Кез келген медальдің екі жағы бар…
Кез келген медальдің екі жағын жиі мысалға келтіруді жақсы көреміз ғой. Сол Аверс пен Реверсті тыншыған санамен тағы бір талдап көрейікші.
Аверс жағы. Президенттің мәлімдемесін тағатсыздана күтіп жүрген біз “Тоқаевтың сөзі біз ойлағандай болмай шықты, бәрімізді ескі жүйенің адамдары алдап соқты, мұның бәрі Путиннің зымиян саясаты, спектакль, шал қатырып кетті, анау-мынау да, ақ-көк” деп түрлі түсті конспирологиялық теорияларға бой бере салдық. Оның себептері де жоқ емес. Айтылып жатқан көп “теориялардың” қисынға келетіндері де бар. Шынымды айтайын, өзімнің де көңіл-күйім алай-дүлей боп, екі түрлі, бір сұмдық болдым да қалдым. Ананы да оқып, мынаны да оқып, ондаған сарапшыны тыңдап, сансыз видео көріп, миым әбден ашып кетті. Кеше кешке жақын көзім қарауытып, есеңгіреп қалдым кәдімгідей. Жаман екен, құрысын
Бүгін бәрін тастап, күнделікті шаруаларымды істеп, миымды демалдырып алдым да, иегімді жұдырығыммен тірей отырып, ештеңе оқымай, қарапайым логикаға салып көрдім.
Ең әуелі, жаңа Үкіметте біз күткендей жаңа есімдер болмай шықты. Сондықтан жұрттың бәрі идеологиялық блоктағы тағайындауларды көрді де, бірден “болды, ештеңе өзгермейді” деп кесіп-пішіп тастады. Ешкім экономикалық және әлеуметтік блоктағы жаңа министрлердің бет-бейнесіне, өмірбаяндарына, есім-сойларына қараған да жоқ. Себебі, көбімізде экономикалық сауат аса жырғап тұрған жоқ, оны мойындайық. Оның жуан ортасында өзім де бармын.
Ал, зиялы қауым, журналист, блогерлер өзіне қатысты саланы және сол саланың адамдарын жақсы біледі. Сондықтан тіпті Асқар Омаровтың тағайындалуын жаңалық деп қабылдамадық. Вице-министр болған жігіт, өзі де журналист, белсенді адам болғасын ба, оған да көп алақай демедік. Әйтпесе жай уақытта Асқардың министрлік портфель алуы — көп-көрім резонанс тудырар еді. Аймағамбетовке бірен-саран қуанған жұрт болды. Қоя салды. Абаевқа тиісіңкіреп көріп еді, онысы аса өткен жоқ. Балаеваның тағайындауын да аса талқылай қоймады. Оған бұл кісілер аса ренжи қоймаған сияқты, пәлесінен аулақ деп қуанбаса Жеңіл құтылып кетті, негізі
Экономикалық блокты айттым. Ол блокты өзінің мамандары талқылап, жілігін шағып, майын ішіп жатқан болар.
Есесіне һәм жоғарыда айтылған жайтқа байланысты біздің контингент Президентті ескі жолмен кетті деп сынай бастады. Жағымпаздықтың асқан үлгісін көрсетіп баққандар туралы әңгіме бөлек. Сол өрши бастаған сынның аяғы жоғарыда айтылған конспирологияға ұласты да кетті. Әдетте, жоғарғы жақтағы үрдістер дейміз бе я кадрлық шешімдер дейміз бе, соншалық бір тылсым түрде, қырғын интрига (аз-мұз болады әрине) түрінде өтпейді. “Түйенің танығаны жантақ” принципі бойынша жүзеге асады негізі. Ал, қоғамға ол пәлен есе үлкейтіліп, құбыжықтана көрінеді. Ру-прулық әңгіме басталады, ананың адамы ғой, мынаның жерлесі ғой, пәт-шәт дегендей талқылаулар ерен лаулайды сосын. 1-2 күннен кейін басылады бәрі.
Біз де 11-нен не күтеміз деп дауылдата жаздық. Үкіметке жаңа есімдер керек дедік. Ескі адамдар болмасын дедік. Ол пікірді бәрі айтты. Бірақ, Президенттің ақпараты бізден көп. Шешетін тағы өзі. Осылай болды енді. Одан трагедия жасаудың қажеті шамалы. Тек жаңағы аттары аталған-аталмаған министрлерге жаңа жағдайда жаңаша ойлап, жұмыс істеу керектігін, ескі әдіс-тәсіл ендігі халыққа өтпейтінін, елмен жоғарыдан емес, тең сөйлесу керектігін, мемлекеттшіл болып, халық мүддесіне ғана қызмет ету керектігін ескертеміз!
Реверс жағы. Президенттің сөзіне талдау жасамай-ақ қояйын. Ерінбегеннің бәрі жазды. Тек бір нәрсені айта кетейін. Тоқаев МИДтің мектебінен өткен адам. Олардың ойлау жүйесі басқа болады. Көп дүниені ишарамен, меңзеумен айтуға санасы мен миы дағдыланып қалған. Айқай-сүрең сап ешқашан айтпайды. Құшақтап тұрып тұншықтырады, күліп тұрып…
Десе де Президент дипломатияның тілімен болса да бірнеше мәселені терісін сыпырып тұрып айтты. Оны да білесіздер, қайталамаймын. Енді неге кінәлілер туралы ашық айтпады дегенге келейік. Себебі, тергеу жүріп жатыр. Тергеуге ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Оны бәрімізге тәптіштеп, түсіндіріп отырмайды ғой. Халық ақымақ емес, өйткені. Оның үстіне “кінәсіздік презумпциясы” деген ұғым бар. Яғни істің анық-қанығына көз жетіп, соттың шешімі шықпайынша, ешкім ештеңе айтпауға тиіс. Талғат Ермегияевтің ісі естеріңізде шығар. Міне сонда, кінәсі анықталмаған адам туралы бір кісі қылмыскер деп айтып жіберген болатын. Одан кейін сот басқа шешім шығара алмай қалды. Шамамен солай болған сияқты. Сондықтан, солай…
Ал, енді неге анау былай емес, мынау неге олай емес дегенге келетін болсақ, ол да адамның табиғатына һәм статусына байланысты. Президент елдің айтқан сөзінің жетегінде жүруге тиіс емес. Міндетті де емес. Әрі бұл кісі шалт қимылдауды, популизмді ұнатпайтынын байқатты. Ол меніңше өте дұрыс һәм бізге олжа мінез. Өйткені Мемлекет басшысының әр сөзі мен ишарасы, қимылы мен қабағының қалай қимылдағанына дейін елдің тағдырына әсер етеді. ОДКБ туралы қашан кететінін айтты. ОДКБ әскері енді қалады, Путин енді Қазақстаннан шықпайды деудің қажеті жоқ. Президенттің сөзі көрші Марат ағаның сөзі емес қой. Кетпесе өзіне сын болып қалмай ма?! Жаңа Қазақстан, саяси реформалар да Марат ағай емес, Президент айтып отыр. Орындамаса, не болатынын бізсіз де өзі жақсы біліп отыр. Ал, Путин біздің елге кіргісі келсе, рұқсат сұрап отырады дейсіз бе? Беті аулақ!
Сосын, осындай көптеген конспирологиялық әрекеттерді Президенттің қарсыластары, шөміштен қағылып қалғандар, ескі жүйенің сақталуынан әлі де үміткер арандатушы топтар, олигархтар, отбасының өзі ұйымдастырып отыруы бек мүмкін екенін неге ойламадық?! Қисынды ма, қисынды. Себебі, олардың террор арқылы жасағысы келген жоспары іске аспады. Енді ақпараттық соғысты бастады. Ал, ақпараттық соғыстың қандай айла-шарғылар арқылы өтетінін менен гөрі жақсы білесіздер.
Өз басым оқиғалардың алғашқы күндеріндегі Тоқаевтың көздерін ұмытқам жоқ. Ол жанарда өзінің тарихи миссиясы үшін үрей де, алаң да, қобалжу да, үміт те, бәрі тұрды. Адамның жанары ешқашан алдамайды. Жанар қартаймайды, өзгермейді. Сондықтан, спектакль қойылымында, жаңағыдай көзді ойнат десе де ешбір актер сала алмас еді. Жас шығара алса да, жүректің ішіндегісін көрерменге бере алмайды. Демек, сол күндердегі Тоқаевтың қай әрекеті болсын, спектакльге ұқсамайды. Спектакльді спектакльдері осылғыр басқалар қойды. Тұтылған да, ұтылған да солар. Біз алғашқы күндердегі үрейімізді, алаңымызды тез ұмыттық. Сол кезде Құдай мен Президентке ғана қарап қалған жоқпыз ба?! Енді бәрі тыныштала бастағанда, аунай қалдық па?! Өз басым Тоқаевқа сенем. Жас емес. Бұл кісіге баю, басқа дүние қызық емес. Тарих пен Тәңір алдындағы миссиямды тиісті деңгейде атқарып кетсем деп жүрген адам. Оны адам танитындар көріп те отыр. Сондықтан не болса соған сене бермейік (өзіме де айтып отырмын), бәріміз бірге істің аяғын күтейік. Ел мен мемлекетіміздің амандығын ойлайық.
P.S. Пост төленбеген, тапсырма түспеген. Ешқашан тапсырыспен жазған адам емеспін. Жағымпаз деп сөккендерге жауап бермеймін.
Авторы: Ақберген Елгезек
Дина Елгезектің фейсбук парақшасынан