Киім тігуді қашан үйренеміз?

Сонау 1990-шы жылдармен салыстырғанда Қазақстан нарығындағы  тапшылық келмеске кеткен. Базардан да, дүкеннен де іздегеніңді  ешқандай қиналмастан тауып аласың. Бәрі бар. Тамақтың да, азық-түліктің де, киім-кешектің де түр-түрін оп-оңай табасыз.  Керемет емес пе? Қазақстан нарығын Қытай мен Түркия тауарлары аста-төк қамтамасыз етуде.

Арасында бірлі-жарым Ресей, Беларус, Өзбекстан мен Қырғызстан тауарларын кездестіруге болады. Баршылыққа, молшылыққа не жетсін! Өкінішке орай сол тауарлардың арасынан Қазақстанда өндірілген бірде-бір тауарды таба алмайсыз. Ширек ғасырда елімізде костюм шалбар, пальто,тон,  көйлек, іш киімдер, шұлық, бас киімдер,аяқ киімдер,балар киімдерін тігетін ірі  фабрикалар ашылмапты. Әрине ұсақ цехтар бар шығар, жалпы нарықты толықтай қамтитын ірі-ірі киім фабрикалары ашылғанын естімеппіз. Өткен жылы Елбасымыз белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұловты «Меga» сауда кешендерінің желісін республика бойынша ашқаны үшін өзгелерге үлгі ретінде мақтады. Дұрыс-ақ, жарқыраған сауда орталықтарының көп болғаны жаман емес шығар…

Алайда, хан сарайындай қаптаған сауда үйлерінің қалтасы таяз қарпайым қазаққа пайдасы шамалы екенін түсіну қиын емес. Дегенмен де , еліміздің ірі-ірі қалаларында осы Смағұлов сияқты мүйізі қарағайдай  бизнесмендер киім-кешектің түр-түрін тігетін заманауи фабрикалар мен текстиль цехтарын ашып, еліміздің экономикасының осы бір ақсап жатқан саласына қан жүгіртсе нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде мемлекеттің қолдауымен бизнестерін дөңгелетіп, бүгінгі таңда «Forbes» журналындағы әлемдік рейтинг көшінің тізімінде тұрған ауқатты азаматтар ұлтық намысты бірінші кезекке қойып, еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласын аяғынан тік тұрызатын кез келген сияқты. Бәрін мемлекетке, үкіметке, бюджет қаржысына  ысыра салмай, ірі бизнесмендерді отандық өндіріс орындарын ашуға міндеттейтін арнаулы заңнамалар жасайтын уақыт келді. Міне, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін үйреншікті ұраншылдықтан аулақ болуымыз шарт. Бірінші кезекте еліміздің ірі қалаларында отандық зауытттар мен фабрикаларды жоспарлы түрде салып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек.

Сонда елдегі әлеуметтік мәселелердің шешімі де оңай табылады. Мемлекет қоржынына да салық молынан түседі. Ең бастысы – қарапайым халықтың негізгі бейтарап бөлігі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал, шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген азаматтарға да үкімет тарапынан жеңілдіктер жасауды жалғастыру қажет. Мәселен, киім тігетін фабрикалар мен цехтардың әлемдік деңгейде болуы үшін, мамандарды әлемдік, заманауи бренд киім-кешектер тігетін фабрикаларға жіберіп, курстарда оқытып алуды дәстүрге айналдырған жөн. Италия, Түркия, Германия, Қытай,.Еуропа мемлекеттерінде өндірілетін бренд киімдерді Қазақстанда шығаратын, қазіргі заманға лайықты талаптардың бәріне сай цехтар мен фабрикаларды тездетіп ашатын кез келді. Бұл жауапкершілігі мол жүкті жоғарыда аталған, ірі бизнесмендердің есебінен жүзеге асыруға болады.

Ол үшін әрине, үкіметтің нақты тапсырмасы қажет-ақ. Егер сондай бастама болса, қалталы азаматтардың қолдайтынына сенімдімін…Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақытта капиталдарын еселеп көбейткен сарыбайлар мен қарабайлардың мемлекетке, сол мемлекетке аты берілген титулды ұлтқа (қазаққа)  және өзге ұлт өкілдеріне, бір сөзбен айтқанда, қарапайым  халыққа қызмет көрсететін кезі келді.

Шетел асқан орасан зор қаражатты елге қайтару туралы жуықта Елбасы қалталы азаматтарға нақты тапсырмалар бергені белгілі. Ендеше солардың,  алдағы уақытта отандық өндіріс ошақтарын көптеп ашып, ел экономикасының локомотиві болуына сенгіміз келеді.

Жаңабек Тойбазаров