«КИМЕШЕК ШЕРУІ»
1 қазан – қарттар күніне орай аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының бастамасымен бүгін «Дәстүрге жол» жобасы аясында аудан орталығында «Кимешек шеруі» атты іс-шара өтті. Аудандық Мәдениет үйінің алдында жиналған ақ жаулықтылар халық әндерінен шашу шашып, қазақтың ұлттық билерін орындап көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, Қордай, Кенен, Сарыбұлақ, Әлжан ана, Қаракемер ауылдық аналар алқаларының мүшелері ұлттық нақыштағы жәдігерлер көрмесін ұйымдастырды. Мұнда жұртшылықтың назарына аналардың қолынан шыққан құрақ көрпелер, моншақталған «Махаббат» көрпесі, киіз, текемет, ұлттық ыдыстың түрлері ұсынылды. Шара барысында асыл әжелеріміз ұршық иіру, жүн түту, киіз басу сынды дәстүрлерімізді көрсетті.
Ұлттық салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен шеру «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінде жалғасын тапты. Аудандық Мәдениет үйі алдынан бастап орталық алаң арқылы колледжге дейін жаяу жүріп өткен көрегенді әжелер оқу орнының алдында жастармен кездесіп, шараның мақсатын түсіндіріп, оның жас ұрпаққа берер тағлымына тоқталып өтті.
Осыдан кейін шеруге қатысушылар №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне барды. Мұнда мектеп оқушыларына қазақтың ұлттық бас киімдерінің тарихы кеңінен баяндалып, кимешектің киесі жайлы әңгіме өрбітілді. Іс-шараның соңында қазыналы қарттарымыз бен білім ордасының оқушылары естелікке суретке түсті.
Қордай ауданының әкімдігі