Кешірімшіл адамның киесіне жолықпа!
1. Мен өтірік айтқандарды көрдім… Өтірікті үтір, нүктесіне дейін бояп, әрлеп айтып, өтірігі ашылып қалғаны үшін сені кінәлайтындарды, саған ренжитіндерді көрдім… Өтірік айтпа! Бұл — адамдық болмысыңның бір қыры. Өтірік айтатын адам – толық адам емес. Құдайдың өтірікті әшкерелеп қоятынын есіңнен шығарма!
2. Мен сенен көрген мейірім-махаббатқа, алғыстың орнына қарғыс айтатын адамдарға куә болдым. Өмірге өшпенділікпен қарайтын, жарық дүниеде жасап жатқанын міндетситін адамдар болады… Нөсердің барлық тамшысын сіміріп алатын, бірақ қылтан шөп шықпайтын жер сияқты адамдардан жырақ жүрген жөн!
3. Сен сыйлайтын адамыңның төңірегіндегілерге сенім арта берме. Сенімді адамдардың қасында жүріп, сол адамның сенімі арқылы басқаны алдап күн көретіндер болады…
4. Сен кешірімшіл жақыныңның көңіл айнасын күнде сындыра береме! Оның кешірімшілдігі құдайды тебірентеді. Құдай оған көңілінің айнасын көзінің қарашығындай қорғайтын, түсінігі мол адам жібереді… Сенің оған істегенің өз өміріңде қайталанады. Көңіл айнаң күнде сынумен өтесің… Кешірімшіл адамның киесіне жолықпа!
Мұратхан Шоқан