КИЕЛІ МЕКЕНДІ ҚОРЛАП,АЛАШ БАЛАСЫН МАЗАҚ ЕТКЕНДЕРГЕ ЖАЗА БАР МА?

Мені жұрт Еланасы дейді. Бәлкім жасымды сыйлағаны, мүмкін сөзімді қимағаны! «Qazaqstan dauiri» газетінің алдыңғы нөміріне «Спортқа да, халқымызға да ұлттық рух жетіспей тұр» деген мақала жазып едім. Онда Францияда өткен олимпиададағы сорақылықтар, ЛГБТ-ны ашық насихаттауға қарсы Еланасы ретінде қарсылығымды білдірдім. Себебі елімізде ЛГБТ құлашын кеңге жайып барады. Қайран елім, ертеңің не болмақ? Болашағың қайда барады? Ұлт болып ұйысудың орнына, шілдің боғындай шашырап жоқ боласың ба?  Заңымыз да солардың ығына жығылып тұрғандай көрінеді.

Еңсеңді тікте, халқым! Оян ұйқыдан, қазағым! Жер бауырлап, жымысқыланып зұлымдық ұрығын себуге, адамдық болмысыңды жоюға аждаһа пиғылды, шайтани ойлы азғын топтар іргеңнен кіріп жатыр. Олардың мақсаты – қазақ ұлтын жою, ұл-қызыңды соңына ертіп, түпсіз терең түнекке апарып құрдымға құлату. Тек қазақты ғана емес, әлемді ібілістің әскері қылу. Жер бетін лас тірлік пен азғындықтың алаңына айналдыру! Көрінбей келсе бір жөн, олар қазір ашық шабуылға шықты. Себебі қолдаушылары молайды.  Қарсы тұрмасақ, ығына жығылсақ, болмысыңды күл, ұл-қызыңды құл етеді. Ізгілігіңді сыз, адамгершілігіңді, салт-санаңды мұз етеді. Оянайық, ағайын, ойланайық, ағайын!

Ана мен баланы қорғау туралы заңды қанша әспеттесек те, оны билік жанын сала қорғаса да, оның түбірінде отбасы құндылығына балта шабу принципі жатыр. Ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық құндылықты жоюға деген  көзге көрінбейтін шабуыл жатыр. Оған дәлел көп. Бүгіндері ерін ұрды деп соттатып, ұруға оқталды деп, дауыс көтерді деп түрмеге тоғытып жатқан қатын көп. Мұның бәрі ана мен баланы қорғау туралы заңның жемісі, жетістігі!  Азаматтық ұстанымы үшін он бес күндей абақтыға қамалып шыққан  Құрал Сейтханұлының ФБ-да жазған мына пікірі ойлануға тұрарлық.

«Қамауда көптеген азаматтар отбасылық жанжалдың кесірінен отыр. Мына пост солардың өтініші бойынша.  Қатындарын боқтағаны үшін немесе ішіп келіп қол көтергені үшін қамалған.

Бір жігіт жас келіншегімен бір жыл бұрын ажырасып кеткен екен. Сол жас келін инстаграмнан бұрынғы күйеуінің жекесіне басқа фейк аккаунтпен жазған. Жазып отырған өзінің бұрынғы келіншегі екенін біліп қойған жігіт келіншегін боқтап берген. Келіншегі соны скриндеп алып, күйеуін әкімшілік тәртіпте сотқа берген. Содан сот күйеуін 15 тәулікке қамап тастаған. Аккаунттың фейк екенін негізге алмаған.

Тағы бір жігіт Астанада құрылыста істеп жүрсе, мына жақта жас келіншегі көзіне шөп салған. Содан әлгі жігіт келіншегіне қоңырау шалып боқтағаны үшін қамалған. Жалпы, қатындары көздеріне шөп салғаны үшін қамалған екі-үш азаматпен сөйлестім. «Боқтамағанда не істейін енді? Өлтірейін бе?» – дейді күйініп. Бұл азаматтар енді тағы да қатындарын боқтаса, келесі жолы қылмыстық жауапкершілікке тартылады екен. Полиция қызметкерлері солай ескертіпті. Жігіттердің барлығы дерлік шыққан соң, ол қатынмен тұрмаймын деп бекініп отыр. Бұл заң осылайша ажырасатындардың санын одан сайын көбейтейін деп тұр. Еркектердің қадірі жоқ заман-ай дерсің.

«Бас-басыңа бай қайда? Бай таңдайтын заман ба?» деп еңіреген Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның заманында ер-азаматтар бұндай құнсыз емес еді» депті. Бұл шынымен үлкен жанайқай! Түсінген адамға үлкен қасірет! Зор қайғы!

БАТЫСТЫҢ ЕМЕС, «ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫҢ» ЗАҢЫ КЕРЕК ҚАЗАҚҚА

Ана мен баланы қорғау туралы заң айналымға шыққанда өре түрегеліп, қарсы шыққандардың санатында мен де болдым. Себебі ұлт келешегін ойлау – ұлы міндет! Батыстың қаңсығына таңсық болу жөн бе? Заң құран сөзі емес. Оны өзгертуге болады. Ұлт келешегін ойласақ, ата-баба дәстүрін сыйласақ. Әйтпесе әйел бетімен кетеді. Оны қазірдің өзінде көріп жатырмыз. Айтуға ауыз бармайтын оқиғалар белең алуда. Құлақ естімеген нәрселер орын алып жатыр. Кімді кінәлаймыз? Мұның бәріне кім жауапты? Мұның арты ұлт ретінде жойылуға апарып соға ма деп қорқамын. Әріге бармай-ақ қояйын, бір ғана Түркістан облысында арандату, бопсалау, шенеуніктерді қорқыту, үркіту ушығып тұр. Кәрі қыздардың кәріне мініп, ойларына келгенін істеп жатқаны анау. Оңтүстікті шулатқан «Боғауыз зауыштың» төрт баласымен істемеген ісі жоқ.

НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА: ОСЫ СІЛТЕМЕГЕ ӨТІП МАҚАЛАНЫ ОҚЫСАҢЫЗДАР БОЛАДЫ.

https://qazdauiri.kz/news/elmuratovaga-syqqan-sot-ukiminin-sideri-bos-tusauy-alsiz-1  Елмұратоваға шыққан сот үкімінің «шідері» бос, «тұсауы» әлсіз…

Бопсалау, қорқыту оның кәсібіне айналған. Алты жылға сотталды. Бұл оған аз.  Өзгелерге сабақ болу үшін оны қатаң жазалау керек еді. Жоқ, олай болмады. Арзанға үй салдыру, жағдайын жасату, басшыларды бопсалап қана қоймай, жақындасып, жала жабу үшін оны камераға түсіріп қорқыту үрдісі әлі жалғасып тұр. Қасында күйеуі жүріп осыны істеген қатыннан не үміт, не қайыр?!  Оның ізін жалғастырып жүрген қатын-қалаш қаншама!  Бопсалап қызмет алу, бопсалап жағдайын жасау Түркістан облысында кең етек жайып тұр. Жамандық тез жайылады. Өзге облыстар да сүттен ақ, судан таза дей алмаймын. Ол жақтарда да былық көп… Ең сорақысы қалталы, қызметі бар жігіттерді бопсалау тыйылар емес. Ойына келгенді істеп, жүрісін жүріп, арсыздықты кәсіп еткен кәрі қыздардың ісі шектен шығып барады. Оларға тоқтам болмаса, ертеңіміз бұлыңғыр, келешегіміз сорақы болмақ. Олар «баланы сенен тудым» деп ДНК жасатып, ер-азаматтарды құрығына түсіріп, әуре етуде. Бұл қазақ естіген сөз бе еді? Баяғы қазақ мұны естісе, «мал құлағы саңырау» дейтін. Бүгінгі қазақ үнсіз, дәрменсіз. Себебі бойында рух жоқ. Билік ұлттың рухын сындырды, сөйтіп басыбайлы құлы секілді бағындырды. Басқа не айтуға болады? Ұлт келешегін ойлаған билік осындай сорақылықтарға тоқтам жасар еді ғой ендігі. Оның бірі жоқ. «Күл болмасаң, бүл бол» деген мысықтілеу сезіледі.  Бүгінгі заң осылай үстемдік ете берсе, жуық арада ер-азаматтарды қорғайтын заң шығаруға тура келмек. Ердің мысын басып, рухын төмендетіп, ана мен баланың дәрежесін көтеру арсыз қоғамның көрінісі. Біздің даламыздың өз заңы болған. Сол заңды неге Конституцияға енгізбеске? Батысқа қарап «мөңірей бергенше», ұлттық құндылықтарды  асқақтату ұлт мерейі емес пе?

«Жеті жарғы» дала заңдарының жинағында әйелдер құқығы туралы да баптар баршылық. Олар әйелге сый-құрмет көрсетуге, жазықсыз айыптамауға үндеген. Алайда әйелге үстемдік те бермеген. Тең ұстаған. Әділдік орнатқан. Бала құқығы да нақты көрсетілген.  Қазақ хандығында әйелдер құқы қандай болған? Оқып көрелік.

Әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауы тиic, сұрамаған жағдайда арсыздығы үшін айып салынады. Сондай-ақ, ер-азамат жақын туысымен, өз руының қызымен некелесуіне қатаң тыйым салынған. Ол үшін өлім жазасына кесіліп отырған. Немесе сол рудың талқысына берілген.

Мәселен, «Жеті жарғы» бойынша әйелі epінің көзіне шөп салса, яғни зинақорлықпен айналысса және күйеуі оны сол сәтте ұстап алса, өлтіруге құқылы, бipaқ қылмысты сол сәтінде жариялауы тиіс. Егер де әйелі көзіне шөп салды деп күмәнданған еркектің сөзін 4 сенімді адам теріске шығарса, әйел жазадан босатылған. Әкeci баласын жазалауға құқылы, ол үшін жауапты болмаған. Бipaқ баласына енші беруге міндетті. Сондай-ақ, қызын құда түсе келген адамның ұлына беруге, баласының қылмысы үшін айып төлеуге міндетті. Бәйбішенің құқығы тоқалдан едәуір артық болған. Егер ол айғақтайтын негіз тапса, ақсақалдар билігінің рұқсатымен күйеуін тастап, төркініне кетіп отырған. Бұндай құқық тоқалға берілмеген. Ер баланың қыз баладан құқығының артықшылығы сол – әкесінен қалған мал-мүлікке мұрагер бола алады. Күйеуге шыққан қызы мұндай құқықты пайдалана алмаған. Ал, үйдегі қыз ер балаға тиесілі мұраның жартысын иеленуге құқылы еді. Ол кездің заңында қыз бен жігіттің үйлену жасы нақты көрсетілмеген. Бірақ балиғатқа жеткен ұл мен қыздың некесін қия берген.

Екі жасты үйлендіру үшін қалыңмал төлеу, ұрын бару секілді жоралғыларды орындаған. Егер eкi жас қосылмай тұрып, бipі өлсе, айталық, қыз бала марқұм болса, онда күйеу жағы қалың төлеуден босатылмаған. Жігіт сол үйдің басқа қызына үйленген. Ал егер ұл бала қайтыс болса, қыз баланы оның iнici әйелдікке алады. Eкi жақ келіскен жағдайда да ауызша келісімшарттар бұзылып, берілген қалыңмал қайтарылған. Неке бұзу жайы да заңда қарастырылған. Айталық, әйелі сенімсіздік танытатын болса, күйеуінің ырқымен ажырасуға құқылы. Мұндай жағдайда балалар әкесінің қолында қалған. Керісінше, әйелі опасыз болып шықса да, балалар әкесінің қамқорлығына беріледі. «Жеті жарғы» заңында күйеуі әйeлiмен еш себепсіз ажырасатын болса, онда балалар шешесінің қамқорлығына берілетіндігі айтылған. Жесір қалған әйел қайтыс болған күйеуінің ағасына не інiciнe әмеңгерлік жолмен әйелдікке беріледі. Марқұмның балалары мен мал-мүлкі де бауырының жауапкершілігіне өтеді. Егер жесір әйел әмеңгерлік жолмен күйеуге шыққысы келмесе, онда балалары балиғатқа жеткенше, мал-мүлік, балаларына өзі бас-көз болады. Жесір әйелге мұраның сегізден бipі тиесілі болған. «Жеті жарғыға» сәйкес, әйелді зәбірлеген, зорлаған адам өлім жазасына кесіледі. Адам өлтіру мен әйел зорлау екеуі бір дәрежедегі ауыр қылмыстар санатына жатқызылған. Кей жағдайда әйелдің күйеуі немесе күйеуі жоқ болса, туыстары қорлаған адамды кешіруі де мүмкін. Ол жағдайда қылмыскер арнайы белгіленген айыпты төлеп, жазадан құтылған. Ал, егер бойжеткенді зорлап кетсе, айыпкер оған үйленуге тиіс. Бірақ ол үшін қалың малын және айыбы үшін бір «тоғыз» төлейді. Жалпы, «Жеті жарғының» бір тармағы түгелдей жесір дауына арналған. Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің көрегендігі мен данышпандығы осы тармақта айрықша көрініс табады. Мәселен, біреудің әйелін келісімсіз алып қашса қалай болады? Бұл Тәуке хан заңы бойынша қылмыскер өлім жазасына кесіледі немесе құнын төлеу арқылы жазадан құтылады. Ал, әйелді келісімімен алып қашса, қалай болмақ? Онда оның күйеуіне қалың мал төлеп, оған қалыңсыз қыз беpу арқылы алып қашқан әйелді өзіне жар ете алады екен. Қaзipгi қылмыстық кодексте әйелді еркіне қарамастан алып қашу бабы ғана бар. Ал, біреудің әйелін оның келісімімен алып қашатын болса, жазасы белгіленбеген.

Біз «әкең келе жатыр» дегенді естіп өскен ұрпақпыз. Ер-азаматты биік көруші едік. Қайда барамыз?  Қай жерде жоғаламыз? Бүгінгі ұрпақты қайда апара жатырмыз, ағайын?

МЕМЛЕКЕТ БАЛА КҮТІМІНЕ ЕМЕС, ИТ КҮТІМІНЕ АҚШАНЫ КӨП БӨЛЕДІ

Киелі Маңғыстауда иттер «үйленді». Олардың тойы мейрамханада дүркіреп өтті. Бұдан асқан Қазақстан үшін қорлық бар ма? Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанға не бетімізді айтамыз? Олардың алдына түсіп көшбасшы болғанымыз осы ма? Иттерді «үйлендірген» мейрамхана иесіне не істей аламыз? Ол жекеменшік иесі. Оған ақша төлесе болды! Бәрін істеуге бар. Бүгін күліп отырған ағайын ертең сенің ауылыңда да иттердің тойы өтпесіне кепілдігің бар ма? Жамандық тез жайылатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Беті аулақ! Мені ашындыратыны, «иттің үйлену тойына» селт еткен Парламент депутаттарын, Үкіметтің мүшелерін, ақорданың идеологтарын көрмеуім. Олардың бұл  немқұрайлылығы ұлтты басынуға, салт-дәстүрді қорлауға жол ашуы деп түсіну керек. Біз оларға сенім артып, билікке қойып отырмыз. Олар бізді қорғауға, ұлттық болмысты сақтауға, ата-баба аманатына адал болуға міндетті!  Жоқ, олар селт етпейді. Себебі оларға бәрібір секілді. Жақсы қызмет, жоғары жалақы… олардың, кейбір ұлтжанды азаматтардың үнін шығармауға жетіп жатыр десем, артық кетті демеңіздер!

Ит демекші, ит жеті қазынаның бірі, адамның сенімді серігі, итке бар жағдай жасалуда. Қазақстанда парадокс көп. Мәселен, көпбалалы аналар үшін әр баланың күтіміне айына 13 мың теңгедей төленеді. Жылына 156 мың теңге деп алайық. Ал түрмедегі қылмыскерді асырап-бағуға жылына 1 миллион теңге кетеді екен. Оны 12 айға шақсаңыз, шамамен 90 мың теңгеден айналады деген сөз. Бала да, түрмедегі жазасын өтеуші де адам. Ал мына қызықты қараңыз, Қазақстанда бұралқы итті бағуға 15 күнге 96 мың теңге жұмсалады дейді. Мұны бір айға еселесек – 192 мың теңге, бір жылға есептесек – 2 млн 300 мың теңгеге барып жығылады. Сонда Қазақстанда адамнан ит артық деген сөз бе? Басқаша балама таба алмадық.

2022 жылы бекітілген бала күтіміне байланысты деректерді қараңыз! Мәселен, бірінші балаға 19 897 теңге бөлінсе, екіншіге 23 495, үшінші балаға 27 083, төртінші бала үшін 30 705 теңге төленеді екен. Мұны айға емес, жылға еселесеңіз де, бұралқы иттің бағым қаражатына жетпейді.

Бала күтіміне бөлінетін қаржыны сотталушыға кететін ақшамен де салыстырып есептеп көрдік. Сотталушы ғана емес, тергеуде жатқан күдіктіні де асырап-бағуға бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Айталық, соңғы мәліметтерге сүйенсек, тергеуде жатқан адамға күніне 2500, жылына 876 мың теңге шығындалады. Қазақстандықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі алдыңғы, былтырғы деректер бойынша 60 мың теңге деп көрсетілген. Бұл да парадокстың көкесі. Аяқ-қолы бүтін бір азаматтың табысын күн сайын түрмеде жатқан сотталушының тамағына төлеп отырмыз…

Бұған дейін итті атуға мемлекеттен қомақты қаржы шығындалып келген болатын. Ғаламтордан ондай есепсіз миллиондарды көптеп кездестіресіз. Бір қызығы, ит атуға әр облыс өзінше қаржы қарастырып отырған. 2022 жылы Ақтөбе облысы иесіз иттердің көзін жоюға 41 млн теңге жұмсапты. 2021 жылы 1 млрд теңге, 2019 жылы 54 млн теңге кеткен. Мұның бәрі ит атуды шектейтін заң талабы күшіне енгенге дейінгі миллиондар. Зооқорғаушы Сергей Снегирёвтің айтуынша, әкімдер ит атуды көлеңкелі бизнеске айналдырып алған көрінеді. Көлеңкелі бизнес болмаса, Ақтөбе әкімдігі ит атқыштарға бөлетін ақшаны мың құбылтпас еді ғой. Біз бір ғана облыстың ит атуға шығындаған ақшасын келтіріп отырмыз. Басқа аймақтар да кем емес. Осының өзінен сіз бен біздің ай сайын салыққа төлеп отырған қаржымыздың бір бөлігі қайда, қандай мақсатқа жұмсалып отырғанын түсіне беріңіз. Иттің жемі, дүние-ай!

 

Былтыр көктемде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Оны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған болатын. Бұл заң бойынша бұдан былай бұралқы иттерді бейберекет ата алмайсыз. Атсаңыз, басыңыз бәлеге қалады.

Бір қызығы, ит атуды заңмен шектеудің дұрыс еместігін ит пен мысыққа үйір табиғат жанашырлары әртүрлі дәлел-дәйектермен қорғап әлек. Мұнысы әкімдік өкілдеріне де қатты ұнайтын сияқты. Ит пен мысыққа болса да, құйылып жатқан ақшаны кім жек көрсін? Иесіз ит пен мысықты атуға болмайды, онда асырау керек деген сөз. Әңгіме басында айтқанымыздай, ай сайын бала күтімінен көп қаржы жұмсап итті бағу, қарау, екпесін салу алдымен табиғат жанашырларына керек шаруа. Одан кейін ит-мысықты көлеңкелі бизнеске айналдырып алған әкімқараларға қосымша табыс бұл.

Былтыр Шымкент әкімдігі иттерді кастрациялауға 140 миллион теңге бөліп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Піштіруден бөлек, иесіз мақұлықты күтіп-баптау үшін бюджеттен тағы 120 миллион теңге қарастырған. Оның қаншасына қай мал дәрігері ит пішіп, кімнің ит бағып жүргенін кім қарап отыр дейсің?!

Үкімет басшысы иттерге қатысты заң жобасын іске асыру үшін 2022 жылға 1 485,6 млн теңге қарастырылғанын айтқан. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады депсіз. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация, басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр» дейді. Демек заңға қол қойылғанымен, оның орындалуында кемшілік көп деген сөз.

Қазақстанда кемшіліксіз орындалатын, мүлтіксіз атқарылатын заң аз. Ит атуды шектеу туралы заң қабылданғанымен, бұралқы иттердің мәселесі әлі шешілген жоқ. Екі күннің бірінде ауыл-аймақтарда ит қапқан баланың зары, ит талаған тұрғындардың жанайқайы естіліп жатады. Ит қорыған қоғамда адамды қорғау неге қиын? Ит бағу бала күтімінен де маңызды мәселеге айналғаны қалай? Сұрақ көп, жауап жоқ.

ҰЛТТЫ ЖОЮДЫҢ НАҚТЫ ҚАДАМДАРЫ ЖАСАЛУДА. ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ, ҚАЙДАСЫҢ?

Қазақтан азған халық бар ма екен дейін десең, өз қаның, өз ұлтың. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың!  Иттерді үйлендіріп той жасаған және соған атсалысқан адамдарды заң жүзінде жауапқа тарту керек еді.  Ол жоқ.  Билік өзінше, халық өзінше күнелтуде. Ортақ мүдде, ортақ ой адыра қалған. Ұят болады дегенді түсінбейтін бұндайларды тек заңмен ғана тәрбиелеу керектігін айта-айта шаршадым. Олардың қазақ халқында жоқ сұмдықты шығарып, ұлтымызды масқаралап отырғаны билікті алаңдатпауы үлкен қасірет! Үлкен катастрофа!

Ақтаудағы мейрамханада   тойлап «еркелеп»  жүрген  әйелдердің  барлығы  да  жергілікті  «әкім қаралардың»  және  «байшікештердің»  үйіндегі  «тойып  секірген  сылқымдар» болуы бек мүмкін.  Бұл  бір  жағынан  надандықтан  Батыс  елдеріне  еліктеген     «дарақылық»,  екінші  жағынан  өздерінің    байлығын көрсетіп  ерекше  мақтанғысы  келген  «еріккен  ерке  тотайлардың» ойлап  тапқан  «тусовкасы».

Ал тапқаны  тамағынан  артылмай  отырған  халық,  иті  тұрмақ,   ұл-қызын  үйлендіруге  несие-қарыз  алып  той  жасаған  болады…

«Иттердің  тойы» 32  жылдан  бері  тоқырауға  ұшыраған  қоғамның,  кездейсоқ  оңай  жолмен  қолына  «шексіз  билік»  пен  қараусыз  «ел  байлығы»   қоса  тиген  «мәңгүрттердің»  рухани  жұтауының  (ежелгі  Рим  империясы  ыдыраған  дәуірдегі  «азғынданған  қоғамға»   ұқсас),  қазіргі  Қазақстандағы  қалыптасқан  «әлеуметтік      әділетсіздіктің»  айқын  көрінісі  және  дәлелі…

Қазақтардың ержүрек, кең, ақжарқын мінезіне орай еліккіш мінезін де өткен ғасырларда зерттеушілер көрсетіп өткен. Дәл байқағандығын бүгінгі  (феминист, гендерлік теңдік, фрейдтің  сандырағын жалаулатқан психологсымақтар, коуч (т.б. қаптағанынан көріп жүрміз. Итті құшып, сүйіп, қаңғыбас, бұралқы иттердің құқығын қорғап, шуласқандар да орыстілді қазақтар. Бір әйдік жазушы ағамыздың немере қызы (бала емес, жасы 30-да) көшеден тауып алған бұралқы иті аурудан өліп қалғанда, жұбана алмай ұзақ уақыт аза тұтып еді, орысшалап жоқтау айтып еді… Оны да қалың елі қазағы ұмыта қойған жоқ…

Осындайда еске Бердібектей азамат түседі. Оны да оңдырмаған бұл қазағым. «Персиктің өлімін» дәріптеді деп, оған да не айтпады? Марқұмның жанына оның да ауыр соққаны анық. Итімді атты деп келген әйелге жаны мейірімге толы Бердібектей тұлғаның жанашырлық танытқаны біреулерге ұнамай қалып, не демеді! Қайда апармады?! Балаға жыламай итке жылаған әйелдің көз жасын көріп, «жылама, айналайын» деген сөзіне бола атқа теріс мінгізгеніміз «итке көңіл айтты деп көпіргеніміз» кеше ғана емес пе еді? Сөйтіп қызметінен де кетіріп, ақырында өлтіріп тынғанымыз да шындық!

Анамын ғой, қыздардың болашағына алаңдаймын. Иттерді үйлендіріп жатқандарға бәрібір. Оларға қызық керек. Арсыздық олар үшін жай ғана нәрсе болып тұр. Ал оның артында қаншама қайғы мен қасірет жатыр!  Кешегі ар-намысын бәрінен де биік қойған қазақ қыздарының бүгінгі ұрпағы көрінгеннен қорлық көріп, жаттың қолжаулығына айналуда. Итпен неке құрған Америка мен батыс қыздарының ана қылығы бізге де құрық салуда. Ер мен ер, әйел мен әйел үйленуде. Көбі жасырын қалуда. Түнгі клубтар солардың жоғын жоқтауда. ЛГБТ көшеңде сайран салуда.   Бүгінде жастар арасында «азаматтық неке» деген пәле шықты. Неке деген аты болмаса, бұл жерде бірге тұратын қыз бен жігіт өзара келіспей қалса, екеуі екі жаққа кете береді. Бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік сезінбейді. Тіпті, екеуінің арасында бала болса да ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Батыстан келген бұл «үрдіс» те жастар арасында кеңінен белең алып барады. Олар үшін бұл үйреншікті дүние. Әсіресе, «неке» деген қасиетті ұғымның қадірін кетіріп жүргендердің ішінде өзіміздің қаракөздеріміздің де жетіп артылатыны жаныңа батады. Ал жүкті болып, үйленіп, бір-екі айдан кейін босанатын «дайын келіндердің» санында да шек жоқ.

Бүгінгі қазақ қоғамының тағы бір дерті – жасанды түсік. Әсіресе, бұл дерттің жыл сайын «жасарып» бара жатқаны ішіңді удай ашытады. Бірнеше жыл бұрын мектеп бітірген бойжеткендердің аяғы ауыр дегенді естісек, жағамызды ұстаушы едік. Ал қазір… Ал қазір «12 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, түсік жасатыпты» десе де селт етпейтін болдық. Себебі бұл үйреншікті құбылысқа айналып барады. Ең қорқыныштысы да осы.

Қарға тамырлы қазақтың ұрпағын тәрбиелеп, өмірге ұлы тұлғалар әкелетін болашақ аналарымыз өзінің ертеңгі тағдырына бүгін балта шауып жатыр. Кей мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, 1643 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалады екен. Ал алғашқы шаранасын жасанды түсік арқылы алдырған қыздың ертең ана атанары екіталай. Бұл жайында дәрігерлер де дабыл қағып айтуда. Бірақ, онымен жасанды түсік «дерті» азаяр емес. Мұны көпшілік бүгінгі интернет пен телеарналарда көрсетіліп жатқан фильмдер мен небір арсыз, ұятсыз бағдарламалардың кесірі деп түсінеді. Иә, таңның атысы, күннің батысы «көгілдір жәшікке» телміретін жастар оң-солын әлі ажырата алмағандықтан, одан теріс тәрбие алмағанда қайтеді?! Қазақ қоғамында, жасыратыны жоқ, қыздан қылық, ұлдан ұлық мінез жоғалуда.  Ұлттық идеология басындағы азаматтар іске бекем кіріспесе, ертең кеш болуы мүмкін. Қазақ ұлты жойылуға бет алуда. Себебі жастар азғындыққа бет бұруда. Ұлттық құндылық ұлтараққа айналуда. Тез арада билік тізгінді қолға алмаса, ұлтты сақтап қалу жолында күреспесе, дендеген ауру ұлтты ұрып жығудан тайынар емес. Жау кеткесін қылышты тасқа шабу кімге керек?!

Дереккөз:https://www.facebook.com/share/p/1LmJRvBnVLQyqbcW/?mibextid=oFDknk

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері