Кім бай..?!
Баяғыда бір бай адам баласына адамдардың қаншалықты кедей болатынын көрсету үшін өте кедей адамның фермасына ертіп апарыпты.
Олар сол жерде бір күн, бір түнін өткізіп, үйлеріне қайтыпты. Үйіне жеткенде әкесі баласын жанына отырғызып:
— Қалай, саяхат ұнады ма? — деп сұрапты.
— Иә, керемет өтті! — депті баласы.
— Сен адамдардың қаншалықты дәрежеде кедей болатынын көрдің бе?
— Иә, әке.
— Сен одан не ұқтың?
— Бізде бір ғана ит бар, ал оларда төрт ит бар екенін көрдім. Бізде айналасы қоршалған бақша бар, ал оларда кеңдігі көкжиекке жететін орман бар. Біздің бақшаның ортасында бассейн бар, ал оларда шет-шегі жоқ көл бар. Тағы да байқағаным, біз бақшаны жарық ету үшін лампаларды қолданамыз, ал олардың бақшасын сансыз жұлдыздар жарық етіп тұрады.
Әкесі баласының жауабын естіп, сөйлеуге сөз таба алмай қалды.
— Сондай бай адамдардың бар екенін көрсеткеніңе рақмет, әкешім! — депті баласы…