Киелі Сарыарқа: Қарағанды облысында тарихи-өлкетану зерттеулері байқауының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында «Киелі Сарыарқа» тарихи-өлкетану зерттеулер байқауы өтті. Оған 12-18 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Онлайн режимде киелі орындардың 50 жоба-макеті қорғалды.

Байқаудың ұйымдастырушылары – Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және білім басқармасы.

 

 

«Мұндай байқауды біз алғаш рет өткіздік. Ол үш кезеңнен тұрды және 1 наурыздан 30 сәуірге дейін өтті. Барлығы 50-ден астам жұмыс келіп түсті, олардың басым бөлігі – кесенелердің макеттері. Сондай-ақ, табиғи ескерткіштер де болды. Мысалы, Шайтанкөл. Оқушылардың туған өлкенің археологиялық ескерткіштерін жақсы білетіндері бізді қуантты», – дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Бас жүлдені №12 орта мектептің 11 сынып оқушылары Күнсұлу Иманжүсіп пен Аякөз Хұлыбай «Құнанбай қажы мешіті» макеті үшін алды.

Жоғары жас тобында бірінші орынды Е. А. Букетов атындағы мектептің 9-сынып оқушылары Александр Федоров пен Әсел Тәжиева иеленді. Олардың жұмысы – «Қазақстандық пирамида» деп аталды.

 

 

Кіші жас тобында №62 мектептің 5 сынып оқушылары Дәрия Марғұлан мен Алуа Нұрлыбаева «Тәттімбет кесенесі» макетімен бірінші орын иеленді.

– Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты Қарағанды облысының тұрғындарын еліміздің маңызды ескерткіштерінің бірі – Тәттімбет Қазанғапұлы кесенесімен таныстыру болды. Осындай жобаларға қатыса отырып, біз тарихи ескерткіштерді сақтау ісіне өз үлесімізді қосамыз, – деп атап өтті Дәрия Марғұлан.

 

 

 

                                                                                                                                                 Жомарт Шаймұрат