КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ КЕҢЕС

КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ КЕҢЕС
Бүгін аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен мекеме басшыларының және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен аппараттық кеңес өтті. Онда өңіріміздегі білім саласы мен аудан орталығындағы жұмыстардың деңгейі қаралып, шешімін күткен мәселелер талқыланды.
Ең алдымен білім бөлімінің басшысы баяндама жасап, оқушылардың білім сапасы мен алдағы жоспарлы жұмыстарға тоқталды. Бір айта кететін жайт, биыл ауданымызда білім мекемелерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар басталып кетті. Мәселен, үстіміздегі жылы 600 орындық 2 жайлы мектептің құрылысы басталады деп жоспарланса, Жиенбет ауылынан тағы бір білім ошағы бой көтеруде. Одан бөлек, Тасөткел ауылындағы Ш.Мұртаза және Шу қаласындағы А.Макаренко атындағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да басталып кетті. Кеңес барысында аталған жұмыстарды қатаң бақылауда ұстау ескертілді.
Сонымен қатар, Төле би ауылдық округінде атқарылған жұмыстардың сапасы мен түйткілді мәселелер талқыланып, ауыл әкіміне қоқысқа, жол белгілеріне және көше жолдарын ретке келтіру сынды мәселелерді уақыт оздырмай шешу жүктелді.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі