Кім кімді кімнен қорғап отыр?
Басқыншылық синдромына талдау жасап көрсек, оның нағыз асқынған үлгісі Ресей, Америка, Еуропалық мемлекеттерден бастау алады. Бірақ, бір ғажабы, өзгелер емес, дәл солардың өзі өмір бойы ұлтшылдықпен, фашизммен «күресіп келеді». Мәселен, Ресейден бөлінуге тырысқанның бәрі «фашист», өз Отанында отырып, өзгенің тілінде сөйлемей, өз тілінде сөйлеуге тырысқанның бәрі «ұлтшыл», бірақ өзгелерге өз жерінде отырып, орысша сөйлетуге мәжбүрлеген орыстар ғана «ұлтшыл емес», өзгенің өзінен тәуелсіз өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін Ресей ғана фашист емес. Сонда қалай?
Қайбір әскери қуаты күшті елдердің қазақтың жерін өз жеріндей жайлауы Қазақстан секілді мұнайлы елге анталап отырған басқа алпауыттардың жемсауынан қорғануға себі тиеді деп өзімізді жұбатармыз, бірақ оның қосындысын шығарғанда: бір алпауыттың жемсауынан қорғану үшін екінші бір алпауыттың жемсауын тойдыру формуласы шығады. Бұл формуланың басы баяғы өткен замандағы Абылай ханның қысылтаяңда ұстанған саясаты еді, әлі сол саясат… «Сені қорғап отырған орыс, сен соны білемісің?» деген пікір әлі сол қалпы. Дәл бір мені жаудан қорғап отырған қандыкөйлек досым секілді ғып айтады оны… Ал, жарайды, қорғап отыр делік. Сонда не үшін? Және кімнен? Сондағы алатын жауабым орыс қазақты Америкадан, Қытайдан қорғап отыр екен. Ал маған, яғни қазақ үшін Ресей қазақты Американың басқыншылығынан қорғай ма, әлде Америка қазақты Ресейдің басқыншылығынан қорғай ма, бәрібір емес пе?
Кім кімді кімнен, не үшін қорғап отыр сонда?
Ал менен біреу ұлтыңды кімнен қорғағың келеді деп сұраса, мен осы әлемде қазақ деп аталатын ұлтымды жер бетінен құртып-жоюға, аздырып-тоздырып, қаңғыртып жіберуге, ұлттық намысын аяусыз таптап, мәңгүрттендіруге, өзара қырқыстырып, жатқа талатуға ең көп үлес қосқан ұлттан елімді қорғар едім деп жауап берер едім. Енді, өзіңіз іштей есептей беріңіз. Демек, Ресей Қазақстандағы өзін қорғап отыр. Менің жерімдегі өзінің мүддесін қорғап отыр.
***
Алпауыттардың Қазақстанға келуге, келгендердің тұрақтап қалуға, тұрақтап қалғандардың мүлдем кетпеуге деген құлшынысының соншалықты зор болуының өзі Қазақ елінің солардың алдына өзінің мемлекеттік, ұлттық мүддесін алып шығуға және орындатуға беріліп отырған үлкен мүмкіндік емес пе? Келдің бе, менің тілімді үйрен, менің мүддеме қисық келме, сонда біргеміз де! Ақыры, қазақтың теңдессіз жер байлығы, тағы басқалары оларға қажет пе, қажет, демек, олар біздің ұлттық мүдделерімізге, шарттарымызға келісуге тиісті. Ал біз ше? Жоқ, біз өйтпейміз! Кім келсе де, біздің тілімізді олар емес, біз олардың тілін үйреніп қарсы аламыз. Бәрінен де қорқыныштысы, осылайша қалыптасып жатқан жас ұрпақтың тарихи санасы, елдік рухы ертең қалай қалыптаспақ? Есесіне, үстемдік етуге үйренген ұлттардың империялық рухы күшейген үстіне күшейе бермей ме?
Мемлекеттің өзі әлсіз болса, жері әлемдегі ең құнарлы жер болса, демек, ондай елге анталаушылардың көп болатыны сөзсіз. Бірақ, бодан болған кезімізде мәжбүр боппыз, енді өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, өзгеде жоқ, бізде бар байлықты неге өз мүддеміз үшін саудаламасқа? Байлығымызды өзгенің қолына беріп қоямыз, бір деңіз, оның тілін үйренеміз, екі деңіз, олардың бізде өмір сүруіне мейлінше оңтайлы жағдай жасау арқылы өзімізге қиындықтарды көбейтеміз, үш деңіз, әрі қарай санағың да келмейді…
Ақсұңқар Ақынбаба