Киіз басу өнері неге жойылып барады?
Бала кезімде «пәлен үйде киіз басып жатыр» десе, қуана сонда жүгіретін едік. Ауыл баласы үшін киіз басу кішігірім той іспетті. Кәдімгі асар әдісімен ауылдың қыз-келіншектері, апа-әжелері мен ер-азаматтары да белсене кірісетін. Ерлер жағы су қайнатса, келіндер үлкен қазанға ас әзірлейтін, ал апа-әжелер шын көңілдерімен өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл күйлерін көрсетіп, киіздің ою-өрнегін салатын. Шындығында, киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақырғандай. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді. Ал қазір…
Қазір киіз басу дәстүрі жоғалып барады. Қала халқы тұрмақ, бұған ауылдағылар да үрке қарайтын хәлге жетті. Шамамен, 90-жылдардың бел ортасында ұлттық өнердің бұл түрі ұмыт бола бастады. Текемет төселген үйді көрсек, тіксіне қарайтын болдық. Осыған қарап, киіз басу өнері мүлдем жойылып кете ме деген күдік те жоқ емес.
Жылына екі рет малдың жүнін қырыққан ауылдықтар оны қайда жіберерін білмей, өртей бастады. Бұрынғыдай жүнді тазалап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын әжелер де жоқтың қасы.
Ата-бабамыз бар ғұмырын төрт түлік малға арнап, сонымен жан бақты. Терісінен шалбар, тон, кеудеше, ішік тіксе, жүнін иіріп, төсеніш, текемет, тұскиіз, сырмақ, бөстек, аяққап, кебеже, байпақ секілді дүниелерді жасап, қажетіне жарата білген қазақ халқының шеберлігіне таңғалмау мүмкін емес. Әйтеуір, қолда барды ұқсатып, игерудің жолын іздестіріп, насихаттап, өнері өрге жетелеген шеберлеріміз жоғалып кетпесе екен…
Э. Мықтыбаева