КЕСІРТКЕНІҢ САБАҒЫ
Байдібек ауданының орталығы Шаянда үлкен дастарханда ағайындармен бас қосқан едік.Көп жасағанымен бірге көпті де көрген қазына қарияларымыздың әңгімесін тыңдап,көңілге тоқып та отырмыз.Еріксіз елең еткізгені ұзақ жыл есепші болып қызмет атқарып , зейнетке шыққан Рысдәулет ақсақалымыздың әңгімесі еді:
-Облыстық ауруханада бір айдай жатып,аудандағы дәрігеріме қағаздарымды өткізуге келген едім. Қағазды оқып отырған дәрігердің реңінен қуанарлық ештеңе жоғын байқап отырмын. Біраз уақыттан бері серік болып жүрген асқазан жарасының асқынып кеткенін де жүрегі құрғыр әлдеқашаннан сезген.Сонда да «үмітсіз шайтан «демекші ,емделуімді тоқтатпай жүрген едім.Шамамның жеткенінше емделе бермекші де болып едім. ..Алпыс деген тал түс емес пе?
Ойым сан-саққа жүгіріп,қолымда бір бума қағазым бар аудандық ауруханадан шыға ,алдымнан шыққан түзу көшемен кете бердім.Қайда барсам да бәрібір сияқты, алдымда тек «Қорқыттың көрі» ғана.
-Қайран уақыт-ай! «Қамшының сабы», «Көзді ашып-жұмғанша өткен өмір» , «Дүние жалған» деген сөздердің мағынасын енді түсінгендеймін..Ойпырмау, алды- артыма қарап та үлгермеппін қой.Қырғауылдың түсіндей қырық құбылған өмір-ай! Неге үлгердім,неге үлгермедім?
Қиналсам да қасыма да ешкімді ертпей жүретіндігім дәл бүгін өзіме ұнағандай сезімдемін. Оңаша қалғым келді,ойланғым келді. Ары кетсе алты ай,бері кетсе екі ай уақыты қалғанынын да қадалып тұрып сұрап алғанмын.Бір кезде ауданға танымал,»ақ дегені алғыс,қара дегені қарғыс» болып тұрған дәурен де өтпекші. Қолдан келер дәрмен жоқ.Басыма түскенді көремін енді.Тек үй-ішіне әзір айтпай тұра тұрғанды жөн көрдім.Бәрібір де бұл жаңалықтың ұзақ жасырына алмасын да біліп келемін. Бұл күндерді қалай өткізеді енді?
Үйіме келіп те қалыппын. Түстің ауып кеткені қашан.Күндегі әдетімше шешіне салып дастарханға отырдым.Бірақ ас батпайтынын біліп,бір-екі кесе шай ішіп ,орнымнан тұрдым.Жиналып қалған газет- журналдарды ақтардым.Баяғы сабырлы мінезіммен журналды асықпай қарап отырып,аңшылық туралы мақалаға көзім түсті. Көкірек тұсым шым ете қалды.Аң аулауға деген құмарлық қайта оянғандай.Әл-дәрменімнің шамасын білсем де «Көкірек шіркін ,текірек қағады» демекші тауға аңсарым ауып кетті.Ойланып отыруға уақыт жоғын түсініп,ініме телефон шалдым.
Телефонды көп күттірмей алған сыйлас ініме үйге келіп кетуін ,әңгіме барын айттым.
Жұмыстан кештеу шыққан інім де келді. Оны -бұны әңгіме етіп отырып,тауға аңға шыққым келетінін жеткіздім. Таң қала қараған Тілек ешнәрсе деместен басын изеді. Дайын болған күні хабар беретінін айтып ,үйіне қайтты.
Жәә,бір тірлікті бітіргендей көңілім жайланып қалды.»Бұның не,жарқыным-ау»деген сөзді қабағымен түсіндіре,үнсіз ғана әдемі көздерімен қараған жарыма жымидым да қойдым.Айтпақшы ,не деген әдемі көз! Көз қиығымен байқатпай қайта-қайта қарады.Әттеген-ай,қадіріңді біле алдым ба? Дәл қазір қолымнан келетін жақсылығым өз жайымды нақты айтпау ғана.Дәм-тұзының түгесіліп бара жатқанын естісе, қайран асыл жарының күйінің қиын боларын да сезініп те отыр.Перзенттерім ше?
Тағы да аласұрған түннен соң,ешнәрсесін білдірмей күн де шықты. Адам ғұмырында түсініксіз,ешқандай ережеге бағынбайтын,жауабы жоқ тылсым жайлы ойланып кететін болыппын.Ескі аңыздарды есіме түсіріп,талдай бастадым.
Жеңіл тамақтанып, киініп алдым. Орнымнан жайлап тұрдым да ауыл кітапханасына бет алдым.Ескі аңыздар мен фәлсапаларды бір қарап шықпақшымын.Жан қиналғанда аңыздың бәрі шындық болып көрінеді екен,үмітті шақыратын сияқты.Патшалар туралы,оларды ауруынан айықтырған емшілер туралы оқып,ішінен бір құдіретті күш шыға келетіндей құныға оқимын. Ескі газет-журналдарды бір сыпыра ақтарып та шықтым.Шаршағанда үйіме барып демаламын да,ертеңгісін қайта келемін. Інімнің жолына да қарайлап жүргенде он күндей уақыт өтті.
Шыдамсызданып ініме хабарласып едім,облыстан тексеру келіп ,әзір босай алмайтынын айтып ақталды.
Әрі-бері теңселіп жүргенде жиырма күннен аса уақыт өтіп те кетті.Кешкісін хабарласқан інім таңертең жайлы көлікпен келіп,өзін алып кететінін,тауға баруға дайын отыру керектігін ескертті.Қуанып қалдым. Қатты мазалап жүрген асқазан ауруым да басылып қалғандай.Өзімше дайындалып жүрмін.Гастриттен басталған біраз «ит» ауруларымды арқалап соңғы рет тауға шығып,»аң қарап» мауқымды баспақшымын. Енді аң кездесе қалса…Біраздан бері дала жүзін де көре алмаппын.
Айтқанындай, ертесіне таң енді сібірлеп атып келе жатқанда шырттай киінген,қасында жолдасын ерткен інім келді.Күн жылы .Маусым айының басы.Әдемі уақыт.Әрине қансонардай болу қайда?!Көзіме іркілген жасты ешкімге байқатпай сүртіп тастадым.Елпілдеп жүріп көлікке отырып,үйіме қарадым. Жөндеу жұмысын жүргізу керек сияқты ма?
Шаян ауылының шаңдақты көшесі.Жолының ой-қырын жаттап алғалы қашан. Екі көзімді тарс байлап түнде алып өтсе де сүрінбейтін шығармын.Көлік жолға түсіп,жүйтки жөнелді.Інісі баласының еркелігін ,зорға тастап кеткенін айтып күліп отыр.Жаз да өз жеңісін көрсете бастағандай.Қызыл-жасыл жапырақтардан -ақ байқауға болады.Табиғат құбылып тұр.Жол да жіңішкере бір аяқ жолға ауысты.Ойлы-қырлы ,құм аралас жерге келгенде көлікті тоқтатып,осында қалдыруды жөн көрді. Бір-бірімізе ілесіп келе жатырмыз.Алдымыздағы қырдан асу керек. Созақ даласының құмды қырқасында жортып жүрген ақбөкендер мен киіктер көз алдыма елестегендей.Әйтеуір дала өз сиқырымен тартады да тұрады.
Інісінің өзіне қарайлап келе жатқанын байқап ,қатардан қалмауға тырысады.Әңгімемен біраз жерге барған соң ,»демалайық» деп сексеуіл арасына отыра бергенде алдыңғы жақтан кішкене ғана шаң көрініп, келе жатқандар тоқтай-тоқтай қалыстық.Алдымыздағы сексеуілдің түбін ала отыра кеттік.Анықтап қарағанда кесіртке мен жыланның арпалысы екен.Кесірткенің үлкені үйде жүрген мысықтай боп қалады.Қыр жыланы да бір метрге жуықтау,жуандығы білектей .Арасында қансыраған кесірткенің жалт бұрылып , жорғалап біраз жерге барып,адыраспан шөбіне аунап-аунап келетінін байқап отырмыз.Жан -жағына қарауға мұрша жоқ.Бұл әрекет екі-үш рет байқалғасын ,інімнің досы еңбектеп жақындап ,топ адыраспанды түбінен сындырып жұлып әкелді. Мен «бекер жұлдың-ау» дегендей басымды шайқадым. Ойлағанымдай-ақ бір сәті түскенде кесіртке жорғалай жөнелгенімен адыраспанды орнынан таба алмай шыр айналып ,шарқ ұрды. «Ойпырмай ,бұл шөпте не құдірет бар ?» -деп біз отырмыз. Қарсыласының ес жиғанын сезіп,қайтып ұрыс алаңына жеткен әлсіреген кесіртке қайта алыса жөнелді.Кесіртке жыланның парша-паршасын шығарып тастады .Бірақ адыраспан шөбінің орнына барған кесіртке де қансыраған күйі жан тапсырды.Біз де таң-тамаша болып ,орнымыздан түрегелдік.Таң қалған күйі ілгері жүруге тырыстық.
Екі-үш сағатай жүріп,тамақтанып алған соң «аңшылығымыздың » уақыты да аяқталып үйге қайтуға жиналдық.Інілерімді босқа әурелегеніме де қысылып келемін.Өзім де әбден діңкәм құрып,көлікке зорға отырдым.Тау қопарғандаймын…
Ертесіне кешірек тұрып,кешегі көргенім көз алдымнан кетпей қойды.Жинаған кітап-жорналдардан адыраспан туралы мақалалар іздей бастадым. Көптеген мақалаларды оқып, таң қала бастадым.Бір іске бел шешкендей болдым.Адыраспан шөбінің қанды тоқтатып,жараның тез жиырылуына себі көп екен.Егер біз адыраспанды жұлып, алып қоймағанда кесірткенің тірі қалу мүмкіндігі бар екен.Бір мақалада қыз баланың аяғына қаптап шыққан жараны тек адыраспан суы ғана дақ қалдырмай жазғаны туралы айтылыпты.
Таңертең ерте күн шықпай тұрып,қырқа жақтан ырымын жасап, адыраспан теріп келдім.Тазалап жуып,кесіп алып шәйнекке салып, үстіне су құйдым.Түске таман тамақтың алдында жарты сағаттай бұрын 25 грамм ішіп алдым.Күніне екі-үш ішемін.Жолдасымның қарсы болғанына қарамай ,бұл емді бір жарым айдай жалғастырдым.Алдына уланып қалудан қорыққаныммен,дәрігердің диагнозы есіме түскенде «суға кеткен тал қармайдының» күйін кешіп тоқтатпадым.Басқа жол да жоқ еді…
Тәбетім ашылып,асқазанымның қатты бүріп ауыратыны да қойғандай.Еңсем де тіктеле бастады.Тура бір ай өткенде дәрігеріме бардым.Облыс орталығына аппаратқа түсіп келуіме жолдама берді.
Айтқан бар қағаздарын жинап ,бір апта өткенде аудан орталығына балам екеуміз барып қайттық.
Ертесіне дәрігерім қағаздарымды оқи сала таң қалғандай маған қарап,қолымды қысты.Асқазан жаралары жазылған!Жара орны сәл ғана қызарып тұр екен. Е,Аллам,құдіретіңе мың шүкір! Әліме қарамай аң аулағым келгені де Тәңірімнің берген белгісі деп түсіндім.Ауруды берген құдайым емін де өзі береді екен ғой. Ия,кесіртке маған қалай жазылудың үлгісін көрсеткен екен.Ал мен сол кесірткеден сабақ алыппын.
Менің жасым қазір 88 -ге келді. Асқазаным содан бері ауырған емес .Анда -санда адыраспан шөбін қайнатып ішіп тұрамын. Бір қызығы, мені емдеп жүрген сол аудандық аурухананың дәрігері де дәл менің диагнозыммен ауырып ,дәрілерді уыстап ішіп жүрген жайы бар екен. Өтініп сұраған соң дәрігерімді де адыраспанмен емдеп жазып алдым.Тағы байқағаным, басқа да қосымша «менен қалғысы келмей» жүрген аурулардан да құтылдым,-деп көпті көрген Рысдәулет қария әңгімесін аяқтады.
Альтекова Гауһар Қалиханқызы