Кіндікте қандай қасиет бар?

Қазақта «кіндігінен байланған» деген сөз бар. Алайда сол сөздің мәнісіне көбіміз түсіне бермейміз.
Қазақ үшін кіндік өте қастерлі ұғым болатын. Шақалақ қыздың кіндігін «Отбасының ұйытқысы болсын! Отбасының алтын қазығы болсын! Отына ие болсын!» деп ошақ қасына, от басына көмген. Кішкентай ұл нәрестенің кіндігін «Кіндігі туған жерге байлансын. Туған босағасына, қара шаңыраққа ие болсын» деп үйдің табалдырығына көмген.
Кіндік пен адамның арасында көзге көрінбейтін бір нәзік байланыс бар. Кіндігі туған жерге байланған адам туған елінен, туған жерінен жырақтап алыстауы мүмкін емес. Себебі, туған үй босағасына байланған кіндігі өзіне тартып тұрады.
Осыншама ұланғайыр жерді ата-бабамыз, ат төбеліндей аз қазақ қалай қорғап қалды дейсіз? Қолында жөні түзу қаруы да, жер қайысқан қалың қолы да жоқ. Бірақ ата-бабамыз туған жерін қорғап қалу үшін қолындағы найза-садағымен-ақ жан аямай соғыс салды. Ата мекенінің бір қарысын да жауға берген жоқ. Өйткені оның кіндігі туған жерге мықтап байланған еді.
Ал Кеңес Одағы билеген 70 жылдан астам уақытта жаңа туған нәрестелердің кіндігі түспей, перзентханадан шығармайтын. «Неге олай?» деп бас қатырған ешқайсымыз жоқ. Ал нәрестенің түскен кіндігін ит жеді ме, мысық жеді ме? Оған тағы бас ауыртқан ешкім болған жоқ. Солай болуы тиістей көрінетін.
Қазақта «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін сөз бар. Қазір көп ер-азаматтар қарнының күйін күйттеп, тойған жерінде жүре беретін болды. Оған арланбайды да. Міне, нәрестенің кіндігін қастерлемей, ит-құсқа жегізгеннің салдары.
Зейнеп Ахметова.