Бірақ онысынан түк шықпады. Бір кезде залдың ортасынан салмақты да салиқалы бір азамат шығып, сахнаға көтерілді. Әртістердің халықты ұзақ күттірген әрекетіне ренішін білдіріп, айыптарын бетіне басты. Театр жетекшісі Нұржан Төлендиев бүкіл көрермен алдына шығып, өздерінің кіналарын мойындады. Халықтың алдында кешігу себебін айтып, кешірім сұрады.
Желтоқсан көтерілісінің зардабы әлі күнге дейін жанымды ауыртады. Рухы өлмеген қазақ жастарының атойлап алаңға шығып, бас көтеріп, елі мен жерін қасық қаны қалғанша қорғауға даяр ұмтылыстарына, асқан патриоттығына тәнті болған едім. Облыстық «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген кезім болатын. Ел дүрлігіп, халықтың қабырғасы қайысып тұрған сол қаһарлы кезеңде басылым қызметкерлері де ауыр күндерді өткізді. Әсіресе Рахметбек Өзбеков кабинетінде отыра алмай редакцияның ұзын дәлізінде теңселіп жүрумен болды. «Егерде орталық алаңға адамдар шығатын болса, мен де солардың ортасында боламын. Менің іні-қарындастарымды аяусыз қырып жатқанда, мен қалай терезеден қарап тұрамын?», – деп сыртқа қарай ұмтылғанда екі ағамыз Рахметбектің жолын қайта-қайта бөгеумен болды, қайта-қайта ақыл айтумен болды. Біз оларды тыңдаған жоқпыз. Байтанғали Төлентаев екеуміз ол кігіге демеу беріп, қолдау білдіріп, қасында жүрдік.
«Желтоқсандағы зұлымдықты жасаған адамдар өмірден кетпейінше, нағыз шындық ашылмайды. Себебі, КСРО кезінде архивті Қазақстаннан басқа елдің бәрі ашық-ты. Бізде әлі жабулы қазан күйінде тұр. Сол кездегі адамдардың көбі билікте әлі отыр. Тіпті сол кезде желтоқсаншыларды соттау үшін шақырылған тергеушілер де әлі бар. Олар жоғары шен алып, қызметі өсті. Сол үшін олар шындықты ашқысы келмейді. Мысалы, Алматыда бір кинолог старшина болған. Сол алаңға шыққан жастарды итке талатқаны үшін алған медалін 2000 жылдарға дейін тағып жүрді. Сол кезде төрт мыңнан аса адам жастарды жазалағаны үшін орден-медаль алыпты», – дейді саясаттанушы Дос Көшім «Төрт мың адам жастарды жазалағаны үшін марапат алған» деген мақаласында. /«Жас Алаш» газеті, №101-102, 14 желтоқсан 2023 жыл/
Қайрат Рысқұлбеков Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы ретінде ел есінде мәңгі қалатындығы анық. Оған үлкен айып тағылып, абақтыға қамалып, жазаланғанымен тәуелсіздік алған туған елі Қайратты толық ақтады. «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақты берді. Ал, сот үкімін шығарған судья неге заңсыз соттағаны үшін кешірім сұрамайды? Халық қаһарманын соттаған адамды елі неге білмейді? Оны ешкім білмеуі мүмкін. Ол кінәсін мойындаса қылмыскер атанатынын, елге қарабет болатынын біледі.
Халқымыз басынан кешкен ұлы ашаршылықта 4 миллионға жуық қазақ қынадай қырылды. Одан беріде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш арыстары нақақтан-нақақ атылды. Қуғын-сүргін жылдары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин сынды қазақ әдебиетінің аса көрнекті қаламгерлері ең ауыр жазаға кесілді. Сол жазықсыз құрбан болғандардың рухының алдында тіземізді бүгіп тұрып, кешірім сұрайтын күн қашан туады? Алланың бұйрығын күтпей-ақ, кешірім сұрауды талап ететін қайратты да, қауқарлы күш-жігерімізді қашан көрсетеміз? Солардың рухының алдында жүзімізді жарқын етіп жүруімізге не кедергі?
Мәлік Ғабдуллинді білмейтін адам кемде-кем. Мәдениеті жоғары, өресі биік, асқан білімдарлығы мен тұла бойы ізгіліктен тұратын болмысы, кісілігі мен кішілігін қатар ұстаған аса парасатты ғалым әрі тамаша ұстаз болатын. Қазақ мемлекеттік университетінде болашақ журналистерге дәріс беріп, баршамызға ақылман аға болып, әкеміздей қамқорлық жасаған еді. Міне, нағыз иман жүзді, жүрегі нұрлы, көңілі кіршіксіз таза, мейірімді де қайырымды адам болып есімізде қалды. Абыройы аспандаған Мәлік ағамызды билік басында отырғандар жағымсыз істерге пайдаланды. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовті қаралап, қара күйе жағу секілді жаман әрекетке айдап салды. Ал, ағамыз алданғанын кеш түсінді. Айтылар сөз айтылып кетті. Ғұлама ұстазымыз ірілік танытып, «Социалистік Қазақстан» газетіне ұлы жазушыдан кешірім сұраған сөзін жариялады. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді. Нағыз азаматтық, нағыз кемелдіктің белгісі демеске амалың жоқ. Бүкіл ел құлақтанып, ризалықтарын білдірді. Өз кезегінде Мұхаң да шат-шадыман күй кешіп, ұлы достыққа апаратын үлкен жолда бастарын түйістірді.
Құдайдан қорқатын адам ешбір адамды ренжітпейді. Кекетіп-мұқатып, мазақ етпейді. Жанын жаралап, жүрегін ауыртпайды. Жала жауып, қара күйе жақпайды. Өзін жоғары санап, паңданып, кеудесін ұрып, менмендікке салынбайды. Жемқорлықты жауындай жек көреді. Себебі, барлығы үшін жауап беретін болатынын жақсы біледі.
Істеген әрекетің үшін кешірім сұрау немесе біреуді кешіру – ол кісіліктің белгісі. Өзін мұсылман санайтын әр адам жүрегін таза ұстап, кіршіксіз көңілмен, риясыз жарқын жүзбен жадырап, біреудің көңіліне қаяу түсіруден сақтанып, тек жақсылық жасаумен ғұмыр кешкені абзал. «Мұсылман баласына үш күннен артық араздасуға болмайды», деген сөз бар пайғамбар хадистерінде. Кімде-кім бірінші болып кешірім өтінген адамға көптеген сауаптар жазылатындығы, Алланың рахымы түсетіндігі айтылады. Осыны есте ұстаған жөн болар…
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.