КИМЕШЕКТІ қай кезден бастап кию керектігін білесіз бе?

Мұны біріміз білсек, екіншіміздің білмейтініміз жасырын емес.

Бүгінде кимешектің не екенін білмейтіндер де арамызда жоқ емес. Сондықтан да алдымен кимешектің не екенін анықтап алсақ. Кимешек дегеніміз не? Кимешек – қазақ әйелдеріне ғана тән қасиетті бас киім. Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Оның тігілуі, әшекейі, түсі терең мағынаны айшықтайды. Кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білуге болады. Кимешектегі бояуы ашық түсті, оюының жылтырағы көп болса, онда жас келін екенін аңғарасыз, ал егер оюы аздау, тігісі жұқа жіппен тігілсе, онда пайым-парасаты жоғары, көпті көрген ел анасы деп білсеңіз болады. Қазақ үшін киелі саналған кимешекті киюдің де өз орны мен жоралғысы бар.

Кимешекті қай кезден бастап кию керек?

Жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол басына әдемі орамалын орап, келіндік міндетін мінсіз атқаруға кіріседі. Ал құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысын-ажындары жиналып, кішігірім той жасайды. Сол қуанышты кеште жас анаға «Сен де ана болдың», «Елдің анасы бол», «Ізетті, саналы ұрпақ тәрбиеле» деген тілекпен, алдын ала кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Егер жас ананың қолынан іс тігу келсе, өзінің талғамына сай тігіп алуға болады. Егер ондай іске икемі келмей, қыры болмаса, енесі немесе үлкен апалары ақ ниет, адал көңілмен кимешек тігуді қолға алады. Көргені мен көкейге түйгені көп енелер көбінесе бәйтеректей жайқалған, ұрпағы өсіп-өнген әжелерге тіктіруге ниеттенеді. Кимешек киген ана келінге жиналған қауым ізгі тілектерін білдіріп, бата беріп, көрімдік ұстатады. Ал кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлайды. Жас келіннің енесі осындай абыройлы істі жасаған абысынға арнайы сый беріп, қошемет көрсетеді.

Кимешектегі кестеге қарап әйелдің жасын білуге болады

Мәселен, жас келiншектер неғұрлым көркем айшықты өрнектермен тігілген қызыл, жасылмен көркемделген кимешекті таңдайды. Ал егде әйелдердің кимешектері онша әшекейленбейдi. Ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдердiң киелі киіміне жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiледi. 30 жастан асқан әйелдер күмiс теңгелер мен моншақты кимешекті кимеген.

Кимешектің денсаулыққа да пайдасы зор

Қалай дейсіз бе? Кимешек киген келіннің басы, омырауы жылы жүреді. Басына, шашына шаң-тозаң түспейді, сыртқы жағымсыздықтан сақтанады. Шашы қобырап, бала емізгенде көзіне түспейді, ас үйде тамақ ішіне кірмейді. Кимешектің денсаулыққа да, тазалыққа да пайдасы орасан. Аналарымыздың көпшілігі тігін шеберіне кимешекті алдын-ала тіктіріп, сандық түбіне салатын көрінеді. Бұл дайындығы қызының отау құрған соң, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілегеннен шықса керек. Кейбір аналар көнекөз қариялардың кимешектерін ырымдап әдейі сұрап алады. Кимешек – жас анаға абырой, бедел сыйлайды. Отбасының ұйытқысы, отағасының тілекшісі болатын кез келген әйел басына орамал орайды. Орамалды келіншектің тұтандыратын оты, тербететін бесігі, қорғайтын қамқоршысы барын, адал жар, аяулы ана екенін айтпай-ақ аңғаруға болады.

 

Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ