КИІНУ ЭТИКАСЫ
Хәкім Абай: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек — дұрыс іс…[1]»,-дейді. Шындығында, адамның үстіндегі киімі көп нәрседен хабар береді. Киім адамның мінезін, қала берсе ішкі жан дүниесін де көрсетеді. Құран Кәрімдегі: «Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы…[2]» деген аятта киімнің екі басты функциясы айтылуда, ол: киім ар-ұят және иманының өлшемі. Аят тәпсірінде «тақуалық киімді» дегенді иман және ізгі амал деп түсіндірген. Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек дегендей Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да киімді – иманға теңеп айтқан сөзі біраз нәрсені аңғартада түседі. Бір күні көрген түсін сахабаларға әңгімелеп отырған Алла елшісі (с.ғ.с.) киімдері әртүрлі ұзындықтағы адамдарды айта келе, Омардың киімінің етек-жеңі шұбатылған ұзын екенін айтады. Тыңдап тұрған жұрт бұл түсін қалай жорығанын сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имандылыққа жорығанын айтқан екен. Ендеше, киім киюде нені ескерген жөн, соны талқылап көрелік. 1. Алтын мен жібек. Ер кісі жібек матадан киім киюі және алтын бұйым тағуына қатаң тиым салынады. Хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) алтынды оң қолына, ал жібек матаны сол қолына ұстап тұрып: «Расында, мынау екеуі менің үмбетімнің ер азаматтарына харам, тиым етілген[3]»,-деген. Бүгінгі таңда, дәрігерлер алтын тағу әйелдің бала туу қабілетін жоғарылататындығын, ал ер адамның бала тудыру мүмкіндігін төмендететіндігін дәлелдеп отыр. Міне, бұл алтын ер азаматқа не үшін тиым етілгенінің көптен бір себебі. 2. Жынысына тән ерекшелікті сақтау. Хадисте: «Алла Тағала ер кісілерден қызтекелерді, ал әйелдерден еркекшораларды лағнет еткен[4]»,-делінген. Сонымен бірге, Бұхариде: «Алла Тағала әйелдің киімін киген еркекті және еркектің киімін киген әйелді лағынет етті[5]»,-деген хадис бар. Еркектің әйелше сылануы, ал әйелдердің еркекше киінуі бүгінгі батыс қоғамына жат емес. Әрине, мұны әркімнің жеке құқығы, өз таңдауы деп түсіндіруге тырысады. Жеке өмірі, оған қол сұғуға болмайды деп жатады. Алайда, жаппай тенденцияға айналуы қоғамға кері әсері тиетіндігі белгілі. Демек, киім киюде белгілі дәрежеде қоғаммен санасқан жөн. 3. Оң жақтан бастау. Хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) әрбір нәрседе, аяқ киім киюде, көлікке мінуде және дәрет алуда оң жақтан бастағанды ұнататын[6]». Іс оңынан болу үшін әрбір қимыл-әрекетті оңынан бастаған абзал. 4.Тілек айту. Жаңа киім кешек, аяқ киім немесе бас киім алғанда дұға-тілек айтқан жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһуммә ләкәл хамду Әнтә кәсәутәни, әсәлукә хойроһу уә хойро мә суниъә ләһу, уә әъузу бикә мин шәрриһи уә шәрри мә суниъә ләһ[7]»,-деп дұға жасайтын. Мағынасы: «Уа, Алла! Барлық мақтау Саған тән. Сен мені киіндірдің. Сенен бұл киімнің жақсылығын және не үшін тігілген болса соның жақсылығын сұраймын. Әрі бұл киімнің жамандығынан және тігілу себебінің жамандығынан сақтауыңды сұраймын». Демек, киім жай ғана кісіге көрік беретін шүберек емес. Оның белгілі дәрежеде адамның кім екенін көрсететін маңызға ие. Көбінесе, адамның киіміне баға беріп, қалғанын ұмыт қалдырып жатамыз. Десе де, киім арқылы адамның адамгершілігіне баға берілетіндігін қаперімізден шығармайық.
Руслан ҚАМБАРОВ, исламтанушы