КІМ БАЙ?
Тағы бір тәмсіл әңгіме:
Бір бай адам баласын ертіп алыстағы ауылдарды аралайды. Оның мақсаты алыс-қиырдағы ауылдарда тұратын адамдардың тұрмыс-тіршілігінің төмен екендігін, олардың кедей де жеткіліксіз өмір сүретіндігін ұлына көрсетпек болса керек. Сонымен ауыл аралап жүріп кеш болып кеткендіктен шынымен де өте бір кедей адамның үйіне қонады. Ертеңінде қаладағы үйіне қайтар жолда әкесі мен баласының арасында төмендегідей әңгіме болған екен:
«Балам жол жүру саған ұнады ма?»
«Иә әке, өте ұнады»
«Кедейлік дегеннің қандай екендігін көрген шығарсың?»
«Көрдім әке!»
«Олай болса сен бұл сапардан көрген білгендеріңнен қандай қорытынды жасадың?»
«Біздің үйде жалғыз ит бар, оның өзін ұстайтын жер жоқ болғандықтан үйдің ішінде бізбен бірге болады. Ал ол үйде 4 иті бар екен. Біздің үйде еркін жүгіріп жүре алмайтын болсақ, ол үйдің баласы екеуіміз қалағанымызша шалғында аунап, асыр салдық. Біз саяжайда құбырмен су алып бақшамызды суаратын болсақ, ол үйдің жанында неше жүз шақырымға жететін үлкен өзен ағып жатыр екен. Біздің аулада электр жарығы жанып тұратын болса, олардың аспанында ай мен жұлдыз жарқырап тұр екен. Біздің балкон үйдің бір жақ қабырғасында ғана орналасқан болса ол үйдің терезесінің алды көкжиекке дейін созылып жатады екен.»
Ұлының айтып отырған сөзін таңқала тыңдап отырған әкесі ештеме дей алмады.
Ең соңында ұлы « Үйде қаншалықты кедей тұратынымызды көрсетіп бергеніңіз үшін Әке сізге рахмет!» депті.
А.Т