КИЕЛІ МАҢҒЫСТАУДА «ӘУЛИЕ ВАЛЕНТИН» не істеп жүр?
14 ақпан жақындаған сайын жылда тақымымызды қыса бастаймыз. Себебі бұл «Ғашықтар күні». «Әулие Валентин күні» деп әспеттеп қояды ұйымдастырушылар. Қайдан келгені белгісіз — мереке! Тіпті мұсылман баласына жат ұғым. Әйтсе де, Астана қаласында бұл мереке жылда аталып өтеді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағасын сол емес пе? Бұл күнді атап өтушілер ғашықтарына гүл, тәтті тағам, ойыншықтар, шар, арнайы безендірілген хаттар сыйлайды деген ақпарат бар. Одан сорақысының да болатыны жайлы мәлімет көп. Тіпті лауазымды қызметте істейтін көптеген қазақтар бұл күнді асыға күтетінін естігенде жағамызды ұстадық. Егер дін мен дәстүрді бойына әбден сіңірген байырғы қазақ мұны естісе: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деп жеті өрім қамшымен қыр арқадан салар еді….
Былтырлары осы «ғашықтар күні» мерекесі қарсаңында супермаркетте жалаңаштанған жігіттерге 5 мың теңгеге дейін тегін сауда жасауға рұқсат берілгені жайлы видео желі арқылы халыққа тез тарады. Тегіннің «әкесі өлгелі» қай заман! Сондықтан талап мынадай болыпты. Қандайда бір қыз бен жігіт үстіндегі бар киімін сыпырып тастап, тек лыпасымен ғана сауда жасаса қалағаны болады. Сонда екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиып, тегін тамақ алғандарына мәз болғандардың дені қазақ баласы болып шықты. Арасында қыздардың да жүруі қазақ ұлты үшін өлім ғой. Қу тамақ үшін әуретін ашып, тұрсиына дейін шеше салған жастарды көріп жұрт шошыды.
Егер бұлай жалғаса берсе, кім көрінген басына берсе, қазақтығымыздан, мұсылман-дығымыздан не қалады? Бұған билік араласып, Парламентте отырған көкелер заңдық тұрғыда тоқтам салмаса, ертең бәрі кеш болмақ!
Біздікі «қорыққан бірінші жұдырықтайды» дегеннің кебі ғой. «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» демекші, күні кеше «Lada.kz» сайтында 14 ақпан күні «В Актау пройдет акция ко Дню влюбленных «Самый масштабный поцелуй» деген ақпарат шықты. Масқара! Қазақтың киелі Маң-ғыстауында, қазақ ұлты шоғырланған өлкеде «жаппай сүйісу» жоспарланып қойыпты. Бұл ұлтты басыну емей немене? Маңғыстау облыстық прокуратурасы не қарап отыр?!
Еш зиянсыз көрінгенімен мұның артында, құтұрқы саясат пен азғындық тұрғанын аңғал қазақ сезінбей өте ме?! Керек десеңіз 362 әулие жатқан киелі мекенде, қайдағы бір «әулие Валентинге» арнап «жаппай сүйіс» өткізу — бұл барып тұрған моральдық диверсия ғой!
Қазақтың әр баласы сананы улаған жат қылықтардан аулақ болса екен деген тілек біздікі. Ел басындағы азаматтар да ата-баба аманатына адал болса дейміз! Ақтаудағы бауырларымыз мұндай көргенсіздіктерге жол бермейді деген сеніммен жазбамызды аяқтаймыз!
Нағашыбай Қабылбек