Әкім Бақыт Сұлтанов 417 елордалық отбасыға баспана кілтін табыстады
Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов баспана кезегінде тұрған елордалықтарға пәтер кілттерін табыстады. Олардың қатарында 24 көпбалалы отбасы бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан халқының бірлігі күні елордада «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу», «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй» бағыттары аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысымен А 98 к-сі және Е 496 к-сі мекенжайлары бойынша жаңа көпқабатты тұрғын үй кешендері (МТЖ) салынды.
Үйлі болғандардың ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдері, көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі нарықтық бағадан әлдеқайда төмен және 180 мың теңгені құрайды. Мердігерлері — «Эдем» ЖШС, «КазСтройПодряд» ЖШС
— «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру арқасында 417 отбасы баспаналы болды. Баршаңызды көптен күткен және айтулы оқиғамен құттықтаймын. Сіздердің үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік, келісім және амандық үстемдік етсін! — деді Б.Сұлтанов.
Салтанатты рәсімнен кейін Бақыт Сұлтанов жаңа ТК ауласына ағаш отырғызды.
Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ауданы 141,8 мың шаршы метр 1,9 мың пәтерден астам жеті МЖК пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте демографиялық процестер мен көші-қон ағындарын ескере отырып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны ұлғаюда. Бүгінгі таңда елордада 45 748 адам баспана кезегінде тұр.