Киіктердің үстірт популяциясын сақтау жолдары ұсынылды

Қарағанды қаласындағы «Жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу орталығы» қоғамдық қоры Германияның NABU табиғатты қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау одағының қаржылай қолдауымен «Киіктердің үстірт популяциясын сақтау бойынша жергілікті қоғамдастықтарды жұмылдыру» жобасын жүзеге асыруды бастады. Ал ұйымдастырушылық және сарапшылық қолдауды «Қарағанды облысының экологиялық мұражайы» қоғамдық бірлестігі және «Қолдау-Қазақстан» коммерциялық емес холдингі өз мойнына алып отыр. Бұл туралы жоба үйлестірушісі Әділбек Қозыбақов айтып берді.

Елімізде ақбөкеннің үш түрі мекендейді, атап айтқанда — бетпақдала, орал және үстірт популяциялары. Осыдан үш жыл бұрын бетпақдалада мекендейтін ақбөкендер жаппай қырылғандығы белгілі. Ол кезде мамандардың есебі бойынша 90 пайызы қырылған деседі. Бұл ретте қоғам ендігі жерде ең алдымен ақбөкеннің осы популяциясын сақтап қалу үшін жауапты органдар барын салады деген сенімде.

— Ақбөкеннің саны осыншама азайып кеткеніне қарамастан, бетпақдала популяциясы саны Үстірттегіне қарағанда әлдеқайда баршылық. Ал үстірт популяциясы толықтай жойылып кету қаупі жоғары. Мәселен, 2016-2017 жылдары саны 1900-2700 аралығында болған киіктер саны 1980 жылдардың соңында 250-270 мың басты құраған болатын, яғни бүгінде 99% жоғалды деуге негіз бар. Бір кездері кейбір есеп бойынша Үстірттегі киіктер жарты миллионға дейін болған, – деп бастады өз әңгімесін биолог-сарапшы Әділбек Қозыбақов.

Аталмыш жоба алдымен Ақтөбе облысының Байғанин және Шалқар аудандарынан бастау алып, кейінгі уақытта Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жалғасын таппақ, яғни киіктердің үстірт популяциясының Қазақстан аумағындағы миграция жолдары қамтылады.

 Ежелгі дәстүрге сәйкес, революцияға дейінгі уақытта жайылымдық жерлері болған қазақ халқы өздері тұрып жатқан аумақта мал жаюмен қатар жабайы жануарларды аулаумен де айналысқан. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Еліміздегі қолданылып келе жатқан табиғатты қорғау механизмдері киіктердің үстірт популяциясының санын бұрынғы қалпына келтіретіндей оң нәтижесін берер емес. Сол себепті қазіргі уақытта бұрынғы дәстүрді қайта «ояту» қажеттігі туындап отыр. Яғни туған өлкенің табиғатын, киіктерді сақтап қалу жауапкершілігін артуды мал өсірушілер мен аң аулаушыларға жүктеуіміз қажет», — деген пікірде Әділбек Қозыбақов.

Жобаны ұйымдастырушылар тауешкі, бұрамамүйізді теке (мархур), арқар, қоңыр аю және қар барысы сияқты жойылып бара жатқан жануарлардың түрлерін қорғауға ауыл тұрғындарын тартып отырған Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің тәжірибелеріне сүйеніп отыр. Бұл туралы NABU биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық сарапшысы Штефан Михель сөз қозғады.

Айта кету керек Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің шалғайда тұратын тұрғындары браконьерлерге тойтарыс беріп келеді. Бір қызығы, кезінде өздері браконьер болған ауыл тұрғындары енді жануарлар әлемін қаскөйлерден қорғауға мықтап бел буған.

Тауешкілер, текелер және арқарлар саны бірнеше есеге артқан тұста, жергілікті қауым кейбір жануарларға аңға шығуға рұқсат берілген квоталарды ала бастады. Сонымен қатар, бөлінетін квотаның бір бөлігі мыңдаған доллар және евроға шетелдік аңшыларға үлестіріледі. Ал бұдан түсетін кірістер күзет қызметінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге жұмсалады. Әділбек Қозыбақов мұнайгаз саласында дағдарыстың бар екендігін ескере келе, Қазақстан үшін мемлекеттік бюджеттен субсидияны қажет етпейтін осы тәжірибеге сүйенген дұрыс деген пікірде.

Бір жылға есептелген жаңа жобаның бюджеті 20 мың евроны құрайды. Ал болашақта қаржының көлемі арта түссе деген тілек тағы бар. Жалпы көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін миллиондаған еуро қажет, оның жартысынан көбі бағдарламаның Қазақстанда жүзеге асырылуына жұмсалмақ. Ал қаржы көздерін табуға NABU ұйымынан бөлек, SCA (Saiga Conservation Alliance – ақбөкендерді сақтау Альянсы), Біріккен ұлттар ұйымының қоршаған ортаны қорғау бойынша UNEP бағдарламасы және тағы басқа әлемге танылып үлгерген табиғатты қорғау ұйымдары қол ұшын созады деген үміт жоқ емес. Осылайша бұл бастамалар экология және ауылдардың экономикасын нығайтуға деген қайтарымсыз ірі инвестиция болмақ.

 

2015 жылдан бері NABU Еуразия бойынша халықаралық тобының жетекшісі Тильман Дитерих мен сарапшы Штефан Михель Ақтөбенің Байғанин және Шалқар аудандарының тұрғындарымен бірнеше рет кездесу өткізген.

Ал өткен жылдан бастап Ақтөбе өңірін аралауды қолға алған еліміздің сарапшыларына қолдау көрсетуге Қырғыз елінен Заирбек Кубанычбеков деген белсенді қызығушылық танытқан көрінеді. Ауыл тұрғындары тарапынан қойылған барлық сұрақтарға тұшымды жауаптар берілген және олардың ақбөкендерді сақтап қалу үшін экономикалық және экологиялық тұрғыдан  ұзақмерзімді тиімді тұстары кеңінен түсіндірілген.

 

Нәтижесінде, 2017 жылдың күзінде Байғанин ауданында жергілікті тұрғындардан құралған бастамашыл топ «Дала табиғаты» қоғамдық бірлестігін құрған. Бұдан былай еріктілер киіктермен қатар табиғатты қорғау шараларына белсенді араласпақ. Айта кету керек, өз жұмысын бастағанына көп уақыт бола қоймаған бірлестік өзінің қатарына жаңа мүшелерді қабылдауға әрдайым дайын екендігін жеткізді.

 

Жоба үйлестірушісінің айтуынша, бұл бастама ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен NABU арасындағы табиғатты қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумда көрсетілген талаптарға толықтай сай келеді. Ақтөбе облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, табиғат қорғау полициясы және т.б. уәкілетті органдармен байланыс орнаған. Сонымен қатар жоба «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы тарапынан да қолдау тапқан.

Алайда барлығы біз ойлағандай оңай шаруа болмай тұр. Байғанин ауданының басшылығы туған өлкенің табиғатын қорғау шараларына белсенді қатысуға ниет білдірген ауыл тұрғындарына қолдау көрсетсе екен дейміз. Еліміздегі табиғатты қорғау жөніндегі ең ірі үкіметтік емес үйым, яғни Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының басшылығына бізбен бірге жұмыс жасауға ниет білдірсе деген ұсынысымыз бар. Халықаралық деңгейде танылып үлгерген осындай ірі ұйым мұндай мәселелерден айналып өтпей, хабардар болғанын қалаймыз, — деп үміттенді жоба үйлестірушісі.

Оның айтуынша, «Дала табиғаты» қоғамдық бірлестігі аңшылық алқаптарын бекіту бойынша конкурстарға қатысып, өз аңшылық шаруашылықтарының болуын қалайды.

— Аңшылық шаруашылықтар киіктерді қорғау кезінде техникалық және материалдық мүмкіндіктері болады. Атап айтқанда, біз оларға бинокльдер, дүрбілер, фотокамералар, GPS, жанар-жағармай материалдарын және т.б. беруге дайынбыз. Шаруашылықтарды құру айтарлықтай қиындық туғызбайды, себебі бұл жұмыстарға алдымен жергілікті қоғамдық бірлестіктер тартылмақ. Нәтижесінде ауыл тұрғындарына браконьерлерді ұстау құқығы беріліп, қылмыстың немесе құқықбұзушылықтың алдын-алуға үлес қосқандарға сыйақы қарастырылмақ», — деп қорытындылады өз сөзін Әділбек Қозыбақов.      

 

 

 

Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы